— Нұрлан мырза, сіз Қазақстан ІТ-компаниялар қауымдастығының президентісіз. Өзіңіз басқаратын қауымдастық нақты немен айналысады, мақсат-міндеттері қандай?

— Біздің қауымдастықтың негізі 2004 жылы қаланды. Бұл отанымыздағы IT-компаниялардың басын біріктірген алғашқы қауымдастық болып саналады. Бүгінгі күннің өзінде қауымдастықтың құрамында компаниялар саны өте көп емес. Шамамен алып қарасақ, 50-ге жуық компания тіркелген. Олардың ішіне жеке және мемлекеттік компаниялар кіреді. Сондай-ақ, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ сынды ірі отандық компаниялар да бар. Осы сында ақпараттық жүйелерді әзірлеу барысында жұмыс атқарып келе жатқан көптеген компаниялар кіреді. Қауымдастықтың міндеті  — ақпараттық технологиялар саласында қазақстандық және халықаралық, мемлекеттік және коммерциялық ұйымдардың арасында байланыстың дамуына көмектесу.

Сонымен қатар ақпараттық технологиялардың әлем нарығына қазақстандық бағдарламалық өнімдерін және жаңа зерттемелерді шығаруға жәрдемдесу секілді өзіндік міндеттеріміз бар.

— ІТ компаниялар қауымдастығы осы уақыт аралығында қандай жетістіктерге қол жеткізді?

— Өте күрделі сауал екен. Нақты бір жетістіктерді айту өте қиын. Себебі біз жалпы атмофераны, жалпы климатты қалыптастырамыз. Біздің басты мақсатымыздың бірі — IT саласының мүдделерін қорғау және лоббилендіру. Соған сәйкес, біз нормативтік құжаттарға және актілерге сараптамалық қорытындылар тағайындаймыз. Жалпы сараптамалық қорытындыларды тағайындау кезінде компаниялар бізбен кеңесіп жатады. Олар біздің орталыққа келіп өздерінің ойларын айтып, ұсыныстарын білдіріп отырады. Кейде біздің жұмыс тобымыз оларға барып ақпараттық технология саласындағы түрлі мәселерді талқылаймыз.

— «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында қызмет көрсетудегі отандық IT-компаниялардың үлесі қандай?

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасында айтылған тапсырмалар тек компанияның ғана емес, бұл еліміздің алдына қойылған басты тапсырма деп айтсақ болады. Бір жағынан, цифрландыру әлемде өткен жылдың 50 жылдары бастау алған. Тек ол кезде түрлі атаулармен аталып келді. Қазір технологияның қарыштап дамыған заманында бұл атауды түсіну оңайға түсіп отыр. Сол үшін де бізге «цифрландыру» термині тансық емес.

Ал бұрын XX ғасырдың екінші жартысында әлемде алғашқы аналогтық жүйе пайда болды. Қазір олардың бәрі артта қалып, теледидардың өзі толықтай цифрлық форматқа ауысу үдерісінде. Сондықтан бұл даму бағыты елімізге оң өзгерістер алып келеді. Оның үстіне, компаниялар ақпараттық технологияларды дамыту жұмыстарын жақсарту үстінде. Бұл негізінен ақпараттың дамыған заманында көп еңбекті қажет ететін сала деп айтсақ болады. Расымен, әлемнің сұранысына ие болу үшін цифрлық технологияларды меңгеруіміз керек. Онсыз ешқайда жылжи алмайсың. Біздің елімізде, ақпараттық технология басты назарда. Елбасымыздың бастамасымен «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы құрылды. Қазір барлық бағытта осы қарқында дамып келеді. Сонымен қатар осы салаға министр ретінде Асқар Жұмағалиев тағайындалды. Қазір барлық министрліктер аталған бағдарлама бойынша жұмыс күшін арттырып отыр. IT-мамандарға да сұраныс жиілігі артып келеді. Жалпы айтқанда IT саласын дамытпай, ақпараттық технологияны басқару мүмкін емес. Сондықтан елімізде IT-мамандар, IT саласы трендте деп айтсақ болады.

Елімізде IT-университет ашылғалы жатыр. Бұған пікіріңіз қандай, оның қаншалықты маңызы бар?

