Басты бетЖаңалықтарДания Еспаева...

Дания Еспаева «Ақ жол» партиясы атынан Президент сайлауына түседі

«Ақ жол» демократиялық партиясының кезектен тыс XV съезі Дания Еспаеваны ресми түрде президенттікке үміткер ретінде бекітті.

Съезд делегаттары құпия дауыс беріп таңдау жасады. Бұған дейін «Ақ жол» партиясының атынан 6 адам Президент сайлауына қатысуға ниетті болған. 13 сәуірде «Ақ жол» партиясының орталық кеңесінің пленумы президент сайлауына үміткерлерді анықтай алмады. Осы уақытқа дейін төрт адам — Өскемен мәслихатының депутаты Қуат Рахымбердин, Тараз мәслихатының депутаты Асан Қошмамбетов, партияның Атырау облыстық филиалының өкілі Серік Ерубаев және Солтүстік Қазақстан облысы заңгер кеңесшілер палатасының төрағасы Евгений Кинцель өз кандидатурасын ұсынған еді. Кейін олардың қатарына ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Дания Еспаева мен Қазақстан Құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев қосылды.

24 сәуірде үміткерлер бейнебаянын көрсетіп, сайлауалды ұстанымдарын жариялады, делегаттардың сұрақтарына жауап берді. Ал дауыс беру кезінде 190 делегаттың 49,5%-ы депутат Дания Еспаеваның кандидатурасын қолдады. Бірақ кандидаттың дауысы 50%-дан асуы керек. Осыдан кейін президиум мүшелері кеңесіп, екінші турды өткізбеу жөнінде шешім қабылдады. Себебі Дания Еспаеваның басымдығы айқын болды. Делегаттар бұл шешімді қолдады. Сөйтіп Дания Еспаева партияның атынан кезектен тыс Президент сайлауына кандидат ретінде бекітілді.

ДереккөзInform.kz