Пандемиядағы жұмыссыздық: еңбек қатынасы туралы не білу керек?

жұмыссыздық
Иллюстрация: Freepik.com

Коронавирус инфекциясына байланысты пайда болған пандемиядан кейін біраз кәсіпорынның жұмысы тоқтап, экономикалық жағдай күрт нашарлады. Тіпті кей компания қызметкерлерін уақытша қысқартса, енді бірі мүлдем жұмыстан шығарып жатты. Осындай кезеңде жұмыс орнын азайту дұрыс па? Қысқартуға ұшыраған қызметкер не білуі керек?

1. Төтенше жағдайға байланысты кәсіпорын қызметін тоқтата тұруға мәжбүр болса, қызметкер жалақысын сақтауға құқылы ма?

Алматының әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы Данияр Әлкебайұлының айтуынша, мұндай жағдайда қызметкер Еңбек кодексінің 112-бабына сілтеме жасап, жалақысын талап ете алады. Бұл жағдайда жұмыс беруші қызметкерлеріне Қазақстандағы ең төменгі жалақы, яғни 42 500 теңгеден кем емес жалақы төлейді. Алайда еңбек немесе ұжым шартында басқа шарттар белгіленсе, соған сәйкес төлем жүргізіледі. Дегенмен ол төлем ең төмен жалақыдан (42 500 теңге) аз болмауы керек.

2. Карантинде жұмыс беруші қызметкерді өз есебінен демалыс алуға міндеттей ала ма?

Қызметкерді ақысыз еңбек демалысын алуға мәжбүрлеу заңсыз. Еңбек кодексінің 97-бабына сәйкес, еңбек демалысы қызметкердің өтініші негізінде және қызметкер мен жұмыс берушінің келісімі бойынша ғана беріледі.

3. Карантин енгізілуіне байланысты жұмыс беруші қызметкерді жұмыстан шығаруы мүмкін бе?

Карантин кезінде жұмыс беруші Еңбек кодексінің 131-бабының 2-тармағына сүйеніп,  қызметкерді жұмыстан қысқарта алады. Мұндай кезде жұмыс беруші қызметкерге өз мүмкіндігіне қарай басқа жұмыс ұсынуы керек немесе бір орташа айлық еңбекақы көлемінде өтемақы төлеуге міндетті.

4. Жұмыс беруші қызметкерге оның қысқартуға ұшырағанын қанша уақытта хабарлауы керек?

Жұмыс беруші қызметкерін жұмыстан қысқартса, ҚР Еңбек кодексінің 53-бабына сәйкес, кем дегенде бір ай уақыт бұрын жазбаша ескерту жіберуге тиіс.

5. Жазбаша хабарламада не көрсетілуі керек?

ҚР Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс берушінің актісінде міндетті түрде еңбек келісімшартының бұзылуының нақты себебі көрсетілуге тиіс. Кейін басшылық еңбек келісімшартын бұзу актісіне қол қойған соң құжаттың көшірмесі қызметкерге беріледі немесе акт шыққан соң үш күн ішінде хат ретінде жіберілуі керек.

6. Қысқартуға ұшыраған қызметкерге қандай өтемақы беріледі?

  • Еңбек кодексінің 131-бабына сәйкес еңбек шартын жұмыс беруші бұзса, қызметкерге бір айлық орташа жалақы көлемінде өтемақы төленуі қажет.
  • Сонымен қатар, қызметкер пайдаланбаған демалыс күндері үшін де өтемақы алуға құқылы.

7. Кімдер жұмыста қысқартуға ұшырамайды?

Заң бойынша жұмыс беруші мына санаттағы адамдарды жұмыста қысқартуға жібере алмайды:

  • Зейнетке шығуына кемінде 2 жыл қалған қызметкерлерді;
  • Жүкті әйелдерді;
  • Үш жасқа дейінгі балалары бар әйелдерді;
  • 14 жасқа дейінгі баланы немесе 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты ананы;
  • Аталған балалар санатын анасыз тәрбиелеп отырған өзге тұлғаларды.

8. Уақытша еңбекке жарамсыздық қағазы кімге беріледі?

Уақытша еңбекке жарамсыздық қағазы мынадай жағдайларда беріледі:

  • Өткір және созылмалы аурулары асқынғанда;
  • Еңбекке жарамдылық қабілетінен уақытша айырылуына байланысты жарақат алу мен улану кезінде;
  • Аборт жасатқанда;
  • Ауру баланы күтуге;
  • Жүктілік кезінде және бала туғанда;
  • Жаңа туған баланы асырап алғанда;
  • Емдік-курорттық орталықтарда емделуді аяқтағанда;
  • Карантинде;
  • Протездеу кезінде.

Еңбек кодексінің 133-бабы бойынша, уақытша еңбекке жарамсыздық кезінде жұмыс беруші өз есебінен жәрдемақы төлеуі қажет. Оның көлемі жұмыс күндерінің санына күнделікті орташа ақысын көбейту арқылы анықталады және 15 АЕК-тен аспауы тиіс.

9. Жұмыссыз қалған адам қандай көмекке жүгіне алады?

Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заңнама бойынша, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап қысқартуға ұшыраған қызметкерлер, жұмысынан айырылу себебіне қарамастан, 6 ай бойы әлеуметтік төлем ала алады. Ол әлеуметтік төлемнің мөлшері - жоғалтқан жалақының орта есеппен 40%-і. Бұл үшін жұмыстан айырылыған азамат жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде қашықтан тіркелуі қажет.

10. Жұмыссыз адам тағы қандай тегін қызметке ие бола алады?

Жұмыссыз қалған адам халықты жұмыспен қамту орталығына барып, төмендегі қызметтерді тегін ала алады:

  • лайық жұмыс іздеу және жұмысқа орналасуға көмектесу жөніндегі қызметтерді алуға;
  • Қызмет (кәсіп) түрін таңдау немесе өзгерту мақсатында консультациялар, кәсіби әлеуметтік бағдарлама ақпараттарын алуға;
  • "Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020" мемлекеттік бағдарламасында көзделген жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту мүмкіндіктерін пайдалануға болады.