Тазыдай жүйрік, төбеттей мықты ит жоқ

тазы ит
фото:www.voxpopuli.kz

Әр халықтың құрмет тұтып, жырына қосар жануары бар. Ал қазақ жеті қазынаның бірі деп, тазыны құрметтеген. Яғни, құмай тазы мен тарлан төбет қазақпен бірге жұтта ұлып, жауынгерге серік болды. Аңшының ең жақын досы болып, қансонарға бірге шықты. Дауыл мен ақ үрпек боранда ауылды күзетті, шаңдатқан көштің соңында мал қайырысты. Қысқасы, қазаққа еңбегі сіңді.

1. Әлемде тазыдай жүйрік, төбеттей мықты ит жоқ

Төбеттің тарихы б.з.д. 1121 жылы басталған деседі. Бұл енді ең көне табылған төбет сүйегімен сәйкес келетін деректерге байланысты айтылған жорамал. Төбет пен тазының тарихы одан да тереңде екені анық, бірақ археология тек фактіге сенетін ғылым болғандықтан, төбеттің тарихын б.з.д. 1121 жылға белгілепті.

Әлемге әйгілі саяхатшы Марко Поло XIII ғасырда алып та дархан қазақ даласына ат басын бұрған екен. Сол сапарында ол қазақ даласында бұғып жатқан талай құпияны өз көзімен көріп, таңдана жазба деректеріне түсірген деседі.

Сол жазбалардың бірінде саяхатшы: «Тайыншадай биік денелі иттер – тағы аңдарды аулауда, күзетте және ауыр жұмыстарда тамаша серік сияқты», - деп жазыпты.

2. Қазақтар малға шапқан кезінде қорғануға бөрібасар асыраған

Азулы аңдарды алуға, олардан малға шапқан кезінде қорғануға қазақ төбеті былайша айтқанда бөрібасар асырағаны көпке мәлім. Оның тұқымы ғұндар заманынан бастау алады. Оны америкалық ғалым Джексон Стэнфорд Қытай жылнамаларындағы деректерге сүйене отырып, "шамамен біздің заманымызға дейінгі 126 жылы Орталық Азияға иттің бұл тұқымын ғұндардан батысқа қарай Алтай тауларында орналасқан өздерін өзі "юэчжи" деп атайтын көшпелі тайпа әкелген" деген дерегі қуаттайды.

"Юэчжилер үйір-үйір жылқы бағып, жылқы сүтін сусын ретінде ішкен. Сол көп жылқыны үлкендігі тайдай, қара түсті сабалақ қара иттер күзеткен. Бұл иттің қаһарына қарсы тұрар хайуан жоқ", - деген деректерді алға тартады ғұндардың батысындағы Алтайдағы юэчжилер туралы жазбада қытай жылнамасы.

Сол замандағы Қазақ даласындағы Шағатай ұлысынан қасқыр алатын бұл иттерді саяхатшы хан сарайынан кезіктірген. Оларды өсірумен арнайы айналысатын қызметшілер болған екен. Ит саны 10 мың бас көлемінде болған. Қасқыр алар иттердің хан сарайында осынша мән беріліп, арнайы өсірілуі еріккеннің ермегі емес, жыртқыштармен жағаластырған көшпенді өмір талабынан туындағаны белгілі жайт.

3. Зобалаң заманда талай ауылды аман сақтап қалған – тазылар

Тазының тарихы б.з.д. 6000 жылдыққа тиесілі. Осыдан 6000 жыл бұрын белі қусырылған жүйрік тазылардың даламызда мыңдап кезіп жүргеніне сену өте қиын. Өйткені бүгінде олардың 600-і ғана қалған. Қуғанын жібермейтін жүйрігіміздің саны жыл са­йын азайып бара жатыр.

Тазының жеті қазынаның ортасынан ойып орын алып, сал-серінің жанында еріп жүрер серігі бола білген. Ақан серінің Құлагерімен қатар қу бел тазысы да болғандығын жадымыздан шығармауға тиіспіз.

Мұхтар ­Құл-Мұхаммедтің: «Алтын адамның ерткен иті жоқ, егер ерте қалса, оның тазы болатынына менің еш күмәнім жоқ» деген сөздері де тазының кереметтігін көрсетіп тұр емес пе?!

4. Тазының ең жүйрігі – құмай тазы

Тазының ең жүйрігін, аң алғыш, ұшқырын құмай, құмай тазы деп атайды. Халқымыз тазының ең күштісіне, жүйрігіне «нағыз құмай екен, қанатты құмай екен» деген секілді мадақ сөздер айтқан, оның ерекше қабілеттеріне сүйсінген. Өз бойына біткен ептілік, жылдамдық, әдісқойлық, түлкі-қоянды құйын­дай соғатын, тіпті арқарға, қасқыр­ға шабатын қасиеттердің бәрі құмайға тән.

Құмай тазы өзінің ізшілдігімен, желмен жарысқан жүйріктігімен, сұлу мүсінімен өз аталастарының ішіндегі сырттаны, төресі деп есептелген. Асылы, құмайдың ерекше белгілері күшік кезінен-ақ байқалса керек.