Мұраға ие болу құқы туралы куәлік алу үшін мұрагер қандай құжаттар тапсыру қажет?
1. Мұрагерлік дегеніміз не?
Мұрагерлік – қайтыс болған адамның мүлкі мен мүліктік құқықтарының мұрагерге ауысуы. Мұрагерлік өсиет заң бойынша жүзеге асырылады. Кісі мүлкін бір немесе бірнеше адамға, тұтастай не бір бөлігін ғана қалдыра алады.
Мұрагерлік құқық қатынастарының пайда болуының негізі мұра және мұраның бірден-бір критериі меншік.
Конституциямыздың 26-бабының, 1-тармағында "Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстай алады" деп мүлікке жеке меншік нысанын заңмен бекіткен. Аталған баптың, 2-тармағында "меншік, оның ішінде мұрагерлік құқығына заңмен кепілдік беріледі" деп көрсетілген.
2. Мұраға ие болу құқы туралы куәлік алу үшін мұрагер қандай құжаттар тапсыру қажет?
- Қайтыс болған адамның өлген күнін растайтын анықтама қағазы;
- Мұраның ашылған жерін, мұраға ие болу негіздерін дәлелдейтін құжаттар;
- Заң бойынша мұраға ие болу үшін-туысқандық қатынастарды білдіретін куәліктер (егер еңбекке қабілетсіз және қарауында болса, соны растайтын анықтама қағаз).
Бұл жердегі мұрагердің мұра қалдырушымен туысқандық қатынасының дәлелі болатын құжаттар:
- Балалары, жұбайы жөніндегі азаматтық хал актілерін жазу бөлімдерінің куәліктері;
- Туу туралы кітаптан үзінділер, төлқұжаттағы жазулар, туыстық және басқа да жақындық фактісін анықтау жөніндегі соттың заңды күшіне енген шешімдерінің көшірмесі.
Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексінің 1073-бабына сәйкес, мұраға ие болу құқы туралы куәлік мұраның ашылған жерінде, мұра қалдырушы қайтыс болғаннан кейін 6 айдан кейін беріледі. Мұрагерлік құқық туралы куәлік тек қана барлық тиісті құжаттарды өткізіп, мемлекеттік баж салығын төлеген мұрагерлерге, олардың қалауларына қарай, бірге немесе әрқайсысына жеке-жеке беріледі.
3. Мұраны қабылдауда қандай тәсіл қолданылады?
Азаматтық заңдар бойынша мұраны қабылдауда қолданылатын тәсілдер:
- Мұрагер мұралық мүлікті иелену немесе басқаруға іс жүзінде кіріскенде;
- Мұра қабылданғаны туралы мұра ашылған жердегі мемлекеттік нотариалдық кеңсеге жазбаша арыз бергенде. Арыз мұра қалдырушының соңғы түпкілікті тұрғындағы нотариалдық кеңсеге жіберіледі. Онда арыз беруші адам өзінің атын, тегін, әкесінің атын және тұратын жерін толық көрсетуі керек (заңды мұрагердің мұралық мүлікті иеленуге немесе басқаруға кірісуі мұра ашылғаннан кейін 6 айдың ішінде жүзеге асырылуы тиіс).
- Сонымен қатар арызда мұрагер мұра қалдырушының мүлкін қабылдайтынын, қайтыс болған адаммен туысқандық қарым-қатынасын, мұраның ашылған уақыты, мұра қалдырушының соңғы түпкілікті тұрағын, мұралық мүлікті және басқа да мұрагерлер туралы көрсетеді.
- Мемлекеттік нотариус түскен арызды қабылдап, мұрагерлік туралы кітапқа тіркеуге міндетті. Арызды мұрагер нотариалдық кеңсеге өзі келіп немесе почта арқылы жіберуіне болады. Егер арыз почта арқылы жіберілген болса, онда арызды қойылған қолдың дұрыстығы нотариалды куәландырылуы қажет.
Қазақстан Республикасы “Нотариат туралы” Заңының бабына сәйкес, мұраға ие болу құқы туралы куәлікті-мұрагерлердің жазбаша арызы бойынша мұра ашылған жердегі нотариалдық кеңсе береді.
4. Мұрагердің мүлікті иеленуге қандай жағдайда құқығы бар?
Мұраға ие болу құқы туралы куәлік азаматтық заңдардың нормаларына сәйкес мұраны қабылдаған мұрагерлерге беріледі. Мұра қабылдау мерзімін өткізіп алған мұрагер мұраны қабылдаған барлық өзге мұрагерлердің келісімімен мұрагерлік құқық туралы куәлікке енгізілуі мүмкін. Бұл келісім мұраға ие болу құқы туралы куәлік берілгенге дейін жазбаша нысанда мәлімдеуге тиіс.
Мұрагердің мүлікті иеленуге құқығы бар. Егер...
