Қоқыс полигонындағы өрттен кейін Алматының ауасы қалай өзгерді?

«Қазгидромет» РМК мамандары Қарасай ауданындағы өрттен кейін Алматының ауасы қалай өзгергенін хабарлады.

Мамандардың мәліметінше, Алматы ауасының құрамына 16 тұрақтан мониторинг жасалады. 15 мамыр күнгі 00.00-ден 16 мамыр күнгі 08.40-қа дейінгі аралықта 2 өлшем бойынша ауаның нормадан тыс ластануы тіркелген.

Азот диоксидінің рұқсат етілетін шектеулі концентрациясының 2,0 диапазонында артып кетуінің бір жағдайы тіркелді, ең жоғарғы концентрация №12 ластануды бақылау тұрағы ауданында (Райымбек даңғылы мен Наурызбай батыр көшесінің қиылысында) тіркелді. Күкірт диоксиді артып кетуінің 7 жағдайы 1,0-1,8 рұқсат етілетін шектеулі концентрациясы диапазонында тіркелді, ең жоғарғы концентрация №30 ластануды бақылау тұрағы ауданында тіркелді («Шаңырақ» ықшамауданы, №26 мектеп, Жанқожа батыр көшесі, 22). Басқа параметрлер бойынша заттардың рұқсат етілетін шектеулі концентрацияның асып кетуі тіркелген жоқ, — деп хабарлады «Қазгидромет» мамандары.

16 мамыр күні 00.00-04.00 аралығында ауа құрамындағы РМ 2,5 және РМ 10 бөлшектері концентрациясы өзгерген, бірақ рұқсат етілетін шектеулі нормадан аспағандықтан қауіпті жағдай тіркелмеген. Әйтей ауылдық округындағы қатты тұрмыс қалдықтары полигонының санитария-қорғау аймағынан ауа сынамалары алынды, зертханадағы талдау нәтижесі кейін жарияланады.

«Қазгидромет» мамандарының мәліметінше, ауаның ластануын бақылайтын бірде-бір тұрақта рұқсат етілетін шектеулі концентрацияның 10-нан немесе 20-дан асып кетуі, яғни жоғары және экстремал жоғары жағдайлары тіркелмеген. Өткінші жаңбыр мен секундына 2-6 метрге жететін ауытқымалы жел зиян заттардың азаюына ықпал етті.

Алматы төтенше жағдайлар департаменті мамандарының хабарлауынша, 16 мамырға қараған түні Бостандық және Медеу аудандары тұрғындарынан ауадан күйіктің ащы иісі шығып тұрғаны туралы қоңырау келіп түскен.

Еске салайық, бұған дейін Алматы тұрғындарының күйік пен түтін иісін айтып, шағымданғаны хабарланған еді. Жағымсыз иіске Алматы облысы Қарасай ауданы Әйтей ауылынан 7 шақырым жердегі қоқыс полигонының 1 гектар аумағының өртенуі себеп болды. Полигон маңында терең жыралар болғандықтан мамандарға өртті сумен емес, сазбалшықпен сөндіруге тура келген.