Вакцинация туралы кең таралған 9 сұрақтың жауабы

вакцина, медицина
Иллюстрация: Dribbble.com/©Dani Maiz

Қазақстанда вакцина егу 1 ақпанда басталды. Халық арасында вакцинаға байланысты алуан түрлі сұрақ бар. Осыған орай Coronavirus2020.kz сайтындағы вакцинация туралы ресми ақпараттың негізінде жауаптар ұсынып отырмыз.

1. Қазақстанда вакцинация міндетті ме?

Жоқ, ерікті түрде жүреді. "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекстің 77-бабына сай, кез келген медициналық ем-шара, оның ішінде вакцинация адамның ақпараттандырылған келісімімен ғана жүргізіледі. Қазақстанда азаматтың вакцинациядан бас тартқаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылмаған. Кез келген қысым заңсыз.

2. Қазақстанда қандай вакцина қолданылып жатыр?

2021 жылдың 1 ақпанынан бастап Ресейде шығарылатын Гам-КОВИД-Вак ("Спутник V") вакцинасы пайдаланылып жатыр. Ал 15 ақпаннан бастап Қарағанды фармацевтика кешенінің базасында өндірілген Гам-КОВИД-Вак вакцинасы қосылды.

2021 жылдың 2 тоқсанынан бастап QazCovid-In атты отандық препаратты пайдалану жоспарланып отыр. Қазір бұл вакцина клиникалық сынақтың 3-кезеңінен өтіп жатыр.

3. Коронавирусқа қарсы вакцинаны кім ала алады?

Азаматтарға екпе егу процесі вакцинаның келіп түсуіне байланысты кезең-кезеңімен жүзеге асады. Коронавирусты жұқтырып, оны тарату тәуекелі жоғары топтар бірінші қабылдайды. Одан әрі халықтың осал топтары қамтылады.

Бірінші кезеңде инфекциялық ауруханалардың, жедел медициналық көмек, реанимация, медицина-санитариялық алғашқы көмек көрсету, қабылдау бөлмелерінің медицина қызметкерлері, санэпидқызмет мүшелері вакцинацияланады.

Екінші кезеңде жалпы білім беретін мектептердің, жоғары оқу орындарының педагогтары, бірінші кезеңге кірмеген медицина қызметкерлері вакцина алады. Үшінші кезеңде мектеп-интернаттардың, мектепке дейінгі мекемелердің педагогтары, студенттер мен созылмалы аурулары бар адамдар қамтылады.

Сонымен қатар қосымша осал топтар: ТЖМ, ІІМ, Қорғаныс министрлігі, ҰҚК, Мемлекеттік күзет қызметі және тағы басқа қызметкерлерге вакцина егу жоспарда.

Бұдан бөлек қазір бірқатар қалада азаматтар ерікті түрде вакцина қабылдап жатыр.

4. Вакцинаның жанама әсерлері бар ма?

Адамның ағзасы кез-келген вакцина нәтижесінде иммунитет қалыптастырады. Сонымен қатар дене температурасының аз уақыт бойы жоғарылауы, вакцина орнында қызару мен ісіну пайда болуы - қалыпты жағдай.

5. Вакцинадан кейін аллергия пайда болуы мүмкін бе?

Медицина қызметкерлері кез келген вакцинаны салмас бұрын пациентте аллергияның бар-жоғын анықтайды. Ауыр аллергиялық ауру болса, вакцина егілмейді, медицина тұрғысынан бас тартылады. Сондықтан аллергиялық реакцияны болжау мүмкін емес. Әр адамның ағзасы әртүрлі.

Адам вакцинация алғаннан кейін алғашқы 30 минут (медицина мекемесінде) дәрігердің бақылауында болуы керек. Дәл осы уақыт аралығында вакцинаға аллергиялық реакция байқалуы мүмкін.

Осыдан әрі адам 3 күн бойы тіркелген мекенжайы бойынша учаскелік дәрігердің бақылауында болады. Сонымен қатар вакцина алған әр адамның қолына оның ықтимал кері әсері және мұндай әсерлер байқалғанда хабарласа алатын емханалардың телефон нөмірлері көрсетілген арнайы жадынама беріледі.

6. Неліктен вакцинаны екі кезеңде алу керек?

Коронавирусқа қарсы вакцинаны араға 21 күн салып, екі кезеңмен алу керек. Бірінші доза антиденелердің аз мөлшерін өндіруге байланысты қысқа қорғаныс әсерін береді. Екінші доза біріншісінің әсерін күшейтеді және нығайтады, адам организміндегі антиденелер саны артады.

7. Балаларға коронавирусқа қарсы вакцина егіле ме?

"Спутник V" вакцинасын 18 жасқа дейінгі балаларға қолдануға болмайды. Екпені тек кәмелет жасына толған азаматтар ала алады.

Қазақстанда өндірілген вакцина қазір клиникалық сынақтың 3-кезеңінен өтіп жатыр. Әзірге бекітілген нұсқаулық жоқ. Сондықтан бұл препарат бойынша кімдер ала алатыны анықталып жатыр.

8. Вакцинацияның электрон паспорты деген не?

Вакцинацияның электрон паспорты – бұл вакцинаның медициналық тарихы. Яғни вакцина алатын халықты үздіксіз бақылау және оған мониторинг жүргізу үшін денсаулық сақтау саласындағы негізгі модуль.

Қазір вакцинацияның электрон паспортын әзірлеу аяқталып келеді. Паспорт деректері медицина қызметкерлері үшін Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық ресурстарында, ал пациенттер үшін eGov Mobile қосымшасында жарияланады.

Вакцинацияның электрон паспортын вакцинация ем-шарасынан өткеннен кейін тікелей eGov Mobile мобильдік қосымшасында көруге болады. Электрон паспортта азамат, ол алған вакцинаның түрі, вакцинация ем-шарасының кезеңі, сонымен қатар вакцинациядан кейінгі кезеңдегі бақылау туралы ақпарат беріледі.

9. Вакцина неге тез дайын болды?

Пандемия кезінде вакцина өте қажет болды. Көп адамның бұл инфекцияны жұқтыруы екпе әзірлеу процесін жылдамдатып жіберді. Бұдан бөлек фармацевтика компаниялары мен мемлекеттер вакцина саласына айтарлықтай көлемде ресурс (ақша, адам тұрғысынан) жұмсады.

Бірақ вакцинаның жылдам әзірленуі қауіпсіздік ережелері ескерілмей қалды деген сөз емес. Ғалымдар осыған дейінгі тәжірибесіне, зерттеулеріне, дайындығына сай жұмыс істеп, оң нәтижелерге қол жеткізе алды. Мәселен, "Спутник V" вакцинасы да бұған дейін жасалған әзірлемелер негізінде пайда болды, яғни ресейлік ғалымдар пандемияға дейін SARS-CoV-2 коронавирусы тектес патогендерге қарсы вакциналар мен препараттар жасаудың технологиялық платформасын ашқан еді.