Басты бетЖаңалықтарПрезидент сайлауынан...

Президент сайлауынан кейін девальвация бола ма?

Президент сайлауынан кейін теңге бағамы айтарлықтай өзгермейді. Бұл туралы Мәжілісте қаржы нарығын реттеу мен дамыту мәселелері туралы заң жобасын таныстырған Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков айтты.

Мына цифрлардың бәріне қараңыз: мұнай бағасына, рубль бағамына, депозиттердің долларлану өзгерісінің деңгейіне. Девальвацияны растайтын қауесеттен басқа бірде-бір фактор жоқ, — деді Ұлттық банк басшысының орынбасары.

Ол Ұлттық банк теңгенің нығаюына алғышарттар байқалып отырғаны туралы мәліметті жария еткенін еске салды.

Біздің интервенциялардың статистикасын қарауыңызға болады. Бағамға байланысты түрлі қауіп туралы айтылып жатқан кезде жақында төлем балансының бірінші тоқсандағы статистикасын жария еткенімізді айтқым келеді. Міне, сол бойынша қазіргі шот немесе тауарлар мен қызметтер бойынша операциялар сальдосы 800 миллион долларға өскен. Былтырғы бірінші тоқсанда бұл көрсеткіш 900 миллион долларға аз болған еді, — деді Олег Смоляков.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары девальвацияның Президент сайлауынан кейін  де болуы екіталай екенін айтты.

Құбылулар күнде болып жатады. Ал елеулі ауытқудың болуы мүмкін емес, себебі біз қазір басқа парадигмадамыз. Бұрын бізде басқа ақша-несие саясаты режимі болды, байлаулы бағам режимімен өмір сүрген едік. Қазір режим басқа, — деді Олег Смоляков.

Еске салайық, 14 мамырда Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту және микроқаржы қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды. Жоба қаржы нарығын реттеу мен дамыту және тұтынушылар құқығын қорғау функцияларын Қазақстан Президентіне тікелей бағынышты жаңа мемлекеттік орган — Қаржы нарығын реттеу мен дамыту агенттігіне беруді көздейді.

ДереккөзZakon.kz