— Шахмат баланың ақыл-ой белсенділігін арттырады дейміз. Дәлірек тарқатып айтыңызшы, шахматтың балаға қандай пайдасы бар?
— Адамның миында миелин қабықшасы болады. Ол қабат-қабат болып түзіліп, көбейе береді. Математика есептерін алғаш шешкенде қиынға соғады. Бірақ бірте-бірте көп есеп шығарып, миыңызды жаттықтырасыз. Дәл осы кезде мидағы миелин қабаты да көбейеді. Шахмат ойнай бастаған бала кез келген тапсырманы тез шешеді, сәйкесінше ми да жылдам ойлануға үйренеді. Басқа спорт түрлері баланың физикалық қабілетін шыңдайды. Шахмат мидың жұмысын дамытады. Бала шахмат ойнай алатын болса, демек, ол сабақты да жақсы оқиды және өмірде кез келген мәселе туындаған кезде тиімді амал-тәсілді жылдам қарастырады. Шахматтағы ең басты нәрсе — зейін. Баланың ойынға зейіні болмаса, ол шахмат ойнай алмайды. Басқа балалар сабақтан бос кезде тек далада ойнауы мүмкін. Ал шахмат ойнайтын бала әр нәрсені ойланып, болған құбылыстың себебін іздей біледі. Сондықтан да бүлдіршіндер үшін шахматтың пайдасы өте зор.
1-сыныптың шахмат ойнай алатын және ойнай алмайтын екі баласын салыстырсаңыз, біріншісінің ақылдырақ екенін байқайсыз. Оны сөзбен жеткізу қиын. Шахмат ойнайтын адамның миы басқаша жұмыс істейді. Бала шахмат ойнау барысында түрлі стратегиялық амал-тәсілді үйренеді. Мидағы жүйке жасушалары мықтырақ болады. Шахмат ойнай алатын, әсіресе, жақсы ойнайтын адам өзін кез келген салада білікті маман ретінде көрсете алады. Барлық шахматшының жоғары білімі бар, олар екі мамандықты қатар алып жүреді. Мысалы, футболшы тек сол спортты таңдап, шұғылданады. Шахматшылар өз қалауына қарай басқа мамандықпен жұмыс істей береді.
— Бір баланы дайындағанда оның ақыл-ойындағы өзгерістерді анық байқаған кезіңіз болды ма?
— Баланың ақыл-ойындағы өзгерісті жаттықтырушы шахмат жағынан ғана байқайды. Дайындық кезінде бала есеп шығарады, күнде тәсілдерді үйренеді. Уақыт өте келе баланың шахмат ойнау мен тез ойлау қабілетінің біршама өскенін байқаймыз. Шахматшылар зерек болады. Олар күнде дайындалғаннан одан сайын зерек бола түседі. Бірақ баланың мектептегі оқу үлгерімі қалай болып жатқанын біле алмаймыз. Оны ата-аналар байқап, бізге айтып келеді. Мен білетін жаттықтырушыларға ата-аналар келіп, баласының сабақ үлгерімі жақсарғанын айтады екен. Ата-ананың өз баласын мақтағаны ма, әлде шынын айтып тұр ма, білмедік. Бірақ шахмат ойнай бастаған баланың сабақты да жақсы оқып кететініне сенуге болады.
— Еліміздегі шахмат спортының дамуында қандай проблемалар кездеседі? Қазақстан шахматшыларының бүгінгі аяқалысы қандай?
— Елімізде шахматқа қаржы бөлу жағынан проблема көп. Әр турнирде шахматшының бару-қайту билеті, жататын орны мен тамағына қаражат бөлінуі керек. Қазақстан шахмат федерациясы — акционерлік қоғам. Сондықтан бізге мемлекеттен ешқандай қолдау жоқ. Болған күнде де жылына 4-5 шахматшыны ғана шетелге жіберуге жетеді. Негізгі қаражат басшылықтың және басқа да компаниялардың демеушілігімен түседі. Әр облыстың мәдениет және спорт басқармасы өздерінің шахматшыларына ақша бөледі. Бірақ барлығы емес. Түркістан облысы мен Павлодар шахматтан халықаралық турнирлерге бірнеше шахматшыны жібереді, әрдайым қаражат бөледі. Алматы мен Нұр-Сұлтанда, Солтүстік Қазақстан облысында жағдай мұндай емес, қаржы бөлу жағы нашар. Әр турнир көбіне тоғыз күнге созылады. Қанша қаражат керек екенін ойлай беріңіз. Бала кезімде біз жарысқа қаражаттың болмауынан бармай қалатынбыз. Қазір мемлекет қаржы бөлмесе де, мұндай мәселе көп туындамайды. Көп жерде демеушілер көмектеседі.
Қазір Қазақстан бойынша 18 мектепте шахмат пилот пән ретінде мектеп бағдарламасына енгізілді. Сол мектептерде шахматты үйреніп жүрген балалардан психологтар тоқсан сайын өзгерістің бар-жоғын білу мақсатында тест алады. Нәтиже жаман емес. Бүлдіршіндердің ойлау қабілеті өзгерген. Біраз елде шахмат пән ретінде мектеп бағдарламасына енгізілген. Біз де сондай мақсатпен жұмыс істеп жатырмыз. Егер шахмат пән ретінде мектеп бағдарламасына енсе, статусы біраз жоғарылап қалар еді.
