Шенген визасын қалай аламын?

Шенген визасы
Фото: Оld.gagauzmedia.md

Шенген визасын алу стандартталған, барлық ақпарат қолжетімді. Құжаттарды жақсылап жинасаңыз, оны визалық қолдау орталықтарына бармай-ақ өзіңіз ала аласыз.

Шенген аймағына қазір Еуропаның 26 мемлекеті кіреді. Визаға өтініш бергенде әрқайсысының ерекшелігі болуы мүмкін. Бірақ негізгі принциптері бір. Мысалы, Шенген визасына өтінішті саяхаттауға 90 күннен аспайтын уақыт қалғанда ғана беруге болады.

1. Қайда өтініш беремін?

Шенген визасын алу үшін алдымен маршрутыңызды анықтап, баратын мемлекеттің өз еліңіздегі елшілігіне жолығасыз. Егер Шенген аймағындағы бірнеше елге саяхаттауды жоспарласаңыз, қай мемлекетте ұзақ уақыт боласыз, сол елдің елшілігіне бару керек. Егер саяхаттайтын елдерде бірдей уақытқа тоқтаңыз, ең бірінші боп баратын мемлекеттің елшілігіне жолығып, визаны алу туралы өтініш қалдырасыз. Өтініш беру үшін құжаттар жинап, анкета толтырып, виза сатып алуға қажет қаражат алып баруыңыз керек.

Турист, саяхатшы, маршрут
Иллюстрация: Dribbble.com ©Anton Fritsler

2. Қандай құжаттар қажет?

Біріншіден, сізге қажетті визаның түрін анықтаңыз. Ол туристік, бизнес, жеке не отбасылық, студенттік, медициналық деп бөлінеді. Сонымен қатар визалар ұзақмерзімді және қысқамерзімді болып бөлінеді. Соған байланысты қажетті құжаттар тізімі әртүрлі болуы мүмкін. Бағасы да осы категориялар мен типтерге қарай өзгереді.

Көбіне туристік виза сұранысқа ие. Сондықтан визаның осы түрін қарастырайық:

1. Ұқыпты толтырылған, қол қойылған анкета керек. Оны мына жерден жүктеп алуға болады. Интернетте оны толтыру үлгісі де бар.

2. Мерзімі 10 жылдан аспаған, аяқталу уақыты үш айдан кем емес төлқұжатыңыз болуы керек. Оның бірінші бетінің көшірмесін жасап алыңыз. Басқа да визаңыз болса, оның  көшірмесі қажет. Төлқұжатыңызда кем дегенде екі таза беті болғаны жөн.

3. Төлқұжатқа арналған 3,5*4,5 өлшеміндегі 2 дана фото. Ол ақ фонда мойын, иықсыз ірі планмен түсірілуі керек.

4. Тоқтайтын жерден бронь жасап қойыңыз. Booking немесе Airbnb-ді қолдансаңыз, броньнің қабылданғаны жөнінде поштаға келген хатты шығарып алсаңыз болады. Виза орталықтары броньді, визаны алмайынша төлемей күте тұруға кеңес береді. Есіңізде болсын, төлқұжаттық бақылау бөлімшесінде шекарашылар бронь жасалған қонақүйге хабарласып, тексеруі мүмкін.

5. Жұмыс істейтін азаматтар үшін жұмыс орнынан анықтама мен демалысқа шыққаныңыз жайлы бұйрық болуы керек. Ресми бланктегі анықтамада қызметіңіз бен еңбекақыңыздың көлемі, басшының қолы және мөр болуы керек. Штаттан тыс жұмыс істейтіндер үшін де анықтама дәл солай жазылғаны дұрыс.

Студенттер үшін: оқу орнынан анықтама, кепілхат.

Зейнеткерлер үшін: зейнеткерлік куәліктің түпнұсқасы мен көшірмесі, зейнетақы төлемдері.

Кәсіпкерлер үшін: ЖШС/ЖК тіркелгені жөнінде куәліктің түпнұсқасы мен көшірмесі, салық төлемдері жөнінде анықтама.

Құжат, анализ
Иллюстрация: Dribbble.com ©Podis

6. Шоттағы қаражатты растайтын құжат. Жұмыс істейтіндерге банкке барып, шоттағы қаражатыңыз жайлы анықтама алсаңыз болады. Ол ағылшын тілінде болуы керек. Шоттағы сомма саяхаттайтын күндеріңізге байланысты. Әр күніңізге бір адамға 65 евродан есептеледі.

Студенттер мен жұмыссыздарда саяхатта барлық шығынды өтейтін адамнан кепілхат болуы керек. Кепілдеуші ретінде ата-ана не басқа жақын туысыңыз немесе университет сияқты түрлі ұйым болуы мүмкін. Одан бөлек кепілдеушінің атына берілген жұмыстан және банктен анықтама болуы керек.

7. Сақтандырудың түпнұсқасы мен көшірмесі. Ол кез келген сақтандыру компаниясында 20 минутта жасалады. Сақтандыру сомасы кем дегенде 30 мың евро болып, Шенген аймағының бәрін қамтуы керек.

