ЖК ашқан тиімді ме, әлде ЖШС ма?

ЖК, ЖШС
©Baribar.kz

«Өз кәсібімді ашамын» деп, бір тоқтамға келгеннен кейін, көпшілігі «ЖК ашқан дұрыс па, әлде ЖШС ашуым керек пе?» деп ойланып жатады. Осыған қатысты халыққа қызмет көрсету орталығының, салық басқармасы кеңесшісінің, сондай-ақ бухгалтердің кеңесіне жүгіндік.

1. Жеке кәсіпкерлік деген не?

Жеке кәсіпкерлік өз бетінше қызмет ететін бір ғана жеке тұлғадан құрылады. Артықшылығы:

  • Тегін әрі жылдам тіркеуге болады (шамамен 20 минутта жеке кәсіпкерлігіңізді аша аласыз).
  • Мемлекеттік реттеуге аз ұшырайды. Декларацияны (кәсібіңіздің есебін) жылына екі рет қана тапсырасыз.
  • Тым көп құжаттар жүргізуді қажет етпейді.

2. Жеке кәсіпкерлікті қалай ашамын?

Жеке кәсіпкерлікті халыққа қызмет ету орталығынан немесе үйіңізде отырып-ақ egov.kz порталынан, сондай-ақ elisence.kz сайты арқылы аша аласыз.

  • Тіркелу үшін өзіңізбен бірге төлқұжатыңыз болса жеткілікті. 

Құжаттар тапсырылғаннан кейін, салық басқармасынан жеке кәсіпкерлікті растайтын талон мен хабарлама беріледі. Сонымен, сіз жеке кәсіпкерліктің иесі болып шыға келесіз.

3. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік дегеніміз не? Қалай ашуға болады?

ЖШС - бір немесе бірнеше құрылтайшысы бар заңды тұлға (фирма, ұйым, т.б.). ЖШС ашу үшін сізде жарғылық капитал болу керек. Жарғылық капитал дегеніміз - құрылатын кәсіпорынның активтеріне құрылтайшылар салған бастапқы сома.

ЖК ашқандай, ЖШС-ны ашу үшін төлқұжатыңыз болса, жеткілікті. Халыққа қызмет ету орталығынан немесе үйіңізде отырып-ақ egov.kz порталынан, сондай-ақ elisence.kz сайты арқылы ашуға болады. 

Заңға сәйкес, ЖШС-ның фирмалық атауы, серіктестің атауы, сондай-ақ «жауапкершілігі шектеулі серіктестік» немесе «ЖШС» аббревиатурасы бар болуы қажет.

4. ЖК мен ЖШС-да салық қалай cалынады?

ЖК-да салық мөлшері төменірек. Жылына түскен пайданың 10%-ын төлеп отырасыз. Егер Сізге жеңілдік қарастырылса, алты айда бір түскен пайданың 3%-ын төлейсіз. Ал ЖШС-да жылына бір рет түскен пайданың 20%-ын төлеу керексіз. Дегенмен, ЖШС-ға да жеңілдік қарастырылған, алты айда бір рет түскен пайданың 3%-ын төлеуге болады.

Мынаны ескеріңіз: жеңілдік қарастырылған болса, ЖК-да қызметкерлер саны 25-тен, ал ЖШС-да 50-ден аспауы керек. Жеңілдіксіз ЖК-да қызметкерлер саны 100-ге дейін рұқсат етіледі. ЖШС-да 250-ден артық қызметкер алуыңызға болады.

5. ЖК мен ЖШС-тің қандай мүмкіндіктері бар?

  • Жеке кәсіпкерлік мұраға қалмайды. Ал ЖШС-ға қатысушының үлесін оның мұрагерлеріне ауыстыруға болады. Ол ҚР Азаматтық кодексіне сәйкес жүргізіледі.
  • ЖК-да жарты жылдық айналым 1400 төменгі айлық көрсеткіш, ал ЖШС-да жарты жылдық айналым 2800 төменгі айлық көрсеткіштен аспауы керек. (1 ТАК –24 459).
  • Қосымша құн салығынсыз жұмыс істейтін ЖК кіріс көлемі 15 мың АЕК-тен яғни 34 млн теңгеден аспауы керек.

Тендерге қатысқанда және шетелмен нарықтық қатынастар жүргізгенде ЖШС-ның артықшылығы байқалатынын ескеріңіз.

6. ЖК қалай тоқтатылады?

ЖШС мен ЖК-ны ашудан жабуы өте қиын деген сөздерді естіп жатамыз. Шындығында мына ақпараттарға сүйенгеніңіз жөн:

  1. ЖК-ны жабу үшін алдымен жергілікті кез келген газетке ЖК-ны жапқандығыңыз жайлы хабарлама бересіз.
  2. Салық басқармасына барып мөріңізге ликвидация жасайсыз. Егер мөр болмаса, халыққа қызмет көрсету орталығынан жоқтығы жайлы анықтама аласыз.
  3. Салық басқармасына кассалық аппаратты (бар болған жағдайда) өткізесіз.
  4. Банктегі есепшотыңызды жабасыз.

Бір күннен кейін ЖК жабылғандығы жайында хабарды аласыз. Оны kgd.gov.kz сайтынан да алуға болады. Ескере кететін жайт, ЖК-ны 3 жылдан 5 жылға дейін уақытша тоқтатуға болады.

7. ЖШС-ны қалай жабамын?

  1. ЖШС-ны жапқандығыңыз жайлы жергілікті газетке хабарлама бересіз.
  2. Газет бетінде жарияланғанына екі ай толғаннан кейін ғана ЖШС-ны жабу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына барып, қажетті құжаттарды өткізесіз. Олар:
  3. ЖШС-ны жапқандығыңыз туралы сот үкімі;
  4. Салық және кеден басқармасынан ешқандай қарызыңыздың жоқтығын растайтын анықтама.
  5. Мөрдің жойылғандығы туралы анықтама;
  6. Егер ірі кәсіп болса, мемлекеттік баж салығын төлейсіз. Ал шағын және орта бизнес үшін аталған салықтан босатыласыз. Мемлекеттік баж салығының көлемі - 6 AEK (1 АЕК - 2269).

Барлығы орындалғаннан кейін бір күннен соң, жабылғандығы туралы хабарлама аласыз.