Мәдениет және спорт министрлігінің дерегіне сүйенсек, елімізде 180 мың адам мамандандырылған мекемелерде шахмат бойынша сабақ алады. Бұл — үлкен көрсеткіш. Оның үстіне, бұл — тек тіркелген адамдар саны. Демек, тіркелмегені бұдан да көп. Қазақстанда шахматтың статусы футболға немесе басқа спорт түріне қарағанда төмен шығар. Бірақ әуестенушілердің саны 2010 жылдан бастап өсіп келеді, бәрі жаппай шахмат ойнауды үйреніп жатыр.
— Шахмат ойнауды енді бастаған адамға кеңесіңіз?
— Біріншіден, егер баланың чемпион болуын, нақ жетістікке жетуін мақсат етсеңіз, оны 3-4 жаста шахматқа беруіңіз керек. Жай әуестеніп, хобби ретінде қарастырсаңыз, үйренуге ешқашан кеш емес. Бұрын шахматты 6-7 жастан бастап үйрететінбіз. Қазір шахмат үшін 3-4 жас қалыпты болып қалды, яғни балаға 3-4 жасынан бастап күніне жарты сағаттан ойнатып, үйретеміз. Кішкентай балалар отырғанда аяғы еденге жетпейді де. Бірақ олар бәрін тез жаттап алады.
Екіншіден, жақсы жаттықтырушы табу керек. Екінші разрядтағы жаттықтырушы баладан халықаралық спорт шеберін шығара алмайды. Халықаралық деңгейдегі шахматшы шәкіртінің биік белестерді бағындыруына жәрдемдесе алады. Тек ұстаз емес, жақсы топты да таңдау керек. Бала топта дайындалмаса, ойнамаса, оған қиын болады.
Баланы үйірмеге бермес бұрын оған шахматты үйде үйреткен дұрыс. Балаңыз бұл ойынға қызыға ма, талабы қандай, ойланып отыра ала ма — осыны анықтап алған жөн. Өзіңіз ойнауды білмесеңіз, шахматты білетін таныстарыңызды үйге шақырыңыз. Баланы шахматты үйренсін деп қинап, беталды үйірмеге бере бермеңіз. Себебі ол адамды дамытып қана қоймай, жиіркену сезімін тудыруы мүмкін. Баланың бір орында отыра алмайтын, алаңғасар мінезін байқасаңыз, оны шахматқа емес, физикалық қабілетін шыңдайтын спорт түріне беріңіз. Шахматқа көбіне байсалды, салмақты балаларды алып келеді. Ойын барысында сөйлемей, ойланып отырып ойнауға тура келеді. Бірақ кейбір шошақай бала шахмат үйірмесіне келіп, өз күшін, іс-әрекетін жақсы басқарып кетіп жатады. Сондықтан баланы шахмат ойнауға үйде баулып, үйірмеге де апарып көру керек.
— Ойын бірнеше сағатқа созылғанда миды қалай сергітуге болады?
— Шахмат — адамды эмоциялық жағынан серпілтетін ойын. Шахматшы бір-ақ нәрсеге көңіл бөліп, соны ойлап отырады, өзін іштей жеуі мүмкін. Оның үстіне, ол ұзақ уақыт сөйлемей отырады. Мұның бәрі миға, ағзаға үлкен салмақ түсіреді. Шахматтың минусы да осы шығар. Сондықтан шахматшыға спортпен айналысу міндеттеледі. Жүгіру керек, суда жүзу керек, адамға физикалық күш түсіп отыруы керек. Кейбір жаттықтырушы оқушыларының физикалық қозғалысын аса қадағалайды, таңертең жүгіртеді. Шахмат пен физикалық қозғалыс қатар жүргенде ғана үлкен нәтиже болады.
Ойын кезінде әр ойыншыға бір жарым сағаттан уақыт беріледі. Бұл уақытқа әр жүргендегі 30 секунд қосылады. Мұның бәрін есептегенде ойын 5-6 сағатқа созылуы мүмкін. Шахматта үзіліс жоқ. Тек қарсыласыңыз өз жүрісін ойланып отырғанда, тұрып, жүруіңізге рұқсат етіледі.
Адамдар арасында шахматшылар тұйық, жабық келеді деген түсінік бар. Ойыншының бір орында ұзақ ойланып, шахмат ойнауы мінезінің, адамдарға қарым-қатынасының нашарлауына себеп болмайды. Мұның бәрі адамның өзіне байланысты. Тек ата-ана кішкентай баласына көп ойнауды, жарыстардан жүлделі орын алуды міндеттемесе болғаны. Ешқашан балаға «Осынша сағат шахмат ойна, үзілістен соң жалғастыр» деп бұйырмаңыз. Бұл — үлкен қате. Баланы еркіне қойыңыз, қалауынша дайындалсын, қыдырсын, басқа дүниемен айналыссын.
Шахматтың бір жақсы жағы — қазылар баға бермейді. Олар тек ойынның ережеге сай өтуін қадағалайды. Басқа спорттағыдай субъектив пікір, баға қосылмайды. Бүкіл нәтиже тақтада тұрады.