Несие бәріне қажет, бірақ…

Бүгінде, жол бойы жалт-жұлт еткен көздің жауын алатын жарнамаларға толы. Адамды еріксіз арбайтын тақтайшаларда  өсімі аз және кепілдемесіз несие, тұрмыстық бұйымдар, тіпті қарызға берілетін көлік сынды сөздер мен мұндалап тұр. Еріксіз өзіне ертетін жарнамаға алданғандар, өз еркімен несие алып есінен адасып жатыр. Қарызға белшесінен батып, бар тапқан таянғандарын кредитке төлеп әлек.

1. Екі адамның  бірінде несие бар

КредитҚазіргі қоғамда, «кредит» отбасымыздың бір мүшесі сияқты бізбен бірге өмір сүріп келеді. Уақытында төлемесең шырылдаған баладай телефон тұтқасына тыным жоқ.  Ақиқатында бүгінде екі адамның  бірінде несие бар. Ол ол ма, бір басында 2-3 кредиті бары қаншама?! Тапқан табысының жартысын қарызға беріп, әйтеуір тіршілік жасап жүргендер. Тіпті несие алу сәнге айналды десек те болады. Бұл құбылыс, әсіресе, тұтынушылық несиелерге қатысты. Жұрт несиені баспана, автокөлік сатып алуға, той-томалақ өткізуге, шетелде демалуға, тұрмыстық техника сатып салуға (жұрт арасында несиенің бұл түрі кең таралған) алады. Өткен жылы тұтынушылық несиелердің үлесі 3,1 пайызға артып, ЕДБ-дегі жалпы несие көлеміндегі оның үлесі 15,4 пайыз болды.

Иә, несиені аласың-ау, қайтарымы ше? Дерек көздеріне сүйенсек, қайтару мерзімі өтіп кеткен және жұмыс істемейтін несиелердің үлесі 2008 жылдың басында жалпы несие сомасының тиісінше 12,25 және 7,53 пайызына тең болды. Кейін бұл көрсеткіштер барлық берілген несиенің үштен бір бөлігіне дейін көтеріліп барып, тұрақтады.

2. Алғашқы банктер орта ғасырда пайда болған

Дерек көздеріне сүйенсек, алғашқы банктер орта ғасырда Солтүстік Италияда, кейінірек Германия мен Голландияның сауда орталықтарында пайда болыпты. ХХ ғасырдың басында банк белгілі бір салаға не кәсіпорынға жүйелі түрде кредит беруге көше бастаған. Олар, көбіне, ұзақ мерзімді қарыз беруге (8-10 жылға дейін) ұмтылыпты. Ал, Қазақстанға банк капиталының енуі және оның территориясында кредит желісінің жасалуы 19 ғасырдың соңында басталған екен. 1-дүниежүзілік соғыстың басталуы қарсаңында Қазақстанда ең қарапайым банк операцияларын жүзеге асырған казначейліктер, сонымен қатар 345 кредит және 44 Банк мекемесі жұмыс істепті. Бүгінде, Ұлттық банктің қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын бақылау және қадағалау комитетінің деректеріне сәйкес кейінгі жылдары несиелендіру көлемі өсіп, былтыр тұтыну несиелерінің көлемі 48 пайызға өскен.

3. Бірі несие алып байыса, бірі тақыр кедейге айналуы мүмкін

Автокөлік сатып алу үшін үш жылға төрт мың доллар алған алматылық тұрғын Құралбек Аман енді несиені қайтара алмай жүр.

– Несиені тұрақты жұмысым болған кезде алғанмын. Бірақ бір жарым жылдан кейін жұмыстан қысқарып қалдым. Несиені төлемегеніме үш ай болды, оның үстіне айыппұлы да өсіп жатыр. Ал сатып алған көлігімді „ескі” деп, банк кепілге алмай отыр. Әкімдіктен „уақытша жұмыссыз” деген анықтама қағаз алып, банкке жібердім. Бірақ соттан хабарламалар келіп жатыр, енді маған қатысты іс қозғалатын шығар. Қарызымды қайтарудан бас тартпаймын. Бірақ қазір жұмыссызбын. Әйелім жақында босанған, қазір баламен үйде отыр, - дейді Құралбек Аман.

Несие туралы әр адамның пікірі әр түрлі. Жеке кәсіпкер Сакеннің ойынша, кредит алып тұрмысыңды жақсартуға  болады. Ол өзінің бизнесін несие алу арқылы ашыпты. Әрине, барлық борышкерлердің Сакен сияқты өрге тасы домаласа игі еді... Бірақ бәрінің жолы бірдей бола бермейді. Бірі несие алып байыса, бірі тақыр кедейге айналуы мүмкін. Сондықтан халық тәуекелге барып таяқ жеп қалмаса екен дейміз...