Мамандар 2012 жылдан бергі жұмысының нәтижесін жария етті. Олар 19 күнге созылған экспедиция барысында 14 жастүлек пен бүркіттің 11 жұбын есепке алған. Экспедиция бағыты Алматы облысының аумағындағы бүркіт мекендейтін Арқарлы, Малайсары, Үлкен және Кіші Бұғыты, Сөгеті тауларын, Торайғыр мен Шарын шатқалының жоғарғы жағын қамтыды.

Сергей Шмыгалиев
Сергей Шмыгалиев. Фото: Қазақстан баспасөз клубы

Алматы облысында бүркіт популяциясы азайды. Бақылау үшін 2 мың шақырым жер жүрдік. Экспедиция барысында 11 ұя табылды. Демек, сол аумақта 22 ересек құс өмір сүріп жатыр. Бұдан өзге, 3-5 жас арасындағы жас құс та табылды, — дейді экспедиция жетекшісі Сергей Шмыгалев.

Қазір — бүркіттің көбейетін мезгілі. Сондықтан экспедиция мүшелері құс ұясының жанына жақын бара алмаған. Олар құстарды дүрбімен бақылап, суреттерді 700-800 метр қашықтықтан түсірген.

Әр ересек бүркіттің қарауылдайтын өз ауданы болады. Олар 60-70 жасқа дейінгі өмірінде өз аумағына басқаларды кіргізбейді.

бүркіт
Фото: «Сұңқар» тәлімбағы

«Сұңқар» тәлімбағында 2012 жылдан бері 25 бүркіт балапаны өсіріліп, табиғат аясына жіберілген. Экспедиция сол жіберілген бүркітпен қатар, басқа да құстарды бақылады.

Біз құстардың жақсы өмір сүріп, кез келген жерге тез бейімделіп кетуі үшін барлық мүмкіндікті жасаймыз. Дені сау, мықты, аң аулай алатын және кез келген климатқа тез бейімделетін құстарды өсіру — басты мақсатымыз, — дейді тәлімбақ директоры Ашот Анзоров.

«Сұңқар» тәлімбағының қызметкерлері құстарды күзде ұшырып, жіберілген мекеннен көшіп кеткенше бақылайды. Жас бүркіттер бір жерде 1-3 апта тұрақтайды. Олар басқа жаққа ұшса, тәлімбақ қызметкерлерінің оларды бақылауға мүмкіндігі болмайды.

бүркіт
Фото: «Сұңқар» тәлімбағы

Тәлімбақ директорының айтуынша, бүркітті барлық жерден бақылау үшін спутник навигациясы керек. Бірақ бұл құрылғы мен оған қондырылатын бағдарлама қымбат тұрады. Мамандардың айтуынша, құрылғының көмегімен бүркіттерді күнде бақылауға, қайда ұшып, қайда қонғанын, қайда жұмыртқалайтынын оңай білуге болады.

Мемлекеттік Туда бейнеленген құс «Қызыл кітапқа» енген. Ашық дереккөз бойынша жалпы Қазақстанда 100 шақты бүркіт қалған. Мамандар оны қорғау керек деп дабыл қағып отыр.

Бүркіттерді бақылайтын экспедицияны жеке компания қаржыландырады. Жыл сайын Ауыл шаруашылығы министрлігінен көмек сұраймыз. Бірақ қаржы жоқ екенін айтып, өтінішімізді қанағаттандырмайды, — дейді Ашот Анзоров.

Қазақстан аумағында мекендейтін бүркіт санын есептеу соңғы рет жеті жыл бұрын өткізілді. Үлкен және Кіші Бөгет аймағында бар-жоғы 4-5 жұп қана қалған. Бүркітті қорғау мақсатында жеке құрылымның қаржыландыруымен қолға алынған «Үлесіңді қос. Табиғатты аман сақтап қал!» жобасы ары қарай да жүзеге асырыла бермек.

Экспедиция құрамында «Сұңқар» тәлімбағының орнитологы Сергей Шмыгалев, көмекші-жүргізуші Владимир Исаенко мен Игорь Свастин болды.