
Елімізде күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. Жоспар бойынша, Қазақстан әскері қатарын шамамен 22 мың сарбаз толықтырмақ. Елорданың қорғаныс істері жөніндегі департаменті кім мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыра алатынын немесе одан босатылатынын түсіндіріп берді.
1. Әскерге баруды кім кейінге қалдыра алады?
- Азамат отбасы жағдайына байланысты;
- оқуын жалғастыру үшін;
- денсауғына қарай әскерге кейін баруына болады.
Оған қоса
- педагог (қызмет еткен кезеңінде);
- ауылдағы дәрігер (қызмет еткен кезеңінде);
- парламент депутаты немесе жергілікті өкілдік орган депутаты;
- тергеу ісі жүріп жатқан азамат;
- азаматтық әуе кемесі ұшқышы мен су көлігі экипаж мүшесі;
- құқық қорғау органдарының оқу орнында бастапқы кәсіби дайындықтан өтіп жүрген азамат әскерге кейін бара алады.
2. Әскерден толық босатылатындар кім?
- денсаулығына байланысты әскери қызметке жарамсыз деп танылған азамат;
- 27 жасқа дейін заңды негізде әскерге шақырылмаған азамат;
- жақын туыстары (әке-шеше, аға-іні, әпке-қарындас) әскери борышын өтеп жүріп қаза тапқан, қайтыс болған немесе І-ІІ топ мүгедегі бар азамат;
- басқа елде әскери (баламалы) қызмет өтеген азамат;
- Қазақстанның арнайы мемлекеттік органдарында қызмет еткен азамат;
- ғылым кандидаты немесе докторы дәрежесі бар азамат;
- тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметшісі.
Бейбіт уақытта сотталған адам әскерге шақырылмайды.
3. Әскерге шақыру қалай жіберіледі?
Әскери қызметке шақырылуға тиіс азаматтар жергілікті әскери басқару органының шақыру қағазы бойынша шақыру комиссиясына келуге міндетті.
Шақыру қағазы азаматтың өзіне қолхат арқылы, не жұмыс (оқу) орны бойынша ұйым басшысы арқылы, не SMS-хабарлама арқылы жіберіледі.
4. Шақыру алғаннан кейінгі процесс қандай болады?
- Денсаулығы қандай екенін анықтау және әскери қызметке қаншалық жарамды екенін білу үшін аудандық және облыстық медицина комиссия қарауынан өтеді.
- Облыстық (қалалық) жинақтау пунктінде медицина қарауынан, отбасы жағдайды, моральдық-іскерлік қасиеті, психологиялық зерттеу мен наркологиялық тестілеуді зерделеу нәтижесі бойынша әскерге алынушылар әскери бөлімге бөлінеді.
- Жинақтау пунктерінде әскери бөлімге үш тәулік ішінде жіберіледі. Осы уақытта шақырылғандарға жергілікті атқарушы орган тәулігіне үш мезгіл ыстық тамақ беруге тиіс.
- Іріктеуден өтіп, сұхбаттасудан өткен және әскери команда құрамына кірген азаматтар шақыру комиссиясы шешімі арқылы мерзімді әскери қызметке шақырылады.
- Әскери қызметшілер тізіміне шақырылғандарды жеке-жеке енгізу және әскери қызметке жіберу туралы қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының бұйрығы шығады. Осы бұйырқы шыққан күн әскери қызметтің басталу күні деп есептеледі.
5. Азаматтар әскерге қалай бөлінеді?
Әскерге шақырылған азаматтарды Қарулы күштер түрі мен әскеріне олардың мамандығын, денсаулығын ескере отырып, негізінен мынадай тәртіппен бөледі:
- Құрлық әскеріне ауыл шаруашылығын механизациялау және электрлендіру факультеттерін бітіргендер, бронетанктік техника шығаратын ұйымдарда жұмыс істейтіндер барады.
2. Әуе қорғаныс күштері мен Әскери-теңіз күштеріне математика, физика және инженерия-экономика факультетінтәмамдағандар, ракета, авиация және радиотехника саласында жұмыс істейтіндер барады.
3. Десанттық-шабуылдау әскеріне жалпы орта білімнен төмен емес, дене дайындығы жақсы, негізінен спортшы-парашютшілер барады.
4. ҰҚК Шекара қызметіне мемлекеттік шекараны қорғау ерекшелігіне байланысты орта білімнен төмен емес, дене және моральдық-психологиялық тұрғыда іріктелгендер барады.
5. Мемлекеттік күзет қызметіне бойы 180-195 см. аралығында, білім, жұмыс тәжірибесі мен дене дайындығына қойылатын талаптарға сай азаматтар барады.
6. Ұлттық ұланға қоғамдық тәртіпті және қылмыстық-атқару жүйесі нысандарын күзету міндетіне байланысты білімі негізгі орта білімнен төмен емес азаматтар барады.
7. Төтенше жағдайлар министрлігінің азаматтық қорғаныс әскери бөлімдеріне ауыл шаруашылығын механизациялау, электрлендіру, физика және инженерия факультетін бітіргендер барады.
6. Әскерден жалтарғандар қалай жазаланады?
- Әскери есепте тұрған азамат шақырғанға себепсіз келмесе, 5 АЕК мөлшерінде айыппұл (ӘҚБтК 647-бабы) төлейді.
- Медицина қарауынан жалтарғаны үшін ескерту беріледі немесе 3 АЕК айыппұл (ӘҚБтК 648-бабы) төлейді.
- Әскерден негізсіз жалтарса, Қылмыстық кодекстің 387-бабы бойынша, 1000 АЕК-ке дейін айыппұл төлейді, не түзеу жұмыстарына жіберіледі, не 400 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс атқарады, не 1 жылға дейін бостандығы шектеледі немесе осынша уақыт бас бостандығынан айырылады.
- Әдейі өз денсаулығына зиян келтіру, ауруды қолдан көрсету, жалған құжат ұсыну – ауыр қылмыс бұзушылық ретінде тіркеледі.
7. Әскерге барғысы келмейтіндерге балама қызмет бар ма?
Қазақстанда әскерге балама қызмет қарастырылмаған. Дегенмен азаматтың денсаулығына қарай, «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заң бойынша, 24-тен 27 жасқа дейінгі азаматтар қорғаныс министрлігінің «Әскери-техникалық мектептерінде» ақылы әскери дайындықтан өте алады.
Ұзақтығы – 40 күн, ақысы – 390 мың тг.
Бұл сомаға тәулігіне үш мезгіл ыстық тамақ, киім-кешек, оқу процесінің шығыны (оқу-ату жаттығулары, жанармай-жағармай) және казармада тұру кіреді.
Мұндай мектепті бітіргендер әскерге шақырылмайды.