Селфимания: Өнер ме, әлде ауру ма?

Біздің халықтың әлеуметтік желілерді қолданатын жасы бар, жасамысы бар, саны әжептәуір. Сол желілерге кіріп қалсаңыз, несін айтасыз, селфилетіп жүрген жандар. Біреуі барған концертін, біреуі жейін деп отырған  тамағын, енді бірі кездескен адамымен селфилетеді. Әуелгі мақсаты концерт көру, тамақ ішу, досымен кездесу, т.б. емес сияқты. Негізі бізді толғандырған жайт бөлек. Яғни, өз-өзіне сүйсіндірген селфидің зиянды тұстарын саралау.

1. Шетелде орын алған қайғылы оқиғалар

АҚШ-тың Вашингтон штатында әйелімен бірге ұялы телефонына суретке түсіп, селфи жасамақшы болған ер адамды пойыз қағып кетті.

Румынияның Яссы қаласында селфиге қызыққан 18 жастағы Анна Урсу құрбысымен әсерлі суретке түсемін деп 27 000 вольттық токқа түсіп, тірідей өртеніп ажал құшты.

Австрияда Альпі тауына көтерілген британдық оқушы селфи жасаймын деп 500 метр биіктіктен құлап, көз жұмды.

Әрине, ары қарай адам жанын алған селфилердің легін жалғастыруға болар-ақ. Бірақ...

2. Селфи қалай пайда болды?

«Селфи» сөзі термин ретінде 2000 жылдың аяқ жағымен 2010 жылдың бастапқы кезеңінде қолданысқа енген. Бұл сөз мобильді құралдардың дамуының пайда болуына байланысты қалыптасты. Селфи түсіру барысында камера қол созым жерде тұратындықтан суретке тек адамның басы немесе басынан сәл жоғары не төмен жерлер ғана түсіріледі. Ағылшын тілінен енген аталмыш  «Self» сөзі «өзім» деген мағына береді екен. Тіпті 2013 жылға қарай «selfie» сөзінің кең таралғаны соншалық - ағылшын тілінің Оксфорд онлайн-сөздігіне енгізілген. Сонымен қатар сол жылы «Жыл сөзі» атағына ие болған.

Ал ғалымдар селфидің ертеректе өмірге келгендігін айтады. Әсіресе, фотопортрет шамамен Kodak Brownie компаниясының Kodak (1900 жылы) атымен мәлім фотокамерасының өмірге келуімен тікелей байланысты деседі.

Сол жылдары Ұлы князь қызы Анастасия Николай 13 жасында ең алғашқы селфи жасағандардың бірі болған. Түскен суретін Анастасия 1914 жылы хатқа салып досына жөнелтіп жібереді.

Хат ішінде князь қызы: «Мен бұл суретті айнаға қарап түсірдім. Ол дегеніңіз өте қиындау келеді екен. Екі қолым дірілдей береді», - деп жазған екен.

3. Селфиге қарсы бастама

Осыдан бірнеше жыл бұрын ресейлік «Қауіпсіздік үшін» қоғамдық ұйымы РФ Білім және ғылым министрлігіне тың ұсыныс жолдағанды. Белсенділер Ресей мектептерінде қауіпсіз селфи факультативтерін енгізуді сұраған. Ұйым мүшелері бұл пәнді өз еріктерімен жаңа оқу жылынан бастап оқытуға дайын екендерінде айтты. Министрліктің көмегімен олар осы тәжірибені мемлекеттегі барлық мектептерге жаппай енгізуді көздеп отыр.

Сонымен қатар селфиге түсуге қарсы елдердің бірі – Франция. Бұл – елде ешкім селфиге түспейді деген сөз емес. Суретке түсу тек Гаруп саяжайына келген қонақтарға ғана тыйым салынған. Себебі, кейбір туристер минут сайын суретке түсіп, маңайындағы демалушылардың ызасын тудыратын көрінеді.

Әрине, мұндай бастамаға әлем бойынша белең алған селфи жасауға деген құштарлық пен оның қайғылы салдарлары себеп болып отыр. Өйткені, осы күнге дейін өзін-өзі суретке түсіремін деп  дүниенің әр бұрышында ажал құшқан адам қаншама...

Сондықтан суретке құмар жандар мәселенің мәніне тереңірек үңілсе дейміз.