Қала билігінің қандай да бір жоспары тұрғындардың қалауымен үйлеспей қалатын жағдайлар болуы мүмкін. Олар ымыраға да келіп жатады. Бір-бірінің шешімін өзгертеді, қабылдайды, ұнатпайды, кейде алғыстарын да жаудырады. Бүгін біз урбанистика және оның дамуына тұрғындардың қосар үлесі туралы айтамыз.
Материал Еуропа одағының қаржылай қолдауымен Британ кеңесі, Алматы әкімдігі, «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ және Қазақ-Британ техникалық университеті іске асырып жатқан «БізАлматы» жобасы аясында әзірленді.
1. Урбанистика бізге не үшін қажет?
Урбанистика архитектура немесе қала құрылысы емес. Қала - бір-бірімен тығыз байланысқан бірнеше бірліктен тұратын күрделі жүйе. Дәл осы байланысты урбанистика ғылымы зерттейді.
Урбанистиканың үш бағыты бар. Оның алғашқысы қаланың сыртқы формасы мен композициялық құрылымына, екіншісі қала инфрақұрылымына, яғни көлік, экономика және қаланың дамуына байланысты. Үшіншісі қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайына, олардың қала құрылымын жоспарлауға атсалысуына бағытталған.
2. Түсінікті тілмен айтқанда қалай?
Урбанистика әртүрлі ұлт түсіне алатын ортақ тіл сияқты. Ол тілде экономист, әлеуметтанушы, құрылысшы, статист, программист - түрлі мамандық иесі сөйлесе алады. Олар "урбанистикаша" түсінісіп, қаланы барынша көркейтуге, өмір сүруге қолайлы етуге күш салады. Кез келген маман иесі урбанист бола алады. Тек ниеті, идеясы, жоспары және қажыры болса, "дипломы" да бар деген сөз.
3. Енді түсінікті. Cонда олар не істейді?
Қала тіршілігіне сәл қызығушылық таныта қалған адамды бірден "мынау - урбанист" деп жатамыз. Олар көбіне көшедегі қоқыс, веложолдар мәселесін көтереді.
Нақтырақ айтқанда, урбанист қала құрылысының жобасына, архитектурасына, адамдарға қолайлы қаланы қалыптастыруға атсалысады. Олар билік пен халықты жақындастырады. Қалада кептеліс мәселесіне қатысты шешім ұсынады, оны жүзеге асырады немесе тағы басқа игі істер жасайды.
Мысалы, біраз уақыт бұрын алматылық Дмитрий Грозный күн батареясынан қуат алып, өзі жарықтанатын аялдаманы тұрғызды. Тест режимінде сынап, қаланы "ақылды" әрі шығынсыз ету идеясын ұсынды.
4. Урбанистер Қазақстанда да өмір сүре ме?
Иә. Бірақ олар көп емес. Айтпақшы, мегаполисте "Алматы қаласын дамыту орталығы" АҚ жұмыс істейді. Миссиясы – әлемдегі ең үздік тәжірибе мен әдістерге сүйене отырып, Алматыны тұрақты дамыту, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына жәрдемдесу.
Жуырда орталық сапа менеджментінің ISO 9001:2015 халықаралық стандарт талаптарына сәйкестігі сертификатын алды. Бұл оның қызметінің әлемдік талапқа сай екенін көрсетеді.
Алматы қаласын дамыту орталығында цифрлық кеңістікті қалыптастыру мен дамытуды көздейтін Цифрландыру кеңсесі, қаланы дамытудағы негізгі көрсеткіштерді бақылаудың автоматтандырылған ақпараттық-сараптамалық жүйесі – Ахуалдық орталық, жайлы қалалық ортаны дамыту мәселелерін зерттеумен айналысатын Урбанистика орталығы бар.
