Төлеутай Рақымбеков президенттікке кандидат ретінде тіркелді

Орталық сайлау комиссиясы Төлеутай Рақымбековті президенттікке бесінші кандидат ретінде тіркеді.

ОСК баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстанның 15 өңірінен кандидатты қолдаған 122 309 азаматтың қолы жиналды, оның 120 754-і рас деп танылды.

Төлеутай Сатайұлы Рақымбековті резипденттікке кандидат ретінде тіркеуге қажет барлық құжат Орталық сайлау комиссиясына ұсынылды және оларға қойылатын талаптарға толық сәйкес келеді, — деп хабарлады ОСК.

Орталық сайлау комиссиясы «2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Төлеутай Рақымбековті Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат ретінде тіркеу туралы» қаулы қабылдады.

2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Төлеутай Сатайұлы Рақымбеков Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат ретінде тіркелсін. Президенттікке кандидат Төлеутай Сатайұлы Рақымбековке тиісті куәлік берілсін. Президенттікке кандидат Төлеутай Сатайұлы Рақымбековтің тіркелгені туралы мәліметтер арнаулы уақытша шот ашу үшін «Қазақстан Халық жинақ банкі» акционерлік қоғамына берілсін, — делінген қаулыда.

Төлеутай Рақымбеков — президенттікке «Ауыл» партиясының атынан ұсынылған үміткер.