Нұрсұлтан Назарбаев Қытайда «Бір белдеу, бір жол» екінші халықаралық ынтымақтастық форумының сессиясында сөйлеген сөзінде қазіргі заманғы жаһандық сын-қатерлерге төтеп берудің жолдары туралы айтты. Бұл туралы Елбасының баспасөз қызметі хабарлады.
Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, киберқауіпсіздік пен қолданыстағы коммуникацияның қауіпсіздігін қамтамасыз ету өзекті болып отыр және өңіраралық деңгейдегі бәсеке арта түсті.
Дамуды және қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жаһандық институттардың тиімділігіне қатысты мәселелер туындап отыр. Экономика саласында сауда текетіресі мен санкция соғыстары пайда болды. Бүкіл әлем бойынша порттар мен әуежайлар терминалдары арқылы жөнелтілетін жүк кідіре бастады. Түптеп келгенде бұл әлем экономикасының даму қарқынын бәсеңдетіп, халықтың, әсіресе, дамушы елдер тұрғындарының жағдайын нашарлатады, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы әлемдік қоғамдастықты адамзаттың жаһандық проблемаларын шешу үшін жұмылуға шақырды.
Алып құрлығымыздың дәл ортасында орналасқан Қазақстан Еуразияда тығыз серіктестік орнатуды әрдайым қолдайды. Біздің сыртқы саяси доктринамыз көпжақты ынтымақтастықты және бірлесе дамуды, сенім мен қауіпсіздікті нығайтуды көздейді. Біз бүкіл әлемге халықаралық күн тәртібіндегі ең күрделі мәселелерді талқылау бойынша да үлгі көрсете алдық, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті еліміздің ядролық қарусыздану және жаппай қырып жоятын қарудың таралуын болдырмау ісіндегі жетістіктеріне тоқталды.
Біз геосаясат пен геоэкономикада кейінге қалдыруға болмайтын міндеттерді шешуге септігін тигізетін жаһандық архитектураны қалыптастыру ісіне алдағы уақытта да атсалыса береміз. Менің ойымша, мұны «Үш Д» жаңа ахуалын қалыптастыру арқылы жүзеге асыруға болады. Мұны «Үш диалог» жүргізу қажеттігі деп түсінген жөн. Біріншісі жаһандық деңгейді қамтиды. Бұл — АҚШ, Ресей, Қытай және Еуропа одағы арасындағы диалог, — деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев екінші диалогтың Еуразия деңгейінде қажет екенін атап өтті. Ондағы мақсат — Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес пен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының әлеуетін біріктіру.
Үшінші диалог — бұл Еуразия экономикалық одағы, Еуропа одағы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және Оңтүстік Шығыс Азия елдері қауымдастығы арасындағы жүйелі экономикалық диалог. Осындай форматтағы экономикалық кооперацияны дамыту арқылы, біріншіден, елдеріміздің дамуына және азаматтарымыздың әл-ауқатының артуына зор серпін береміз. Екіншіден, экономиканы әртараптандырудың жаңа көздерін ашуға, бәсекеге қабілеттілікті нығайтуға, бизнес ахуалын жақсартуға және мемлекеттердің инвестициялық тартымдылығын арттыруға жағдай жасалады. Үшіншіден, Үлкен Еуразияның жаһандық рөлін арттыруға мүмкіндік туындайды, — деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев аталған үш диалогтың басталуы форумға қатысушылардың барлығының мүддесіне бірдей сай келетінін атап өтіп, біріккен Еуразияның жарқын болашағы үшін өзара байланыс орнатудың қажет екені туралы айтты. Еске салайық, бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бір белдеу, бір жол» екінші халықаралық ынтымақтастық форумына қатысқаны хабарланған еді. Форумның ашылу рәсімінде ол Жібек жолының экономикалық белдеуі жобасы мен Еуразия экономикалық одағын ұштастырудың әлеуеті зор екенін айтты.