- Үй басқармасының мұрагердің мұра қалдырушымен бірге тұрғандығы туралы немесе мұра қалдырушының мүлкін мұрагері алғаны туралы анықтамасы;
- Мұрагердің мұра ашылғаннан кейін тұрғын үй бойынша салықты төлеп тұрғандығы туралы қаржы бөлімінің анықтамасы немесе салықты төлегені туралы квитанция;
- Мұраны уақытында қабылдау фактісін анықтау туралы заңды күшіне енген сот шешімінің көшірмесі және мұрагерлердің мұра қалдырушының мүлкін иемденуге кірісуін дәлелдейтін басқа да маңызы бар құжаттар.
Егер заң бойынша бір немесе бірнеше мұрагердің мұраны иеленуге тарту үшін негіз болып табылатын айғақтарды табыс етуге мүмкіндігі болмаған жағдайда, олар мұраны қабылдаған және мұндай айғақтарды табыс еткен басқа мұрагерлердің келісімімен мұрагерлік құқық туралы куәлікке енгізілуі мүмкін.
Мұрагерлік мүліктің белгілі-бір бөлігіне ие болу құқығы туралы куәлікті алған мұрагерлерге алғашқы берілген куәлікте аталмаған мұралық мүліктің басқа бөліктеріне құқық туралы келесі куәлік беріледі. Яғни, басқа мұрагерлік құқық туралы қосымша куәлік беріліп және бұрынғы берілген куәлік енбеген мұрагерлер келген жағдайда, олар мұраны қабылдаған барлық мұрагерлердің жазбаша келісімімен қосымша мұрагерлік құқық туралы куәлікке енгізілуі мүмкін.
5. Мұрагері жоқтың мүлкіне кім иелік етеді?
- Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 1071-бабына сай, егер адамның заңды мұрагері жоқ болса немесе ол мұрагерінің қайда екені белгісіз болса, сол адам тұратын қаланың, ауылдың, ауданның жергілікті билігі нотариусқа мүліктің басқару құқығын беру туралы өтініш түсіреді. Егер мұрагер табылса, басқару құқығы мұрагерге өтеді.
- Егер адамның заңды мұрагері жоқ болса немесе мұрагерлерінің бәрі мүлік құқығынан айырылса, Азаматтық кодекстің 1045-бабына сәйкес, мұра иесіз мүлік болып саналады. Мұндай иесіз мүлік жергілікті атқарушы органның коммуналдық меншігіне өтеді.
Адам өз мүлкін бірнеше баласына ортақ мұра қылып қалдыратын жағдайлар көп. Мұндай жағдайда балалар сол мұрадан тепе-тең үлес алады. Қайтыс болған адамның жақындары оның мұрагерін мұраға ие болуға лайық емес деп тапса, сотқа шағымданып, оны мұрагерліктен айыра алады. Егер өсиет қалдырған адамның мұрагері өзінен бұрын өліп кетсе немесе мұрадан бас тартса, болмаса, мұраға иелене алмайды деп тапса, өсиет хаттағы мұрагерді ауыстыра алады.
6. Мұраны қабылдап алған немесе ие болған мұрагер қандай шығындарды жұмсауға құқылы?
Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексінің 1080-бабына сәйкес, мұраны қабылдап алған немесе ие болған мұрагер мұралық мүлік есебінен мынандай шығындарды жұмсауға құқылы:
- Мұра қалдырушы ауырған кезде оны күту, сондай-ақ оны асырау шығындарына;
- Мұра қалдырушының қарауында болған азаматтарды асырау шығындарына;
- Жалақы жөніндегі талаптар мен соған теңестірілген талаптарды қанағаттандыруға;
- Мұралық мүлікті қорғау және оны басқару шығындарына.
Сонымен қатар, мұраға ие болу туралы куәлік берілгендігі үшін заң бойынша белгілі-бір мөлшерде баж салығы төленеді. Баж салығының мөлшері мұралық мүліктің тұратын бағасына байланысты есептеледі. Бұл салықтан мына мұралық мүліктер босатылады: жеке қауіпсіздендіру шарты бойынша қауіпсіздендіру сомасы, кредиттік ұйымдардағы ақшалар жинағы, мемлекеттік займ облигациялары, авторлық ақы сомалары.
7. Өсиет хат жазатын адам мен мұра қалдыра алатын адамның заңды статусы бөлек
- Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіндегі 1046-баптың 1-бабы, 1-тармақшасына сай, ақыл-есі дұрыс, қандай да бір әрекетке қабілетті, өзінің азаматтық міндеттерін білетін және азаматтық құқығын орындата алатын адам ғана өсиет хат жаза алады.
- Мұра қалдырушы – қартайса да, сырқаттанып жатса да, ақыл-есі орнында болмаса да мұра қалдыра алатын адам. Қандай да бір мүлік ол көз жұмғаннан кейін ғана мұра болып саналады.
- Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің 2012 жылғы 31 қаңтардағы №31 бұйрығына сәйкес, мұра мен өсиет хатты Әділет министрлігінде тіркелген нотариус рәсімдей алады.