8. Авиабилеттің барып-келу броні. Елшілік кез келген құжатты сұратуы мүмкін екенін естен шығармаңыз. Евротурды жоспарласаңыз, пойыз, ұшақ, автобус - бәрінің броні болғаны жөн.

3. Анкетаны қалай толтыру керек?

Анкетаны виза орталықтарынан жүктеп алуға болады. Оны шығарып, байыппен суретті анкетадағы арнайы жерге жабыстырып, сол жағын ғана ағылшынша баспа әріптерімен толтырасыз. Оң жағы елшіліктің ресми өкіліне арналған.

анкета, фрилансер, жұмыс
Иллюстрация: Dribbble.com ©Mariana Morales

Әр тармағын толығырақ ашайық:

  1. Surname (Family name) - фамилияңызды жазыңыз.

2. Surname at birth (Former family name(s)) – бұл тармақты фамилияңызды өзгертсеңіз ғана толтырасыз. Мысалы, әйел адамдар күйеуінің фамилиясын алса, оған дейінгі фамилиясын жазады. Ал бірнеше рет күйеуге шығып, әр кезде фамилиясын өзгертсе, оның бәрін үтір арқылы жазуы керек.

3. First name(s) (Given name(s)) – атыңыз. Төлқұжат бойынша жазу керек.

4. Date of birth – туған күніңіз. Бірінші күн, сосын ай, одан кейін жылды жазасыз.

5. Place of birth – туған жеріңіз. Дүниеге келген қаланы жазасыз.

6. Country of birth – туған ел. Қай елде дүниеге келгеніңізді жазасыз.

7. Current nationality – қазіргі азаматтығыңыз.

8. Sex – жынысыңыз.

9. Marital Status – отбасылық жағдайыңыз. Ұсынылған пунктті таңдайсыз. Single (басы бос), Married (үйленген/тұрмыс құрған), Separated (бірге тұрмаймыз), Divorced (ажырасқан), Widow(er) (жесір/зайыбы қайтыс болған), Other (басқа).

10. In the case of minors: surname, first name, address (if different: from applicant’s) and nationality of parental authority/legal guardian – өтініш беруші кәмелет жасқа толмаған бала болса, бұл тармақты ата-анасы не қамқоршысы толтырады.

11. National identity number, where applicable – ұлттық төлқұжаттың нөмірі. Бұл тармақты қазақстандықтарға толтырмауға болады.

12. Type of travel document – құжатыңыздың түрі. Қарапайым тұрғындар Ordinary Passport пунктін белгілейді. Дипломаттар мен ресми тұлғалар шетелге шығу жағдайына байланысты белгілейді.

13. Number of travel document – төлқұжатыңыздың нөмірі.

14. Date of issue – төлқұжаттың берілген күні.

15. Valid until – төлқұжаттың мерзімі шығатын күні.

16. Issued by – қай жерден берілді. Бұл жерде көбіне  "Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі" деп жазылады.

17. Applicant's home address and e-mail – тұрғылықты мекенжайыңыз бен электрондық поштаңыз.

Telephone number(s) – телефон нөміріңіз.

18. Residence in a country other than the country of current nationality – Бұл тармақ Қазақстанда тұрып, азаматтығы жоқ адамдарға арналған. Сізге қатысы болмаса, ештеңе белгілемеңіз.

19. Current occupation – қазіргі лауазымыңыз. Студенттер Student, жұмыссыздар Non employed, зейнеткерлер Retired дегенді белгілейді. Қалған лауазымдар ағылшын тілінде.

20. Employer and employer’s address and telephone number. For students, name and address of educational establishment – жұмыс берушіңіз, оның телефон нөмірі мен мекенжайы. Студенттер үшін: оқу орны мен мекенжайы.

21. Main purpose(s) of the journey – саяхатыңыздың негізгі мақсаты. Қажетті нұсқаны белгілеңіз.

22. Member State(s) of destination – негізгі мемлекет. Мұнда өтініш жіберетін елді жазасыз.

23. Member State of first entry – саяхатта бірінші баратын елді жазасыз. Мұнда Шенген аймағына қай ел арқылы баратыныңызды жазасыз. Мысалы, сіз Алматыдан Парижге Амстердам арқылы барсаңыз, онда бірінші ел ретінде Нидерландыны жазасыз.

24. Number of entries requested – қанша елге баратыныңызды жазасыз. Егер Шенген аймағында бір ғана елге барып, мерзімнің соңына дейін сол елде қалсаңыз, Single entry пунктін белгілейсіз, бірнеше елді аралауды жоспарласаңыз Multiple Entries дегенді таңдайсыз.

25. Duration of the intended stay or transit Indicate number of days – Шенген аймағында нақты қанша күн болатыныңызды жазасыз.

26. Schengen visas issued during the past three years – соңғы үш жылда сізге Шенген визасы берілді ме?

27. Fingerprints collected previously for the purpose of applying for a Schengen Visa – егер бұрын Шенген визасын алғанда саусақ іздерін тапсырсаңыз, YES пунктін белгілеңіз. Олай болмаса NO дегенді таңдайсыз.

