Әйел адам күйеуінен зорлық-зомбылық көрсе, не істеуі керек? Өзін қалай қорғауы керек? Бұл туралы Алматы қаласы адвокаттар алқасының адвокаты Нұрсұлтан Нұрланов айтып берді.
1. Әйел тұрмыста зорлық көрсе, не істеуі керек?
Адам тұрмыста зорлық көрсе, міндетті түрде полиция шақыруы керек және арыз жазуы керек. Денесінде жарақат болса, жедел жәрдем шақыруы керек. Жәдел жәрдем алғашқы көмек беріп, үстіндегі жарақат туралы ақпаратты тіркеп алады.
Полиция шақыруға мүмкіндігі болмаса, ертеңіне үйіне жақын маңдағы полиция учаскесіне немесе басқармаларға баруы қажет. Тіпті жәдел жәрдемге өз бетінше барып, жарақатын көрсетіп, жағдайды түсіндіруіне болады.
Дәл сол уақытта көмек қажет болса, даусын қатты шығарып, айғайлап, көршілерден көмек сұрауына болады. Көршілер де полиция шақыра алады.
2. Полиция арызды қабылдамай қоюы мүмкін бе?
Полицияның арызды қабылдамауға құқы жоқ. Арызданған адамның кез келген шағымын қабылдауға тиіс. Полиция арызды түрлі себеп бойынша қабылдамаса, мына жерлерге хабарласып, полицияның жұмысын дұрыс атқармай жатқанын айтып шағымдану керек:
- полицияның үстінен қарайтын сенім телефонына – 71-56-18 нөміріне;
- өзіндік қауіпсіздік басқармасына – 72-26-34 телефон нөміріне;
- өзі тұратын өңір прокуратурасының колл-центр орталығына;
- бас прокуратураның колл-центр орталығына – 115 нөміріне хабарласуға болады.
3. Арызды жазғанда не нәрсеге мән беру керек?
Зорлық көрген әйел арыз жазғанда болған жағдайды егжей-тегжей жазғаны жөн. Себебі әрбір дерек, әрбір факт маңызды болуы мүмкін. Сондықтан жақынының немесе полицияның – ешкімнің айтқанын тыңдамай, өз бетімен жазуы керек. Кейде полиция "былай жазыңыз, былай жазыңыз" деуі мүмкін. Мұндайда ешкімнің сөзіне құлақ аспай, өз білген-көргенін жазғаны дұрыс. Себебі зорлық-зомбылықтың қалай болғанын құрбанның өзі ғана біледі.
Тек сол күні емес, бұған дейін де жүйелі түрде зорлық-зомбылық көрсе, оның бәрін мерзімі бойынша рет-ретімен баяндап жазуы керек. Оған қоса зорлық-зомбылық салдарынан алған жарақаттарының фотосы, видеосы болса, оны да арызбен бірге өткізуі керек. Бұл дәлел болып саналады.
4. Тұрмыста зорлық-зомбылық көргеніңді дәлелдеу үшін денеңде міндетті түрде жарақат болуы керек пе?
Тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың құрбаны екеніңді дәлелдеу үшін денеңізде жарақат болуы немесе бір жеріңіз сынуы міндетті емес. Сот жазған арыз бойынша істі қарай береді. Ал денеңізде жарақат болса, міндетті түрде сот-медициналық сараптамасын жасату керек.
5. Зорлық-зомбылыққа жиі ұшырайтын адам айғақтарды қалай жинағаны дұрыс?
Сотта дәлел болатын, қылмысты дәлелдейтін барлық ақпаратты, деректі ұялы телефонға жиған дұрыс. Ұрыс-керісті аудиоға басып алуға, жарақатты фотоға, видеоға түсіріп алуға болады. Агрессор жоқ кезде денесіндегі әр жарақатты жақыннан, алыстан дұрыстап түсіргені дұрыс. Кейін оны құзырлы органдарға апарып тапсыруы керек.
Бірақ мынаны ескеру қажет. Дене жарақатының фотосы, видеосы - қосымша айғақтар. Сот медицина сарапшылары фотоға, видеоға қарап, адамға келтірілген зиян мөлшерін анықтай алмайды. Сол себепті құрбан медицина орталығына барып, сараптамадан өтіп, дене жарақатын тіркетіп, анықтама қағазын алуы қажет.
Тәуелсіз сот медицина сарапшыларына баруына болады. Дегенмен полиция шақырып, кейін солар арқылы медицина сараптамасын тапсырғаны жөн. Себебі сот процесінде әуелі осы полицияның, яғни қылмыстық қудалау органының жиған дәлелі қаралады. Ал тәуелсіз сараптаманы сот "белгісіз көз" санап, оған теріс баға беруі мүмкін. Сондықтан тергеушінің қаулысы бойынша, сараптамадан өткен абзал.
6. Арыз қанша уақытта қаралады?
Арыз бірден қабылданады. Бір тәулік ішінде тіркеліп, орындаушыға берілуі керек.
7. Әйел бірінші жағдайдан соң-ақ “жанына жақындауға рұқсат бермейтін” парақты талап ете ала ма?
Иә, талап ете алады. Бұл парақ 30 күнге жарамды. Агрессор парақтың мерзімі өткен соң, қайта қоқан-лоқы көрсетіп, мазасын алып, хабарлама арқылы қорқытып-үркітсе, аңдыса, үйіне келсе, әйел "жанына жақындауға рұқсат бермейтін" қағазды тағы алуына болады.
8. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық қандай заң бойынша қаралады?
Қазіргі таңда тұрмыстағы зорлық-зомбылық Әкімшілік кодекстің 73-бабы бойынша қаралады. Алайда 2024 жылғы 14 маусымнан бастап Қылмыстық кодекс бойынша қылмыстық іс болып қаралады.
Әкімшілік іс бойынша, агрессор 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы немесе 40 АЕК мөлшерде айыппұл салынуы мүмкін. Жаза құрбанға келтірген зиянға сәйкес беріледі.
Ал қабылданатын жаңа заң бойынша, агрессорға 200 АЕК мөлшерге дейін айыппұл салынады немесе 50 тәулікке қамалады. Бұл - адамға жеңіл зиян келтіргендерге, адамды ұрып-соққандарға берілетін жаза.
Адамды азаптаса, агрессор 600 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылады, үш жылға бас бостандығынан айырылады. Денсаулыққа орташа және ауыр зиян келтірген адам бас бостандығынан айырылады.
9. Зорлық көрген әйел үйінен қашып кетті делік. Қайда барғаны жөн?
Тұрмыстағы зорлық-зомбылық көрген әйелдің баратын жері болмаса, дағдарыс орталықтарына хабарласып, сол жерді паналауына болады. Мұндай орталықтар әр өңірде бар.
"Тұрмыста зорлық-зомбылыққа тап болған әйел қайдан көмек сұрайды?" деген мақаладан орталықтардың телефон нөмірін білуге болады.
10. Заңгерге қашан хабарласу керек?
Тұрмыста зорлық-зомбылық көрген адам білікті заңгерге де ертерек хабарласқаны жөн. Бұл өмірін сақтап қалуға, жүйке-жүйесін ауыртпауға, ақшасын үнемдеуге, көптеген қатенің алдын алуға көмектеседі.