Қазақстан азаматы шетелде жүріп жайсыз жағдайға түсіп қалса, не істеуі керек?

Қазақстан

1. Не болды?

Қазақстанның барлық дерлік БАҚ 16 сағат Вильнюс әуежайында бөгеліп қалған отбасының оқиғасын жарыса жазды.

Юсуповтар отбасының Литваға кіруге визасы бар еді. Отағасы үшін бұл бизнес-сапар, ал бала-шаға Европада демалып, Германияға соға кету үшін еріп шыққан. Баратын жерлерінің бәрінде қонақүй белгіленіп, қайтар билеттері де дайын болған. Алайда, мұндай сапар литвалық шекарашыларға күдікті көрінсе керек. Қазақстандықтар бәрін түсіндірмек болып, аудармашы, адвокат немесе консул шақыруды сұраса, уәждеріне ешкім құлақ аспаған.

Юсуповтардың визасының күші жойылып, өздерін 16 сағат терминалдың жертөлесінде ұстап, Киевке баратын ұшаққа салып жіберген. Қайтар билет те, қонақүйлерге алдын-ала төлеп қойған ақша да күйіп кетті.

Бұл оқиға елді біраз шулатты. Біреулер қазақстандықтарды Литваға кіргізбей қойғандардың әрекеті дұрыс десе, енді біреулері бұл адам құқығын бұзу деді. СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақ Литва тарабы ҚР азаматтарына қатысты дискриминация әрекеті болғанын мойындамай отыр деп мәлімдеді.

2. Виза бар, алайда шекара қызметі елге кіргізбеген жағдайда не істеу керек?

Халықаралық тәжірибеге сай, рәсімделген виза елге кіруге кепілдік бермейді. Бұл ереже Қазақстанға бет алған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларға да қатысты.

ҚР азаматына қолындағы визасына қарамастан қандай да бір елге кіруіне бөгет жасалса, ол оның себептерін білуге және мәселенің оң шешілуіне көмектесе алатын қандай да бір фактілер мен құжаттарды көрсетуге қақылы.

Әйтсе де, халықаралық тәжірибеге сәйкес, кей жағдайларда елге кіруге неліктен тиым салынғанын ешкім түсіндірмеуі де мүмкін.

Қалай болғанда да, ҚР азаматына Қазақстан консулына жүгінуге кеңес береміз.

Айта кетерлігі: бара жатқан еліңізге өзге елдердің аумағын басып өтіп жету керек болса, транзит виза рәсімдеу керек-керек емес екені жөнінде алдын-ала кеңес алып, олардың әрекет ету мерзімі мен шекараларды қанша рет басып өтуге жарайтынын да біліп алыңыз.

Сондай-ақ, ұсыныс ретінде, мынадай қарапайым ережелерді ұстануға кеңес береміз. Шет мемлекеттің визасын алған кезде, ондағы мына деректердің дұрыс толтырылғанына көз жеткізіңіз:

– төлқұжат номері;
– аты-жөніңіз;
– туған күніңіз;
– визаның санаты, қанша реттік екені және әрекет ету мерзімі, шет мемлекетте қанша күн болуға рұқсат беретіні.

Есіңізде болсын: визадағы тіпті сіздің қатысыңызсыз жіберілген қателер өзге ел аумағына кіру кезінде де, онда жүрген кезіңізде де жайсыз жағдай тудыруы мүмкін.

3. Осындай жағдайда не айту керек?

Қай елде болсын, айтып, жағдайды реттеуге болатын әмбебап сөздер жоқ.

Алайда, қазіргі кезде көп адам ағылшын тілін аз да болса білетінін ескеріп, түрлі жағдайларда айтылатын бірнеше қарапайым да пайдалы сөйлемді жаттап алуды ұсынамыз.

Мысалы:
«Please, get in touch with the Сonsul of the Republic of Kazakhstan»,
«Қазақстан Республикасының консулымен байланыстыруыңызды сұраймын».

Сондай-ақ, осындай сөйлемдердің бара жатқан еліңіздің тіліндегі аудармаларын да жадыңызда ұстау артық болмайды. Мұндайда аудармашыға жүгінудің қажеті жоқ, тілашар кітап сатып алып, онлайн-аудармашыны қолдануға немесе смартфоныңызға сәйкес қосымша орнатып алуға да болады.

4. Шекара қызметі (әуежай қызметкерлері) консулмен байланыстырудан бас тартқан жағдайда не істеу керек?