28. Entry permit got the final country of destination – бұл тармақты транзиттік визаға өтініш беріп, соңғы елге виза қажет болса, толтырасыз.

29. Intended date of arrival in the Schengen area – Шенген аймағына кіру күні. Ұшақтың келу күнін жазасыз.

30. Intended date of departure from the Schengen area – Шенген аймағынан шығу күнін жазасыз.

31. Surname and first name of the inviting person(s) in the Member State(s). If not applicable, name of hotel(s) or temporary accommodation(s) in the Member State(s) – бұл тармақта сізді Шенген аймағына шақырған тұлғаның аты-жөнін, не тоқтайтын қонақүйдің атауын жазасыз. Ол сіз жасаған броньмен сәйкес келуі керек.

Address and e-mail address of inviting person(s)/hotel/temporary accommodation(s) – сізді қарсы алатын жақтың мекенжайы, электрондық поштасы.

Telephone and telefax – сізді қарсы алатын жақтың телефоны мен факс нөмірі.

32. Name and address of inviting company/organization – егер сіз қандай да бір компанияның шақыртуымен барсаңыз, оның атауы мен мекенжайын осы жерге жазасыз.

Telephone and telefax of company/organization – бұл тармақта компанияның телефоны мен факсі жазылуы керек.

Surname, first name, address, telephone, telefax, and e-mail address of contact person in company/organization – ал бұл жерде компанияның байланысушы тұлғасының аты-жөні, мекенжайы, телефоны мен электрондық поштасын жазасыз.

33. Cost of traveling and living during the applicant’s stay is covered – бұл тармақта өтініш берушінің шығынын кім өтейтіні жазылады. Егер өтініш берушінің өзі болса, By the applicant himself/herself пункті белгіленеді. Ал егер бұл демеуші болса, By a sponsor (host, company, organization) деген пункт белгіленіп, демеушінің аты-жөні мен туысқандық қатынасы жазылуы керек. Егер демеуші 31 және 32 тармақтағы тұлға болса, онда Referred to in field 31 or 32 пунктін белгілеу керек.

В Means Support - мұнда сізге тиімді пункттің бәрін белгілейсіз: Cash (қолма-қол), Traveller’s  cheques (жол чегі), Credit card (кредит картассы), Prepaid accommodation (алдын ала төленген тұрғын үй), Prepaid Transport (алдын ала төленген транспорт), Other (басқа).

Егер Еуропа одағына кіретін елдің азаматы саналатын туысқаныңызда қалуды жоспарласаңыз, 31-33-пункттерді толтырудың қажеті жоқ. Оның орнына 34-35-пункттерге аса мән берген жөн.

34. Personal data of the family member who is an EU, EEA or CH citizen – Еуроодақтың азаматы саналатын туысқаныңыздың жеке мәліметтері.

Surname, First name(s), Date of birth, Nationality, Number of travel document or Id card – аты-жөні, туған күні, азаматтығы, төлқұжат нөмірі.

35. Family relationship with an EU, EEA or CH citizen – сізге қалай туысқан болып келетінін жазу керек.

36. Place and date – анкетаның толтырылған жері мен күні.

37. Signature – қол қою. Бала үшін 10-пунктте көрсетілген тұлға қол қояды.

4. Қабылдауға қалай жазыламын?

Қабылдауға елшіліктің сайтынан алдын ала онлайн түрде жазылуға болады. Бұл тегін, бес минутыңыз ғана кетеді. Барлық пунктті толтырып, ыңғайлы уақыт пен күнді таңдайсыз. Одан кейін поштаңызға хат келеді. Оны шығарып, басқа құжаттарға қосып қоясыз.

Қабылдауға жинған құжаттар мен виза орталығына төлейтін ақшаны алып барасыз. Ол жерде сізге талон беріледі. Кезегіңіз келгенде қызметкердің келесі нұсқауларын орындайсыз.

Егер құжаттарыңыз толық әрі дұрыс жиналып, қызметкердің сізге қояр сұрағы болмаса, кассаға төлем жасауға барасыз. Одан кейін биометрика процедурасын өтесіз. Әдетте Шенген визасына бірінші рет өтініш берген қазақстандықтардан биометрикада 10 саусақтың ізі алынады.

Иллюстрация: Dribbble.com ©Jens Amende

5. Төлқұжатты қанша уақытта аламын?

Шенген визасына сұранысыңыз үш жұмыс күнінде қаралады. Өтінішіңіздің статусын онлайн бақылап отыра аласыз. Ол үшін чектегі Reference нөмір мен туған күніңізді енгізу керек.

Виза орталығына хабарласып та өтінішіңіз жайында ақпарат алуға болады. Кейде өтінішіңізді қаралу мерзімі созылуы мүмкін. Ол елшілікке байланысты.

Саяхат, паспорт, виза
Иллюстрация: Dribbble.com ©Anton Fritsler