2019 жылдың наурызында баспананы сату-сатып алу мәмілелерінің саны 19,1 мыңға жетті, бұл былтырғы осындай кезеңге қарағанда 14,1%-ға көп. Ranking.kz зерттеуінде мұның рекорд көрсеткіш екені айтылады.
2018 жылдың наурызында жағдай мүлдем басқаша болды: мәмілелер саны 2014 жылғы наурыздан бері бірінші рет 4,6%-ға азайған еді.
Мамандардың мәліметінше, былтырдың екінші жартысынан бері «7-20-25» бағдарламасының іске асырылуы баспана нарығына жан бітірді. 2018 жылдың қыркүйек-желтоқсан айларында нарықтағы сату-сатып алу мәмілелерінің жылдық өсімі 14%-дан 19%-ға өзгерді. Қарқын биыл да сақталып отыр: қаңтарда мәмілелер саны 21,4%-ға, ақпанда 12,9%-ға артты.
Баспана нарығында несиемен пәтер алу белсенділігі баға көтерілсе де, бәсеңдеген жоқ.
Баспана сату-сатып алу мәмілелерінің саны жөнінен республика бойынша Алматы алда: 3,59 мың мәміле, былтырғы наурызға қарағанда 65,4%-ға көп. Үздік үштікке Ақтөбе облысы (1 мың мәміле, 24,8%-ға көп) мен Солтүстік Қазақстан облысы (623 мәміле, 24,8%-ға көп) да еніп отыр.

Ranking.kz-тің мәліметінше, «7-20-25» бағдарламасы іске асырылмас бұрын ипотека көлемі бір жылда (2017-2018 жылдардың ақпаны) 10%-ға өссе, 2019 жылғы ақпанның қорытындысы бойынша жылдық өсім бірден 22,5%, ал ипотека портфелі рекордқа — 1,3 триллион теңгеге жетті.
Еске салайық, бұған дейін «7-20-25» және «Баспана Хит» бағдарламалары бойынша қазақстандықтардан жалпы сомасы 200 миллиард теңге болатын өтінім қабылданғаны хабарланған еді. Мақұлданған қарыз сомасы 115 миллиард теңгеге жуықтаған.