1963 жылы қабылданған Консулдық қатынастар жөніндегі Вена конвенциясының 36-бабына сәйкес, консулдықтағы лауазымды тұлғалар өздері өкілдік ететін елдің азаматтарымен еркін байланысқа шығуға қақысы бар. Ол елдің азаматтары да тура сондай құқыққа ие.

Келген елдің құзырлы органдары консулдық мекемеге ел аумағында сол елдің азаматы тұтқындалғанын, түрмеге түскенін, сот ісіне дейін қарауылға алынғанын немесе басқадай тәртіппен ұсталғанын сол азаматтың талап етуімен мезетінде хабарлауға тиіс.

Сол консулдық мекемеге тұтқында, түрмеде, қарауылда немесе ұсталып отырған азаматтың жіберген хабарламаларының бәрі де кедергісіз жеткізілуі керек.

Сонымен қатар, жоғарыда аталған құқықтар келген еліңіздің заңдары мен ережелеріне сәйкес жүзеге асырылуы керек, алайда, ол заңдар мен ережелер осы бапта берілетін құқықтар арналған мақсатты толық жүзеге асыруға сәйкес болуды да міндетті.

Осылайша, азамат қажет болған жағдайда консулға өз бетімен немесе үшінші тұлғалар: туыстары, таныстары немесе өзін тұтқынға алған өкілдер арқылы, халықаралық роуминг қызметі қосылған кезде СМС-хабарламада келіп түсетін телефондарға хабарласуға қақылы.

5. Шекара қызметі ҚР азаматының телефонын тартып алуға қақылы ма?

Бұл сұрақ әр шет мемлекеттің шекара қызметінің құзырына жатады.

Алайда, мұндай әрекет жасау үшін сол елдің ішкі заңдарына сәйкес негіздеме болуы керек.

6. Тұтқынға алынған адамға ас-су берілуі керек пе?

Бұл сұрақты мынадай сауалдармен толықтыруға болады: ас-су берілмеген жағдайда шағым жасау механизмдері қандай? Балаларды ұстау жөнінде қандай да бір ерекше нұсқаулықтар бар ма? Адам түнде ұсталса, оған жатын орын берілуге тиіс пе?

Қазақстан Республикасында ратификацияланған халықаралық құжаттарға (атап айтқанда, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт) сәйкес, бас бостандығынан айырылған кез келген адам адамгершілік танытуға және ар-намысына құрметпен қарауға лайық және толық құқылы.

Айрықша жағдайлар болмаса, айыптылар жазаланушылардан бөлек ұсталады, оларға сотқа тартылмаған тұлғаның мәртебесіне лайық бөлек режим тағайындалады.

Заңды тұрғыда қоғамнан оқшаулауды қамтамасыз ететін арнайы мекемелер қызметінің құқықтық негіздері, сондай-ақ, оларда ұсталатын тұлғалардың құқықтары мен міндеттерін белгілеу соған сәйкес ұлттық заңдармен реттеледі. Яғни, тұтқындарға ас-су, жатын орын беру, балаларға қатысты айрықша нұсқаулықтар және басқа да жағдайларды уақытша тұтқында ұстау орындарының ішкі тәртібінің ережелерімен белгіленеді.

Шетелде ҚР азаматының ондай құқықтары қамтамасыз етілмесе, консул Қазақстан Республикасының жеке тұлғаларының бұзылған құқықтарын қалпына келтіру жолында шаралар атқарады.

7. Депортациялау туралы шешімге қарсы шығуға бола ма?

Қалай? Юсуповтар отбасы сияқты жабық орында ұстап отырса, адам сотқа қалай барады? Әйтпесе, сотқа шағым немесе арыз түсіру мүмкіндігін талап ету жолдары бар ма?

Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық құжаттарға (атап айтқанда, Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пакт) сәйкес, осы Пактіге қатысушы елдердің қай-қайсының аумағында заңды түрде жүрген шетел азаматы тек заңды шешімнің орындалуы жолында ғана елден қуылуы мүмкін. Сондықтан, мемлекеттік қауіпсіздіктің императив ережелері басқаша болуын талап етпесе, ол сол елден қуылуына қарсы дәлел келтіріп, құзырлы органдар ісін қайта қарауын сұрауға қақылы.

Мұндай жағдайда ҚР азаматы шетелдік инстанцияның шешімін Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдігі арқылы қайта қаратуына болады.