Алматы облысында ауызсуға сынама жасалды

Алматы облысының 3 мыңнан астам су құбырына, 2 мыңнан аса орталықтандырылмаған су көзіне бақылау орнатылып, 24 мыңнан астам су көзіне түрлі сынама жасалды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Сынама нәтижесінде 85 елді мекен орталықтандырылмаған су жүйесімен қамтылғаны анықталды.

ҚР Тұңғыш Президентінің тапсырмасымен 2020 жылы елді мекендердің 80%-ын орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосу міндеті қойылған еді.

Бүкіл жер шарын алаңдатқан су мәселесі біздің елімізде де өзекті. Әсіресе, халықты сапалы ауызсумен қамту жұмыстары жіті бақыланады. Ел тұрғындарын таза әрі сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында 2002-2010 жылдарға арналған «Ауызсу» бағдарламасы қабылданып, Алматы облысындағы бірқатар елді мекендерге ауызсу жеткізілді. Қазіргі кезде Алматы облысы орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамтылуы жағынан басқа облыстармен салыстырғанда алдынғы орында тұр, — деді Алматы облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ерғали Сыдыманов.

Алматы облысының тұрғындарынан кейінгі 3 жылда төрт шағым түскен. Олар: Қарасай, Іле, Еңбекшіқазақ, Талғар аудандары. Негізгі шағым су сапасына, құбырлардың санитариялық-техникалық жағдайына және ауызсудың болмауы туралы болған. Шағымдар толық тексеріліп, анықталған кемшіліктер бойынша су құбыры жүйесі иелеріне әкімшілік айыппұл салынды.