Жұмыс уақытына қатысты құқығыңызды білесіз бе?

жұмыс уақыты, еңбек құқығы
Иллюстарция: Freepik.com

Адам күніне қанша уақыт жұмыс істеуі қажет? Басшы үстеме жұмыс берсе, не істеген жөн? Baribar.kz қызметкердің жұмыс уақытына қатысты құқығын тарқатып жазды.

1. Жұмыс уақыты деген не?

Жұмыс уақыты - бұл жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы еңбек келісімшартына сәйкес, қызмет міндеттерін орындайтын уақыт кезеңі. Еңбек кодексі бойынша адам күніне көп дегенде 8 сағат жұмыс істеуі қажет.

2. Жұмыс уақытының қандай түрлері бар?

Жұмыс уақытының 3 түрі бар: қалыпты, қысқартылған, толық емес.

Қалыпты жұмыс уақыты аптасына 40 сағаттан аспауға тиіс.

Қысқартылған жұмыс уақыты кәмелетке толмағандар үшін белгіленеді. 14 жастан 16 жасқа дейінгі қызметкерлердің жұмыс уақыты аптасына 24 сағаттан аспауы керек. Ал 16-18 жастағылар аптасына ең көбі 34 сағат жұмыс істеуі қажет. Қысқартылған жұмыс уақытындағы қызметкерлерге жалақы толық төленеді.

Ауыр жұмыста, еңбек жағдайы зиян немесе қауіпті жұмыста істейтін жұмысшы қызметі аптасына 36 сағаттан аспағаны дұрыс.

І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдардың жұмыс кезі аптасына 36 сағаттан, күніне 7 сағаттан аспағаны жөн.

Толық емес жұмыс уақыты – жұмыскер мен жұмыс беруші арасында жазбаша келісім бойынша белгіленетін қызмет кезеңі. Басшы жүкті әйелдің, үш жасқа дейінгі баласы бар ата-ананың біреуінің, сонымен қатар медицина қорытындысына сәйкес, отбасының науқас мүшесінің күтімімен айналысатын жұмысшының жазбаша өтінішімен оларға толық емес жұмыс уақыты режимін белгілеуге міндетті. Толық емес жұмыс уақытындағы қызметкер жұмыс істеген уақыты немесе өніміне сай жалақы алады.

3. Түнгі жұмыс уақыты мен ақысы қалай есептеледі?

Түнгі жұмыс - 22.00-06.00 аралығында атқарылатын қызмет. Күндіз жұмыс істейтін қызметкерлер мен түнде жұмыс істейтіндердің міндеті мен құқығы бірдей.

Тек түнде жұмыс істеген қызметкердің түнгі жұмыс сағатына төленетін төлемі күндізгі ауысым сағатынан бір жарым еседен төмен болмауы керек.

4. Түнгі ауысымда кімдер жұмыс істей алмайды?

Түнгі жұмысқа 18 жасқа толмаған қызметкерлер, жұмыс берушіге жүкті екені туралы анықтама берген әйел шықпайды. Бұл санаттағы адамдар түнде жұмыс істеуге өз еркімен келісіп тұрса да, заң бойынша оларды жұмысқа шығаруға тыйым салынған.

7 жасар баласы бар немесе 16 жасқа дейінгі мүгедектігі бар баланы асырып отырған ата-ана жазбаша келісім арқылы түнде жұмыс істеуге мүмкіндігі бар.

Мүгедектігі бар адамдар өз келісімі және дәрігердің жұмыс қызметкер денсаулығына зияны жоқ екенін растайтын анықтамасымен түнгі қызметке шыға алады.

5. Жұмыс кезінде үзіліске қанша уақыт берілуі керек?

Қызметкерлерге жұмыс арасында кемінде бір сағат үзіліс, ол көбіне жұмыс басталғаннан кейін төрт сағаттан соң беріледі. Бұл кезде оларға демалуға, тамақтануға, тіпті жұмыс орнынан басқа жаққа кетуіне болады.

Сонымен бірге Еңбек кодексінде арнаулы үзілістер туралы жазылған. Мұндай үзіліс уақыты суық кезде далада, жылымайтын жабық ғимаратта, жүк тасумен айналысатын қызметкерлер жылынуы және демалуы үшін қарастыралған.

Бір жарымқа жасқа дейінгі балалары бар әйелдер жұмыс уақытының әрбір үш сағаты сайын кемінде 30 минут үзіліс алуға құқылы.

6. Үстеме жұмыс деген не?

Үстеме жұмыс - қызметкер жұмыс берушінің бастамасы бойынша жұмыс уақытының белгіленген ұзақтығынан (есептік кезеңдегі жұмыс сағаттарының қалыпты санынан артық) тыс орындайтын жұмыс. Ол екіжақтың келісімімен орындалады.

Кез келген қызметкердің үстеме жұмысы 2 сағаттан аспауы керек. Ал ауыр жұмыста, еңбек жағдайы зиян немесе қауіпті жұмыста істейтін жұмысшылар бір сағат қана үстеме жұмыспен айналысуға тиіс.

Жалпы үстеме жұмыс айына 12 сағаттан, жылына 120 сағаттан аспауға міндетті. Ол үшін қосымша ақша төленеді.

7. Қызметкер келісімінсіз қандай жағдайда үстеме жұмыс беріледі?

Қызметкерді келісімінсіз елді қорғау үшін, төтенше жағдай, дүлей зілзаланы немесе өндіріс апатын болдырмау немесе зардаптарды тоқтату үшін үстеме жұмыс беруге болады.

Сонымен бірге сумен, газбен, жылумен, энергиямен жабдықтау үшін және өмір сүруге қажет өзге де жүйелердің қалыпты жұмысы бұзылғанда шақыртуға болады.

Оған қоса, жұмыс беруші белгілі себептермен бір қызметкер келмей қалғанда, ауыстыру шараларын қолдануына және өндіріс тоқтап қалмауы үшін екінші қызметкерді келісімінсіз үстеме жұмыс істетуге құқығы бар.

8. Кімдерге үстеме жұмыс беруге болмайды?

Үстеме жұмысты:

  • 18 жасқан толмаған қызметкерлерге;
  • жұмыс беруші жүкті екені туралы анықтама берген әйелдерге;
  • мүгедектігі бар адамдарға беруге болмайды.

9. Жұмыс уақытында демалыс қалай беріледі?

Жұмыс уақытының екі түрі бар. Бірінде қызметкер аптасына бес күн жұмыс істеп, екі күн демалады. Мұндай режиммен күніне 8 сағат жұмыс істеу керек. Екіншісінде аптасына 6 күн жұмыс істеп, бір күн демалады. Жексенбі жалпыға ортақ демалыс күні болып есептеледі. Мұндай режиммен қызметкердің жұмыс уақыты 7 сағаттан аспауға тиіс.

Заң бойынша азаматтар Қазақстан Республикасының ұлттық мейрамдары, кәсіби және басқа да мерекелерді демалуы керек.

10. Қай мерекелерде демаламыз?

1-2 қаңтар - Жаңа жыл;

7 қаңтар - Ескі жаңа жыл;

Құрбан айт мейрамы;

8 наурыз - Әйелдердің халықаралық күні;

22-23-24 наурыз - Наурыз мейрамы;

1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні;

7 мамыр - Отан қорғаушылар күні;

9 мамыр - Жеңіс күні;

6 шілде - астана күні;

30 тамыз - Қазақстан Республикасының Конституциясы күні;

Құрбан айт мейрамы;

1 желтоқсан - ҚР тұңғыш президенті күні;

16-17-18 желтоқсан - Тәуелсіздік күні.