Тендерге қалай қатысуға болады?

Тендер саласына енді аяқ басқан кәсіпкерлерге көптеген сұрақтар түсініксіз болуы мүмкін. Осыған қатысты негізгі білу керек ақпараттарды жинаған болатынбыз.

1. Мемлекеттік сатып алу және тендерге қатысуға өтінішті қалай беруге болады?

Екі формада. Бірі - қағаз жүзінде (стандартты), екіншісі - электронды нұсқада. Электронды нұсқада тендерге қатысу - қазіргі уақытта ең жиі қолданылатын тәсіл. Себебі құжаттарды рәсімдеудің барлық процесі электронды формада жүргізіледі. Келісімге отыру да электронды нұсқада өтеді. Қағаздарды шығарып басып жүрудің қажеті жоқ. Уақытты үнемдейді. Бұл процестің барлығы goszakup.gov.kz порталында жүзеге асады. Байқаулар туралы ақпараттарды осы порталдан біліп отыра аласыз. Тіркелмеген болсаңыз да.

Айта кетейік, табысты тендер ойыншысы әрдайым байқауларды бақылап отырады.

2. Тендерге қатыспас бұрын не істеу керек?

  • ЭЦҚ кілтіңіз болуыңыз керек. Оны жергілікті халыққа қызмет көрсету орталығына барып ала аласыз. Осы кілтпен бір жыл көлемінде электронды сауда-cаттыққа қатысcаңыз болады.
  • Жұмыс орнын дайындаңыз. Сізге бар керегі: үстел мен интернеті қосылған, қажетті бағдарламалық жасақтамасы бар компьютер. Мамандардың кеңесінше, тендерге өтініш беру кезінде бір емес, бірнеше компьютерді дайындап қойсаңыз, өзіңізге пайдалы. Себебі техникаға 100% сенім жоқ екенін бұған дейінгі тәжірибеңіздің арқасында білетін шығарсыз.
  • Қажет құжаттар дайын тұруы керек.

3. Тендерге қатысу үшін қандай құжаттар керек?

Нақты белгілеген құжаттар жоқ. Әр байқаудың өзіндік ерекшеліктеріне байланысты болады. Мысалы, лицензияны талап ететін және талап етпейтін байқаулар бар. Сонымен, қажет құжаттар мынадай болуы мүмкін:

  • кәсіпорын басшысы растаған өтініш;
  • нотариуспен расталған ЖСН көшірмесі;
  • мемлекеттік тіркеу туралы куәлік;
  • салық қызметіне берешектің жоқтығын растайтын анықтама;
  • компанияның соңғы үш айдағы қаржылық жай-күйі туралы есебі.

Құжаттарды толтыру кезінде, "Техникалық спецификациясы" деген бөлім бар. Бұған жеткізетін тауарыңыздың сипаттамасын саласыз. Бұл міндетті толтыру керек бөліміне кіреді.

Бұдан бөлек, Сіздің осы уақытқа дейін орындаған тендерлеріңіз, жалпы тәжірибелеріңізді растайтын құжаттарыңыз болса, соларды порталға жүктесеңіз болады. Бірақ міндетті емес. Бар болып, салып қойсаңыз, Сізге пайыздық жеңілдіктер береді.

Тағы бір ескеретін тұсы, тендерге бөлінген ақшаның бір пайызын тапсырыс берушінің есепшотына аударуыңыз керек. Егер тендерді ұтсаңыз, тағы да бөлінген ақшаның үш пайызын аударуыңыз қажет болады.

Еске салайық, жоғарыда айтылғандардан бөлек, тапсырыс берушінің өзі талап ететін құжаттар да (мамандардың дипломы, т.б. тәрізді) болады.

4. Тендерді ұтудың басты шарты қандай?

goszakup.gov.kz порталында тендерлерге байқау екі тур бойынша өтеді. Бірінші турда құжаттардың дұрыстығына мән беріледі. Өтініштерді қабылдау уақыты тоқтатылған соң, құжаттарды тексеру басталады. Егер қандай да бір қателік болса, Сізге құжаттарды дұрыстау туралы хабарламаны жібереді. Үш жұмыс күні ішінде оларды реттеп, өтінішті қайта жібере аласыз.

Барлық құжаттар дұрыс болса, екінші турға өтесіз. Мұнда үміткерлер тендерге өздерінің бағаларын ұсынады. Кім төменгі бағаны көрсетсе - сол ұтады. Үміткерлер бір-бірінің берген бағаларын біле алмайды.

Осыларды ескере отырып, тендерге қатыспас бұрын, нарықты әбден зерттеп алғаныңыз жөн.

5. "Қара тізімге" қандай жағдайда кіруіңіз мүмкін?

Тендерді ұтып алғаннан кейін, одан бас тартсаңыз, "қара тізімге" енесіз. Сотқа шақырыласыз. Екі жыл көлемінде сол ЖК/ЖШС-мен тендерге қатыса алмайсыз.

Тендерге қатысқанда және шетелмен нарықтық қатынастар жүргізгенде, ЖШС-ның артықшылығы байқалатынын ескеріңіз. Тапсырыс берушілер ЖК-дан қарағанда, көбіне ЖШС иерлеріне сенім артады. Сондай-ақ, егер ЖК басшысының атында қандай да бір айыппұл болса, тендерге қатыса алмайды. Есепшотын уақытша жауып тастайды. Ал ЖШС құрылтайшыларына бұл рұқсат етіле беріледі.