— Әрине, әсіресе заманауи университеттер біздің елімізге сөзсіз қажет. Айта кету керек, өткен жылдары еліміздегі білім саласы өте төмен түсіп кетті. Соның ішінде ақпараттық технологиялар бағыты да бар. Сырттан келетін мамандар тез өзгеретін жүйеге, талапқа толықтай сай келмей жатты. Осындай жағдайға қарамастан заманауи әрі қажетті ЖОО-нын құру – уақыт талабы. Біздің уақытта Алматы қаласында Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті және Қазақстан-Британ техникалық университеті пайда болды. Олар қазірдің өзінде мамандар даярлауда өте қарқынды жұмыс жасауда. Сонымен қатар Назарбаев Университеті де IT-мамандарды әзірлеу бойынша өте белсенді. Енді осындай ЖОО-ның қатарына тағы бір университет қосылып жатса оған тек қуанамыз.

— Бірнеше жылдар бұрын берген сұхбатыңызда «Бізге отандық және шетелдік ІТ мамандарға жағдай жасау керек» депсіз. Қазір сала мамандары үшін қандай жағдайлар қарастырылып жатыр?

— Қазір IT-мамандарға барынша жағдай жасалып келеді. Шет елден түрлі сарапшылар, осы саланың нағыз мамандары келіп тәжірибе алмасып жатыр. Сонымен бірге түрлі форум, конференция жиі ұйымдастырылады. Біздің отандық IT-мамандар барлық жағдайда жұмыс жасауға қауқарлы. Олардың білімі де, дәрежесі де жетеді. Тағы бір айта кететіні — стартап өкілдеріне де баса назар аударылып отыр. Ол үшін, Нұр-Сұлтанда Astana Hub халықаралық технопаркі ашылды. Енді жұмыстың қарқыны артып, мамандар тиісті дәрежеде өздеріне керек дүниелерді және ұсыныстарын бөлісе алады.

— IT-мамандардың сауаттылығын арттыруда, шетелдік IT саласының мамандарымен байланыс орнатудың маңызы қандай?

— Бұл сала тәжірибені көп керек ететін, еңбекті көп қажет ететін мамандық. Оның игеру үшін барлық елдің тәжірибесін оқу керек деп есептеймін. Қазір елімізден мамандар шет елдерге барып тәжірибе алмасып, барып-келіп жатыр. Мамандар қазіргі таңда Сингапур, Корея, Эстония, Англия елдерінің мамандарымен тәжірибе алмасып, оқып келді. Бұл салада әрине, байланыс орнатудың, олар мен бірге тәжірибе алмасудың маңызы зор.

— Ақпараттық технологиялар саласындағы әлемдік бәсекеге біздің ел қаншалықты дайын?

— Бәсекеге қабілетті болу – басты талаптың бірі. Ал бәсекеге қабілетті болу үшін барлық сұранысқа сай дүниені жасау керек. Тіпті әлемдік сұранысқа ие болатындай болу қажет. Ол үшін отандық IT-компанияларды қолдап, дамытуға атсалысқан жөн. Қазір, барлық сала IT-мамандарды қажет етеді. Сол себепті тапсырманы толықтай орындау алдағы күннің басты мәселесі. Иә, қазір елімізде шетелге шығып жүрген компаниялар бар. Бірақ, ол өте аз. Олардың қатары алдағы уақытта арта түседі деп ойлаймын.

— Эксперт ретінде айтыңызшы, бағдарлама қабылданғаннан бері халықтың цифрландыруға деген көзқарасы, сауаттылық деңгейі өзгерді ме?

— Цифрландыру туралы тақырып қозғалғанда, оны сауаттандыру жағы да қозғалады. Ал сауаттандыру жүргізілгеннен кейін халық әрине, тез үйреніп алады. Халықтың цифрландыруға деген көзқарасы өте жақсы деп ойлаймын. Халық қазір өте сауатты. Олар тез үйреніп келеді. Тіпті кейбір нағыз мамандарға қарағанда, қарапайым халық цифрлық технологияның тілін тез түсініп, біліп тұрады. Көбіне, ауылдық жерлерде сауаттандыруды үйрету керек дейді. Менің ойымша, олар өздері үйреніп алады. Оларға тек мүмкіндік беру керек. Одан кейінгісін өздері меңгеріп алады. Мен бұл бағытта ешқандай мәселені көріп тұрған жоқпын.

— Қазақстан ІТ компаниялар қауымдастығының алдағы жоспарлары қандай?

— Біздің басты мақсатымыз — IT саласының даму қарқынын арттыру, ІТ-компанияларға мүмкіндіктер беру. Біздің отандық компаниялар заман талабына сай жұмыс жасауына, олардың әлемдік деңгейге көтерілуіне жағдай туғызу. Алдағы уақытта тек осы жұмыстармен айналысу жалғаса береді. Тек бәсекеге қабілетті болу үшін еңбектенеміз!

Сұхбатыңызға рахмет!