IELTS сынағының ресми сайтында Қазақстанның орташа балл көрсеткіші 6.01 екен. Ал ең жоғарғы балл — 9.0, яғни бұл — эксперт деңгейі. Сулейман Демирел атындағы мектеп-интернат колледждің 2018 жылғы түлектері Рүстем Балтиев, Рустам Жұраев, Тамерлан Жұмагелді де — IELTS-ты сәтті тапсырған талапкерлер. Рустам мен Тамерлан 7.0 балл алып, бірі Оңтүстік Корея университетіне, бірі Гонконг университетіне оқуға түссе, Рүстем Балтиев 8,5 балл жинап, Сулейман Демирел университетінің грантын ұтып алды. Қазіргі үш студент достың мамандығы, ортасы түрлі болғанымен оларды байланыстыратын бір орын бар. Ол — IELTS сынағына дайындаған лицей.
2011 жылы Сулейман Демирел атындағы университет жаңа кампусқа толық көшіп, оның бұрынғы ғимаратына колледж бен 7-11-сыныптар оқитын лицей орналасты. 2018 жылы бастауыш мектеп те есігін ашты. Қазір бұл мекемеде 465 оқушы білім алып жатыр. Оның 162-сі — лицей оқушылары.
SDCL ұлдар лицейінің оқу бағдарламасы «Білім-инновация» лицейлерімен бірдей, — дейді лицей директорының оқу жөніндегі орынбасары Энвер Топсакал.
SDCL лицейіне 6-сыныптан кейін емтихан тапсырып түсуге болады. 2019-2020 оқу жылына түсу емтиханы 26 мамырда өтеді. Онда математика, ағылшын, қазақ тілдерінен тест сұрақтары болады.
Лицейде оқушылар сағат 08.30-дан 16.00-ге дейін сабақта болады, 16.00-ден 18.30-ға дейін түрлі үйірмеге қатысады, үй жұмысын орындайды. Олар лицейге түскеннен бастап, 7-сыныпта ағылшын тілін тереңдетіп оқиды, кейін математика, физика, химия, информатика, биология сабақтарын тек ағылшын тілінде өтеді. Оқу бағдарламасында түрік тілі де бар.
Біздің мектепті бітірген түлек төрт тілді еркін меңгеріп шығады. Пәндердің ағылшын тілінде өтуі оқушылардың болашақта SAT (АҚШ университеттеріне түсуге арналған емтихан) сияқты емтихандардан қиналмай өтуіне көмектеседі. Тек курстарға қатысып ағылшын үйренген бөлек және салалық пәндерді ағылшынша оқу арқылы тіл үйрену — мүлде бөлек деңгей, — дейді Энвер Топсакал.
10-сыныптан бастап SDCL-де IELTS және SAT емтихандарына дайындық пән ретінде енгізіледі. Оқушыларға қосымша курстарға барудың қажеті жоқ. Сол себепті көптеген түлек Назарбаев Университетіне, шетелдік оқу орындарына қиналмастан түседі.
Лицейдің сәуірде өткен Наурыз мерекесіне Baribar.kz редакциясы қонақ болған. Думанды мерекені тек оқушылар емес, ата-аналар мен мұғалімдер, тәрбиешілер асыр салып тойлады. Мектептің басты принциптерінің бірі — оқушы, тәрбиеші, мұғалім, ата-ана деген төрт тұғырды берік ұстану. SDCL директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Захид Абдалимовтің айтуынша, лицейдің ерекше тәсілдерінің бірі — мұғалімдер мен тәрбиешілер арасындағы қарым-қатынасты жақсарту арқылы балаға әсер ету.
Бұл — отбасыдан берілетін үлгі. Егер әке мен ананың арасы жақсы болса, бала да үлгілі болады. Мектептегі мұғалімдер мен тәрбиешілер өзара тату, бір команда болса, оқушылар да соларға тартылады. Мысалы, тәрбиешілер 8 наурыз мерекесінде оқушылардың аналарын мектепке шақырып, ерекше ынтамен кеш ұйымдастырды. Мұның алдында мұғалімдер тәрбиешілердің аналарына ілтипат көрсеткен. Осылайша тәрбиешілер бұл жақсылық пен мейірімді оқушыларға да көрсетті. Ал мұғалімдердің аналарына әуелде мектеп әкімшілігі тарапынан көңіл бөлінген еді. Бәрі осылай бір-бірімен байланысты, — дейді Захид Абдалимов.
Лицейде тақырыптық апталық, кішігірім саяхат, кезекпен шақырылатын ата-аналармен әңгіме-жиын, басқа да қызық шаралар жиі өтеді. Мұнда оқушының жатып оқуына да мүмкіндік жасалған.