«Лениншіл жас»

№91 (7259), 1969 жылдың 9 мамыры, жұма

50 жыл бұрынғы Жеңіс күнінде Сапар Байжановтың «Аманат» атты мақаласы «Лениншіл жастың» басты бетінде жарияланды. Онда 1940 жылы әскерге шақырылып, әскери училишені аяқтап, Ұлы Отан соғысында взвод командирі болған Төрехан Жұмәділовтің соғыс кезінде отбасына жазған әсерлі хаттарынан үзінді келтірілген.

Автор сол арқылы Төрехан Жұмәділовтің бүкіл қазақ баласына қалдырған аманатын жеткізді.

Оқы, жатпай-тұрмай оқы, білімге жетіл!.. Өнер сүй!.. Шынығып өс!.. Ананы ардақта, көпке сүйкімді бол. Саналы адам — көп үшін. Отанды сүй, ел үшін қызмет ет! Өмір кілті, заман тұтқасы сендерге көшеді, жас ұрпақ. Бақыттарыңа бекем болыңдар, бауырларым! — деп аманат еткендей болды, — дейді автор.

Жауынгердің бауырларына жазған хаттары жастарды жігерлендіріп, өмірге, оқу-білімге құштарлығын арттырады. Оған хаттың мына үзінділері дәлел:

..Інім, жазда жалаңаяқ, жалаңбас ойынға салынып кетпей, кітап — саяси, көркем әдебиеттер мен алдағы оқитын программа негізінде оқу құралдарымен шұғылдан. Денеңді шынықтыр, турникке ойна, футбол, волейбол қақ, денсаулығыңды сақтап, өзіңді-өзің күтіп жүргейсің. Қиындыққа көнетін бол, оқып білім алуға, жетілуге аянба. Бірақ ескертемін, денсаулығыңды бұзып алмау үшін түрлі ластан сақтан. Сен менің орнымды басатын ырысым емессің бе?!.. (1941 жылдың 30 мамыры)

Әкімхан! Оқуың жақсы, табысты болуына сенімім зор. Міне, сол үшін де сені әр уақыт, біріншіден, бауырлық жағынан, екіншіден, советтің патриот ұлы жағынан сүйіп, әр уақыт есімнен шығармаймын. Мен сені қатты борандағы, ағарған Ай астында, түнек, маужыраған тоғай ішінде, сазды шұқыр окоп ішінде, уілдеген желді көл үстінде, қалың үйлі қаланың көшесінде, стол үсті мен еденде жатқанымда ұмытпай жүрмін… (1941 жылдың 5 желтоқсаны).

Төрехан Жұмәділов әскерге дейін комсомол ұйымының жұмысында көрнекті істермен көзге түсіп, аудандық, облыстық комсомол конференцияларына делегат болған. Сонымен бірге ол Кеген аудандық комсомол комитетінің секретары болып сайланды. Әскерге аттанбас бұрын біраз уақыт орта мектепте мұғалім қызметін атқарды. Төрехан Жұмәділов таңдаулы мұғалімдердің облыстық мәслихатына қатысады. Оның «Оқушыға анализ» атты қолжазба еңбегі де бар.

Майдандағы ағасының хатын оқып, өсиетін тыңдаған інісі Әкімхан Жұмәділов орта мектептен кейін Ленинградта оқып, жоғары білім алады. Ол 1969 жылы республикалық мекемеде жауапты қызметкер болған. Сол кезде екінші інісі Саятхан теміржолшы қызметін атқарды.

Автор мақаласында бүгінде жауынгердің арман-аманаты орындалғанын айтып, Жеңіс күні осындай бақытты күн үшін құрбан болғандарды еске алып, бас ию керек екенін ескерткен.

Иә, ол (Төрехан Жұмәділов) бақытты! Өйткені ол аз өмірінде өзіне өшпес ескерткіш орнатты, сіз бен біздің бақытымыз үшін Отан жауымен шайқасты, артына өмірге, өнер-білімге, азаматтыққа үндейтін зерделі ойларын, асыл арманын қалдырды. Оның арман-аманаты бүгінде жүзеге асқанын мақтанышпен айта аламыз, — делінген мақаланың түйнінде.

«Лениншіл жастың» дәл осы санында Болат Бодаубаевтың Әлия Молдағұлова туралы «Таң шолпаны» атты мақаласы шыққан. Тілші батыр қыздың Ақтөбедегі музейі туралы жазған.

Мақалада облыстық музейде Әлияның өмір жолын баяндап беретін бірқатар дерек жиналып, көрмеге қойылғаны айтылады. Ондағы біраз құжат батыр қыздың майдандағы ерлік істерін баян етеді. Солардың бірі — командир, подполковник Ефимовтың Әлия үздік бітірген снайперлер училищесіне жолдаған хаты.

