Жылан қайыс — ертеректе қазақ даласында кең тараған салт. Бұл баланың жігіт болып, қолына қару ұстауға жарағанын білдіретін дәстүр болған. Кейін ұмытылып, кей аймақтарда өзінің бұрынғы мағынасын жоғалтып, мифологиялық жұрнақ ретінде сақталып қалды.
Жоралғы бала төрт жасқа толғанда жасалады. Бұл жасты қазақ салтында «қоян мүшел» деп атайды. Ұлдың әкесі мен сол ауылдың темірші ұстасы жоралғыны қай күні орындау керек екенін алдын ала келіседі. Белгіленген күні түс қайта ата-ана баланы ұстаханаға әкеледі. Қабырғаға әскери сауыт-сайман, қару-жарақ қояды.
Ұста үстіне жүннен тоқылған, жыланның терісіне ұқсас сұр шапан киеді. Ол балаға қарап, талтайып тұрады. Бала ұстаның аяғының астынан екі рет өтуі керек. Бірінші рет өткенде ата-ана балаға сауыт-сайман кигізеді. Екінші рет өткенде оның қолына қару-жарақ береді. Сосын ұста алақанын біраз уақыт оттың үстіне ұстап тұрады да, қыздырып алған соң баланың бетін сипайды. Кей кездері жоралғыны орындап болған соң ұл балаға басқа ат берілген.
Жоралғының мағынасын мәдениеттанушы, жазушы Зира Наурызбаева былай түсіндіреді:
Қазақ салт-дәстүрінде ұсталық қолөнер мен теміршінің өзінің үлкен сакрал мәні бар. Олар кейде сиқыршылық, шамандық қызметтерді де атқарып отырған. Ал баланы екі аяқтың ортасынан өткізу көп халықта адамның қайта тууымен байланысты. Мысалы, төре тұқымынан шыққан әйелді ауру кісінің үстінен аттатқызу немесе перзент тұрмаған әйелдің баласын кемпірлердің бұтынан өткізу сияқты ғұрыптарды айтуға болады. Жылан қайыс жоралғысында бала сакрал тұлғаның аяғының астынан өткен соң, символ жағынан ер жігіт ретінде қайта туады. Оған ата-анасы жаңадан ат қойса, ол баланың жаңа мәртебесін, жаңа болмысын білдіреді.