Қатерлі ісіктің кең тараған түрлері — сүт безінің, тоқішек пен тікішектің, қуықалды бездің, асқазанның қатерлі ісігі. Оларды емдеуде ең көп қиындық туғызатыны — адамдардың медициналық көмекке дерті әбден асқынған кезде жүгінуі мен оның дер кезінде диагноз қойғызуға қолы жетпеуі. Мәселен, 2017 жылы табысы төмен елдердің 26%-ында ғана патологияларды есепке алудың жалпыға қолжетімді қызметі жұмыс істеді. Табыс деңгейі жоғары елдердің 90%-ында тиісті медицина қызметтері қолжетімді болды.

Бұл мәселе Қазақстанда да өзекті. Қатерлі ісікті зерттеудің халықаралық агенттігінің мәліметінше, былтыр елімізде 34 000 адамға қатерлі ісіктерге байланысты диагноз жаңадан қойылды.

Алматыдағы баспасөз мәслихатында әлемнің үздік онкологтары — Америка хирургтары алқасының, Хирургтардың еуропалық ассоциациясының мүшелері қазіргі әлемде үлкен сұранысқа ие болған диагностика түрлері туралы әңгімеледі. Атап айтсақ, олар — рентгенография, ультрадыбыс зерттеуі, эндоскопия әдістері, компьютер томографиясы, МРТ (магнит-резонанс томография), ПЭТ-КТ (позитрон-эмиссион томография, компьютер томографиясы), онкомаркерлерге тестілеу, ұлпа биопсиясы. ПЭТ-КТ — ішкі ағзаларды зерттеуге мүмкіндік беретін томография түрі. Онкомаркерлерге тестілеу — қатерлі ісік дерттерін бастапқы кезеңде анықтауға мүмкіндік беретін қан анализі.

Хале Чалар
Хале Чалар. Фото: «Интерфакс-Қазақстан» баспасөз орталығы

Диагноз қоюда біз әлемдік медицинаның заманауи әдістерін пайдалануға тырысамыз. Мәселен, Стамбулдағы Anadolu емханасында бастапқы кезеңде диагноз қоюдың бірегей әдісі — СTC (Circulating Tumor Cells — ісік ұлпаларын айналмалау) пайдаланылады. Бұл әдісті «сұйық биопсия» деп те атайды. Дәстүрлі әдістермен анықтау мүмкін болмаған сәтте ол бір тамшы қанның көмегімен қатерлі ісікті ең бастапқы даму кезеңінде анықтайды, — дейді Еуропа радиация хирургтары қоғамының (ESTRO) мүшесі, радиация хирургиясы профессоры Хале Чалар.

Қатерлі ісіктердің жаңа өскіндерін ерте анықтауға бағытталған зерттеулерді жүргізу — пациенттің денсаулығы мен өмірін сақтаудың негізгі әдістерінің бірі. ДДСҰ мәліметінше, ерте анықталған және заманауи терапиямен емделген жағдайда көбіне сүт безінің қатерлі ісігі, жатыр мойыншығының қатерлі ісігі, ауыз қуысы мен тоқішек қатерлі ісігі сияқты дерттерден сауығуға болады. Қазақстанда қатерлі ісік дерттеріне жан-жақты диагноз қоюға деген сұраныс артып келеді. Нәтижесінде отандық медицина нарығында диагностика мен емнің сан түрін ұсынған жаңа бәсекелестер пайда болып жатыр.

Метин Чакмакчи
Метин Чакмакчи. Фото: «Интерфакс-Қазақстан» баспасөз орталығы

Біз заманауи құрал-жабдықты ағзаның зақымданған жерлерін анықтау үшін ғана емес, оларды емдеу үшін де қолданамыз. Қатерлі ісіктер терапиясында радиохирургияның «киберпышақ» қондырғысын, Varian Edge сәуле терапиясын, Radixact томотерапия жүйесін, Da Vinci роботтандырылған хирургия жүйесін пайдаланамыз, — дейді жалпы хирургия жөніндегі маман, Anadolu емханасы сүт безі дерттерін зерттеу орталығының басшысы, профессор Метин Чакмакчи.

Роботтандырылған «киберпышақ» қондырғысы аса үлкен емес ісіктерді операция жасамай емдейді. Ол тек зақымданған ұлпаларға сәуле түсіреді.

Varian Edge қондырғысы дененің кез келген бөлігіндегі түрлі өлшемдегі ісіктерге аса жоғары радиация әсерін жасауға бағытталған. Оның көмегімен радиотерапия және радиохирургия емі жүргізіледі. Radixact томотерапия құрылғысы төстегі қатерлі ісіктің ауқымды жаңа өскіндерін, жұлындағы ісіктерді, сүйек метастаздарын емдеу кезінде пайдаланылады. Аппарат бүкіл денеге сәуле терапиясын жүргізуге мүмкіндік береді, бұл қанда және кемік майында қатерлі ісік пайда болғанда өте маңызды. Қатерлі ісікті емдеудің жеке түрі — шағын инвазив операциялар. Оларды жүзеге асыруға Da Vinci хирургия жүйесі көмектеседі.

Барлық қажет терапия шарасынан кейін пациентке паллиатив медицина көмегін беру өте маңызды. Паллиатив көмек — онкологтардың, фармацевтердің, әлеуметтік сала қызметкерлерінің, медбикелердің және тағы басқалардың тәжірибесіне негізделген кешенді әдістеме. Көмектің бұл түрінің мақсаты — пациенттерге тұрмыстың үйреншікті салтын неғұрлым ұзақ қамтамасыз ету, сөйтіп өлімді соғұрлым алыстату. Бұл әдістеме пациентке күтім жасау кезінде психологиялық сәттерді айналып өтуге, олардың туған-туыстарына қолдау көрсетуге де мүмкіндік береді, — дейді профессор Хале Чалар.

Профессор Метин Чакмакчидің айтуынша, қатерлі ісікке шалдығу қаупін азайту үшін салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтану қажет екен. Адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы екпе жасатуы да керек. ДДСҰ мәліметіне қарағанда АПВ-ға және В гепатитіне қарсы жасалатын екпе жыл сайын қатерлі ісікке шалдығудың 1 миллионға жуық мүмкіндігіне тосқауыл қояды.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!