Осы ұзақ жүру дегеніміз қанша уақыт? Әлбетте, біреулер үшін ұзақ уақыт кездесу 1-2 жыл, енді біреулер үшін 3-4, ары кетсе 5-7 жыл, ары қарай кете береді. Естуімізше, Қарақат пен Қыдырәлі үйленбестен бұрын 4 жыл кездескен, Бахтияр Артаев болашақ жарымен 9 жыл жүрген. Ендеше, жігіт пен қыздың ұзақ кездесуінің қандай пайдасы мен зияны бар? Жауап беріп көрелік.
1. Жігіт пен қыздың үйленер алдында ұзақ уақыт бойы кездесуі көп пайдасын алып келеді.
- Өз сүйіктіңнің мінез-құлқын, қасиеттерін тереңнен танып-білуге көп мүмкіндігің болады, яғни отбасы құрғаннан соң, жұбайыңның жағымсыз қылықтары саған «сюрприз» болмайды;
- Болашақ жарыңның отбасы, туыстары туралы көп мағлұмат білесің, материалдық және рухани құндылықтары туралы ақпараттарға қанық боласың.
- Ұзақ кездесу арқылы екі адам бір-біріне үйренеді, шыдамдылық, сабырлылық, иілу, көндігу, пікірін сыйлау сияқты мәдениеттілікті бойға сіңіреді.
2. Біреулерге көп уақыт бойы кездескен пайдалы, ал кейбіреулерге керісінше – зиян.
- Ұзақ кездескен жұптардың 80 пайызы ажырасуға жол бермейді. Бүгінде ажырасып жатқандардың көбі бір-бірін аз уақыт қана танитындар.
- Уақыт өте келе ортақ достары көбейіп, тіпті, орталары бір болады. Екі жас бір мерзімде бір жерде қыдырады. Бұл қызғаншақтықтың алдын алады.
- Ұзақ уақыт бойы қиындық пен қуанышты қатар көрген жұп үйленген соң да көп қиын да шешуші сәттерде шыдамды келеді, қиындықтарға төтеп бере алады, бір-біріне демеу болады.
3. Жігіт пен қыздың ұзақ қарым-қатынаста болуының кереғар тұстары да бар.
- Ұлдың батылдығы немесе қыздың еркелігі уақыт өте келе батылдық емес дөрекілікке, еркелік емес қылымсуға айналып кетуі мүмкін.
- Үйленгенге дейін көп уақытын бірге өткізген ерлі-зайыптыларға тойдан кейінгі қуанышты сәттер мүлде қызықсыз болып қалуы әбден мүмкін.
- Ұзақ уақыт кездесу көп жағдайларда жеке дүниелердің ортақ болып кетуіне әкеледі, мәселен, ақша, үй, ұялы телефон, машина т.б.
4. Негізі зияны мен пайдасы 50/50
- Ұзақ уақыт кездесуден соң аралары ашылып кеткен жағдайда, екі адам туралы қаңқу өсек көп болады.
- Арасы үзілген екі адам көп уақытын жоғалтады, соның салдарынан кәрі қыздар мен үйленбеген жігіттер қатары көбейеді.