«Қазгидромет» синоптиктері мамыр айындағы ауа райына болжам жасады. Мамандардың хабарлауынша, ай ыстық күндермен қуантады, бірақ алғашқы күндері республиканың шығысында қар аралас жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, дауыл тұрады, екпінді жел соғып, бұршақ жауады, тұман түседі.
Мамырдың басында оңтүстік пен батыста да жаңбыр жауады, ал басқа күндері найзағай ойнап, дауыл тұрады, бұршақ жауады.
3 мамырдан бастап Қазақстанның басым бөлігінде температура айтарлықтай көтеріледі. Солтүстікте күндіз ауа 20-28 градусқа дейін, оңтүстікте 25-33 градусқа дейін ысиды, — дейді мамандар.
Екінші және үшінші онкүндіктерде күшті жел соғып, найзағай ойнайды, өткінші жаңбыр жаууы мүмкін, жекелеген күндері сынап бағанасы 30-37 градус ыстықты көрсетеді.