Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, танымал диктор Сауық Жақанованың радиодағы ұстазы кім?
Сауық Жақанова өзінің диктор мектебінің ең мықты ұстазы Әнуарбек Байжанбаев дегенді жиі айтады. Диктор Azattyq.org сайтына берген сұхбатында былай дейді: "Мен Әнуарбек ағамен алғаш бірге хабар жазуға келдім. Бірақ қорқып отырмын, ал қорықсаң даусыңнан бәрі білініп тұрады. Сол сәтте Әнекең жазылуды (запись) тоқтатты да, маған қарап, "Сен диктор болуға келдің бе?" деп сұрады мен "Иә" дедім. "Ондай болса, қорқу дегенді қой, сабырлы бол! Бұдан былай қорықпайтын болсаң ғана сенімен бірге оқимын. Олай болмаса сенімен бірге ешқашан хабар оқымаймын!" - деді. Сол сәттен бастап, қорқыныш дегенге мән бермейтін болдым, ол кісінің бір ауыз сөзі жігерімді жанып жібергендей болды".
Қазақ радиосы қай жылы қай қаладан хабар тарата бастады?
Қазақ АКСР Пошта және Телеграф халық комиссариаты 1921 жылдың 29 қыркүйегінде Қазақ радиосы жұмысын іске қосты. Ал сол жылдың 1 қазанында радио ел астанасы Орынбордан алғаш рет тікелей эфирде хабар таратты.
Әріптестері бұл тұлғаны “Қазақ дикторларының соңғы тұяғы” деп атайды. Қай дикторды айтып отырмыз?
Аманжан Еңсебаев Қазақ радиосында 47 жылдан бері диктор болып қызмет етіп келеді. Ол қазіргі уақытта “Шалқар” радиосында “Қазақ әңгімелері” айдарын жүргізеді. Аманжан Еңсебаевты әріптестері “Қазақ дикторларының соңғы тұяғы” деп атайды. Ол - қазақ радиосының атасы Әнуарбек Байжанбаевтың шәкірті.
Радио қай жылы алғаш рет қазақша сөйледі?
Қазақ радиосы 1926 жылы Орынбордан Қызылордаға көшті. Бір жыл өткен соң радио қазақша сөйлей бастады.
Қазақ радиосында аптасына бір рет шығатын "Бармысың, бауырым?" бағдарламасын кім жүргізеді?
"Бармысың, бауырым?" бағдарламасын Қазақ радиосының Бас редакторы Қымбат Досжан жүргізеді. Редакторы - Әсел Асқарқызы. Бағдарлама ұзақтығы - 40 минут. Журналист бұған дейін "Хабар" телеарнасындағы осы бағдарламамен бағыты да, аты да бірдей хабарды жүргізген еді.
Қазақ радиосының ең алғашқы дикторы кім?
Мина Сейітова Қостанай облысында туған. Қазақ радиосының ең алғашқы дикторы. Шын есімі - Мүслима. Ол көзінің тірісінде нақақтан “халық жауы” атанған Ахмет Байтұрсынұлының жиені екенін айтпай кеткен, қорыққан. Диктор соғыс жылдары Қазақстандағы ең танымал адамдардың біріне айналды. 1945 жылы Қазақстан Жеңістің хабарын Мина Сейітованың аузынан естіді.
Қазақ радиосы кімнің бастамасымен ашылды?
Радио Ахмет Байтұрсынұлының бастамасымен құрылды.
Мәскеуде 109 диктор қатысқан халықаралық байқауда "Левитан" атындағы жүлдені жеңіп, ТМД елдері арасында үздік бес диктор қатарына қосылған Қазақ радиосының жүргізуші-редакторы.
Мұхамедәлі Болатұлы - Қазақ радиосының жүргізуші-редакторы. 2016 жылы радиодикторлар арасында 10-нан астам мемлекеттен 109 диктор қатысқан халықаралық "Говорим как Левитан" байқауында үздік атанып, арнайы жүлдені жеңіп алған. ТМД кеңістігінде үздік бес радио диктордың тізіміне енген (2016 ж.).
Қазақ радиосы 1926 жылы Қызылордаға көшті. Ал 1931 жылы қай қалаға ауысты?
1931 жылы Қазақ радиосы сол кездегі республиканың екінші астанасы Алматыға көшті. Бұл жерде радио 2012 жылға дейін жұмыс істеді. Қазір радио Нұр-Сұлтаннан хабар таратады. Алматыда филиал жұмыс істейді.
Бағдарлама тікелей әуе толқынына шығады. Жүргізуші-психолог тыңдармандармен амандасқан соң тақырыппен таныстырып, соған қатысты сұрақтарды оқиды. Хабарда тыңдарман сауалдарына жауап беріліп, қажет кеңес ұсынылады. Эфир барысында көпшіліктің ерік-жігерін жанып, өзін-өзі бағалап, тұлғалық қасиетті арттыруға байланысты әндер беріледі. Қазақ радиосындағы әлеумет жанрдағы осы бағдарламаны атаңыз.
"Жан әлемі" бағдарламасы аптасына бір рет бейсенбі күні шығады. Хабарды Мәдина Махамбетқызы мен Нұрүл Молдабайқызы жүргізеді.
Әлеуметтік желіде бөлісу: