Дубляж жобасын «Болашақ» корпоратив қоры, «Меломан» компаниясы, «Aray Media Group» студиясы мен демеуші BI Group құрылыс холдингі бірлесіп іске асырған.
«Аладдин» отбасылық фильмінің режиссеры — Гай Ричи, ал басты рольдерде Уилл Смит, Мена Массуд, Ноами Скотт, Марван Кензари ойнайды. Қазақша дубляждың режиссеры — Шах-Мұрат Ордабаев, аудармашысы — Әсел Мамырова, басты рольдерді Айсұлтан Жәлиев (Аладдин), Шехназа Қызыханова (Жасмин), Дәурен Серғазин (Жын), Нұрлан Әлімжанов (Джафар) сияқты актерлар дыбыстады. Ал фильмдегі Жасминнің әнін Динара Сұлтан орындады. Бұл саундтрек қазір ITunes-қа да шықты.
Актерлар «Аладдин» кейіпкерлерін қалай қазақша сөйлеткенін баспасөз мәслихатында айтып берді.
Бұл жобаны іске асыру үшін Алматы мен Нұр-Сұлтанда өнер адамдарын жұмылдырған үлкен кастинг өтті. Соның нәтижесінде Walt Disney Pictures-тің өзі дауыстарды бекітіп, мені Уилл Смит ойнайтын Жынның роліне таңдады. Бұл — өте қиын образдардың бірі. Себебі ол «Аладдинде» әнді де, рэпті де айтады, құбылмалы образ ретінде ойнайды. Сондықтан біраз қиналдық, бірақ кастингтен өткендіктен артылған жауапкершілікті режиссер мен команда арқылы жақсы атқарғандаймыз. Менде Уилл Смитке пародия жасап, ұқсауға тырысатын, шетелдік актерлармен жарысатын мақсат болған жоқ. Біздің мақсат — қазақ тілі. Бізден кейінгі ұрпақ қазақ тіліндегі фильмдерді көріп, сүйсініп, қазақша сөйлесе, керемет болар еді, — деді актер Дәурен Серғазин.
Қазақшаға аударылған фильмнің жабық көрсетілімін көппен бірге Алматы әкімі Бауыржан Байбек те тамашалады. Ол дубляжға мемлекет қаржысының жұмсалмауына ықпал еткен демеушілерге алғысын білдірді.
«Аладдин» — араб шаһарында кең тараған ертегілердің бірі. Оның сиқыры да, қызығы да бар. Бұл туындыны қазақшалап, насихаттау арқылы жастардың арасында қазақ тіліне деген сүйіспеншілік пен құрметті арттыруға үлес қосамыз деп ойлаймын. Қазір жастарымыз ағылшын, неміс, француз тілдерін терең меңгеріп жатыр. Бірақ біздің ойымызша, ана тілін білу бәрінен де маңызды. Сондықтан біз сегіз жыл бұрын «Болашақ» корпоратив қорын құрып, Голливуд блокбастерлерін қазақ тілінде дубляждауды жөн көрдік. Бүгінге дейін Голливудтың қазақшаланған 29 фильмін отандық кәсіпкерлер қолдады. Бұл — мемлекеттік емес ұйымның, жеке капиталдың жұмысы. «Аладдинді» қазақша сөйлеткен BI Group компаниясы былтыр үш фильмге дубляж жасауға қаражат бөлді. Биыл ол бес фильмді дубляждауға қаржылай көмектесті. Сондықтан бұл компанияға алғыс білдіремін. «Өзіңнен баста» жобасының аясында қаншама жаңа технологияны қолданып, халықаралық деңгейде қазақ тілінде дубляж жасап отырмыз. Осы арқылы үлкен тәжірибе жиналды. Болашақта теледидарда болсын, басқа да ақпарат құралдарында болсын осындай сапалы өнімдер артуы керек. Керемет, бай тілімізде сөйлейік. Бір-бірімізді демеп, қазақша киноны қолдап жүрейік, — деді Алматы әкімі Бауыржан Байбек.
«Өзіңнен баста» жобасының арқасында Қазақстанның 100-ден астам актерының дауысы Walt Disney Pictures қорына тіркелді. Қазақ тілі Walt Disney Pictures компаниясының жалпы дубляж қорындағы түріктен кейінгі екінші түркі тілі болып отыр.
2019 жылы «Өзіңнен баста» жобасының аясында Голливудтың барлығы 6 фильмін қазақша дыбыстау жоспарланған. Олар:
- «Дамбо» — 28 наурыз;
- «Аладдин» — 23 мамыр;
- «Ойыншықтар хикаясы» — маусым;
- «Арыстан Патша» — шілде;
- «Малефисента» — қазан;
- «Мұзды өлке 2» — қараша.