Қасым-Жомарт Тоқаевтың құжаттары Орталық сайлау комиссиясына тапсырылды.
ОСК баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2019 жылғы 23 сәуірде «Nur Otan партиясы» қоғамдық бірлестігі Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясына «Қа маузақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 55-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мынадай құжаттарын ұсынды:
1. «Nur Otan партиясы» қоғамдық бірлестігі жоғары органының Қазақстан Республикасының президенттікке кандидат ұсыну жөніндегі отырысының хаттамасынан үзінді;
2. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан Республикасының президенттiгіне кандидат болып дауысқа түсуге келiсiм бергені туралы өтiнiші;
3. Өмірбаяндық деректері;
4. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының шотына сайлау жарнасын енгiзгенiн куәландыратын құжат;
5. Жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
6. Жоғарғы оқу орнындағы білімі туралы дипломдарының көшірмелері;
7. Мемлекеттік қызметте жұмыс тәжірибесінің бар екенін растайтын құжаттар.
Кандидаттың мемлекеттік тілді қаншалықты еркін меңгергендігін анықтайтын лингвистикалық комиссиясының отырысы 2019 жылғы 23 сәуірге тағайындалды.
Еске салайық, Nur Otan партиясының төрағасы, Тұңғыш Президент — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алдағы кезектен тыс Президент сайлауына партия атынан қатысуға Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынған еді. Партияның ХІХ съезінің делегаттары бұл ұсынысты бірауыздан қолдады. Қазақстан Президентін кезектен тыс сайлау 9 маусым күні өтеді.