Жуырда Алматы әкімдігінде жаңа құрам жасақталды. Қалада 24 басқарманың алтауы қысқарып, оның 18-і қалды. Мемлекеттік сәулет-құрылыс және Жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасы бірігіп, Қала құрылысын бақылау болып өзгерді. Кей басқарманың атауы өзгерді. Соның ішінде Қаланы жоспарлау және Урбантистика басқармалары бар. Бұл Алматыда урбанистиканы дамыту нақты жолға қойылғанын аңғартады.
5. Алматыдағы урбанистика. "Фактілер сөйлесін"
Егер бірнеше жылға шегініс жасасақ, Алматыда көп өзгеріс болғанын байқаймыз. Мысал ретінде Панфилов көшесін алайық. Ол Қабанбай батырдан Жібек жолына дейін тек жаяу жүргіншілердің көшесіне айналды. Фонтандар, шамдар, қоқыс жәшіктері, архитектуралық формалар орнатылды, көше гранит плиткалармен жабылды. Оның соңынан "Арбатта" жаңарып, кеңіді. Биыл Жібек Жолын да жаяу жүргіншілер көшесіне айналдыру ісі қолға алынады. Ол Абылай хан даңғылынан Сейфуллин даңғылына дейін "Арбаттың" жалғасы болады. Сонымен қатар Төле би және Байсейітова көшесі де жөнделеді.
Бұдан бөлек, жалпы ауданы 570 гектар болатын 130 жасыл аймақ зерттелді. Бір айта кетерлігі, зерттеуге тек мамандар емес, қала тұрғындары да қатысты. Олар қаланың әртүрлі ауданындағы саябақтарды жаңғыртудың 23 эскиздік жобасын жасады. Қазіргі уақытта ұжым жұмысының нәтижесінде сегіз саябақ жаңарды.
Өткен жылы күз айында қалада барлық жерасты өткелі күрделі жөндеуден өтті. Өткелдерге диодты жарық көздері мен датчиктер, музыка шығаратын дыбыс динамикалары орнатылды. "Қауіпсіз қала" жобасы аясында бірнеше видеокамера қойылды.
Тұрғындарды қалалық шешімдер үдерісіне тартуға арналған тұрақты алаңдардың бірі - "БізАлматы" жобасы.
Қалада түрлі азаматтық бастамалар да жүзеге асып жатыр. Соның мысалы ретінде Urban Talks және Urban Forum Kazakhstan-ды атап өтсек болады. Бұл бастамалар - тәуелсіз диалог алаңы. Оған түрлі халықаралық эксперт, сала мамандары, жергілікті аудитория, бизнес, әкімдік өкілдері жиналып, қаланы дамыту мәселелерін талқылайды. Қала белсенділеріне қолдау көрсетеді.
6. Түсінікті. Ал мен қаланы дамытуға қандай үлес қоса аламын?
Егер Алматы мен тұрғындарының тұрмысын жақсарту бойынша идеяңыз болса, оны жүзеге асыру үшін "БізАлматы" байқауы аясында грант ұтып алуыңызға болады.
Байқауды Британдық Кеңес, Алматы әкімдігі, "Алматы қаласын дамыту орталығы" АҚ және Қазақстан-Британ техникалық университеті ұйымдастырып отыр. Әр жобаға берілетін гранттың ең үлкен мөлшері - 5 000 еуро.
Байқауға қандай жобалар қатыса алады?
- Жергілікті аудандардың инфрақұрылымын дамыту;
- Жаңа бизнес-инкубаторларды, жаңа цифрлық технологиялар мен мобильдік қосымшаларды құру;
- Қоғамдық кеңістіктерді, шығармашылық орталықтар мен жаңа әлеуметтік кәсіпорындарды ашу;
- Бейнематериалдар шығару бойынша және қаладағы жекелеген орындар мен кеңістіктерді көгалдандыру бойынша жобалар қатыса алады.
Конкурсқа қатысу туралы толық ақпаратты мына сілтемеге өтіп біле аласыз.
Өтініштерді қабылдау 2019 жылдың 15 ақпанында сағат 23:59-да аяқталады.