Қазақ халқының қызы Лия Молдағұлова біздің бөлімге сіздердің училищені бітірген соң келген еді. 1943 жылдың октябрінен бастап декабрь айының аяғына дейін біздің бөлім қорғаныста болды. Жап-жас Лия қажымай-талмай, немістерді құртумен болды. Ол өзінің мүлт кетпейтін оғымен аз уақыттың ішінде 32 фашистің көзін жойды… Январьда біздің бөлім шабуылға шықты. Алдымызда жаудың күшті қорғанысын бұзып өту міндеті тұрды. 1944 жылы 11 январында Лия жауынгерлік борышын өтеп жүрген атқыштар батальоны жау қорғанысын жарып өтті. Лия өзінің снайперлік винтовкасымен жауынгерлермен бір сапта, алғы шепте жүрді. Шабуыл басталғанда жау артиллериядан, минометтен, пулеметтен оқты қарша боратып, біздің жауынгерлерді тоқтатуға тырысты. Сол аласапыран қиын сәтте қазақ халқының батыр қызы Лия «Алға! Отан үшін!» деп ұран тастап, жауға ұмтылды. Батальон жаудың траншеясына басып кірді. Винтовкадан мүлт жібермей дәл атып және гранаталар тастап Лия сол шайқаста жаудың 10 солдаты мен бір офицерін жер жастандырды. Батальонның күшті соққысына шыдай алмаған жау жеңіліп, тірі қалғандары бекініс шебін тастай қашты. Айрылып қалған шебін қайтару үшін жаулар үш рет жанталаса шабуылға шықты. Олар қалың шеп құрып, қаптай шабуылға шыққанда Лия қолына автомат алып, көздеп атып, немістің 28 солдаты мен офицерін жойды. Бірақ олар біздің траншеяға жетіп үлгерді. Қоян-қолтық шайқас басталды. Батыр қыздың оғынан жаудың сегіз солдаты жер жастанды. Бірақ Лия осы шайқаста неміс офицерінің ұрланып жақын келгенін аңғармай қалды. Фашист пистолетпен көздеп атып, Лияны ауыр жаралады. Бірақ бәрібір құтыла алмады. Лия бойындағы соңғы қайратын жинап, автоматын офицерге бұрып, шүріппені басты, қанқұйлы жауын жер жастандырды. Бұл оның өлтірген ең соңғы немісі еді… — делінген хатта.

Әлияның траншея түбінде қанға боялып жатқанын көрген майдандасы Надежда Матвеева оның соңғы өтінішін естіген.

«Надюшка, мен өлетін шығармын… Ленинградқа, Қазақстанға мен туралы жаз, ұмытпасын. Өмірімнің қысқа болғаны өкінішті» деп Лия көз жұмды. Бұл өкініш — ыстық жүрегінің бар қызуын туған елінің қажетіне емін-еркін жарата алмай, ерте сөнгенінің өкініші еді, — деп еске алды Надежда Матвеева.

«Социалистік Қазақстан»

Социалистік Қазақстан Жеңіс күні
«Социалистік Қазақстан» газеті. Фото: Baribar.kz

№107 (13251), 1969 жылдың 8 мамыры, бейсенбі

«Социалистік Қазақстан» газетінің 8 мамырында Совет армиясының Берлинге шабуылын өз көзімен көрген тілші Павел Трояновскийдің «Берлин үшін шайқас» атты мақаласы жарияланған.

Берлин операциясы — Ұлы Отан соғысындағы аса ірі шабуыл операцияларының бірі. Ол 1945 жылы 16 сәуір мен 8 мамыр аралығында болды. Берлин үшін Қазақстанда жасақталған үш атқыштар дивизиясы мен бір артиллерия, екі атқыштар полкы шайқасқан еді.

Автор алдымен Берлин операциясының басы туралы баяндаған.

1945 жылдың 16 апрелінде 40 мыңға жуық әртүрлі калибрлі зеңбірек пен миномет бір мезгілде фашист бекіністеріне қарай сұрапыл оқ жаудырды. Бұл артиллерия зеңбіректерінің гүрсілі жер мен көкті сілкінтіп жіберді. Бұған дейін әлем осыған ұқсас сұрапылды көрмеген де, естімеген де шығар. Мыңдаған найзағай оты таң алдындағы іңір қараңғылығын осып-осып жіберді, жер үстінің де, жер астының да астаң-кестеңін шығарды. Айналадағының бәрі тітіреніп кетті, дауыл соқты. Кек алатын мезгіл де келіп жетті, — делінген мақалада.

Автор Берлин тұрғындарының бейнесін де аянышты етіп жазған.

Біздің көз алдымыздан басқа көріністер де өтті. Қолдарына үш түсті орамал байлаған жастар сап түзеп барады. Олар — отанынан Германия заводтарында жұмыс істеуге күшпен әкелінген француз жұмысшылары еді. Міне тұтас поляктар колоннасы — ерлер, әйелдер, балалар. Сонымен бірге чехтар, бельгиялықтар, югославтар, венгрлер өтіп барады. Анда тұтқындалған ағылшын ұшқыштары. Мұнда гитлершілдер Арденнада тұтқынға алған американ танкистерінің тұтас лагері және де, әрине, орыстар, украиндар, белорустар бар. Олардың бақытты, шат күлкілері естіледі. Азаттық әперген біздің әскерге жалынды алғыс сөздер арналып жатыр.

1941 жылы немістердің мақсатына жетуіне аз-ақ қалғандай көрінген еді. Әскери тілшінің айтуынша, Мәскеудің тағдыры Варшаваның, Париждің және Еуропаның басқа да астаналарының тағдырына ұқсамайды. Кеңес Одағының халқы барлық сәтсіздікке мойымай, жаудың моральдық рухын және материалдық күшін жеңе алатындай қуатты тез жинап алды.

Неміс астанасы кеңес әскеріне тарлық еткен. Көшелер танкке, самоходтарға, автомашинаға лық толып, алаңдар мен бос жерлерге артиллерия сыймаған.

Шайқастың ең шыңы, шиеленіскен түйіні — рейхстагқа шабуыл болды. Оған Германияның шығысындағы өзен арқылы генерал Переверткиннің бөлімдері басып кірген. 30 сәуірде Шатиловтың дивизиясы шабуылға көшті. Бірнеше минуттан кейін рейхстагтың бағанасында, терезесі мен шатырында қызыл жалау желбірей бастаған, — делінген мақалада.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!