Басты бетЖаңалықтарКонституциялық кеңес...

Конституциялық кеңес Қасым-Жомарт Тоқаевтың өтінішіне жауап берді

ҚР Конституциялық кеңесі Қасым-Жомарт Тоқаевтың өтінішіне жауап берді. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

2019 жылғы 25 сәуірде Конституциялық кеңестің Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Конституциясы 41-бабының 2-тармағына ресми түсіндірме беру туралы өтініші бойынша отырысы өтті.

Конституциялық кеңес төрағасы Қайрат Мәмидің айтуынша, кеңес алдында өте маңызды мәселе көтеріліп отыр және бұл негізгі заңды, шетел конституцияларын және ғылыми зерттеулердің нәтижелерін жан-жақты талдауды қажет етеді. Кеңес құрамы Үкімет, Парламент Сенаты мен Мәжілісі, Жоғарғы сот, Бас прокуратура, Сыртқы істер және Ішкі істер министрліктері өкілдерінің, құқықтанушы ғалымдардың пікірін тыңдады.

Талқылаудан кейін Конституциялық кеңес норматив қаулы қабылдады. Конституциялық кеңес республика президенттігіне кандидаттар үшін Конституцияның 41-бабының 2-тармағында белгіленген Қазақстанда соңғы 15 жыл бойы тұру талабы Мемлекет басшысының негізгі заңда бекітілген жауапты миссиясы, функциялары және өкілеттіктерімен шартталған деп түсіндірді.

Конституциялық кеңес президенттікке кандидаттың Қазақстан аумағында сайлау алдындағы ұзақ кезең ішінде тұрақты негізде тұруы туралы талап объектив қажеттілік және өте маңызды деп санайды. Осыған ұқсас талап шетелдердің конституцияларында белгіленген. Конституциялық кеңестің пікірінше, 15 жылдық тұру мерзіміне бірінші кезекте адамның ел аумағында тұрақты тұру уақыты кіреді. Ол әдетте азаматтың тұрғылықты жері бойынша тіркелуімен расталады. Сонымен қатар бұл мерзімге Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі персоналына жататын және оларға теңестірілген, Қазақстан мүшелік ететін халықаралық ұйымдар жанындағы лауазымдарға тағайындалған азаматтардың Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұру кезеңдері де есептеледі.

Қайрат Мәмидің түсіндіруінше, осы негіздер бойынша елден шығу Қазақстан азаматтығын тоқтатуға және тұрақты тұратын жерін өзгертуге себеп болмайды.

Аталған жағдайларда республикадан тыс жерлерде болған азамат (егер оның өзге елге тұрақты тұрғылықты түрде шыққаны, басқа мемлекеттің азаматтығын, саяси немесе өзге де баспана алғандығы немесе сондай өтініштер бергені туралы мәліметтер болмаса) тиісті мемлекетте уақытша тұратын болып есептеледі. Осындай жағдай тұлғаның азаматтық институтынан туындайтын Қазақстанмен тұрақты саяси-құқықтық байланысы деңгейінің қандай да бір төмендеуін білдірмейді. Ондай тұлға Қазақстан азаматы құқықтарының, бостандықтары мен міндеттерінің толық көлеміне ие деп есептеледі. Қаулының толық мәтіні баспасөзде және Конституциялық кеңестің интернет-ресурсында жарияланады, — деп хабарлады Конституциялық кеңестің баспасөз қызметі.