Өмір бойына тағайындалатын жәрдемақыны рәсімдеу үшін нені білу керек?
1. Мүгедекті күтушілерге берілетін жәрдемақының мөлшері қандай?
Биылғы 1 шілдеден бастап, жәрдемақы ең төменгі көнкөріс деңгейінің 1,05 бөлігіне, яғни 29 699 теңгеге тең. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 15,6%-ға артық.
Қазір елімізде әлеуметтік көмектің бұл түрін 14 мыңнан астам азамат алады.
2. Жәрдемақы тағайындалуы үшін қайда хабарласу керек?
"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының мүгедектің тұрғылықты жеріндегі бөлімшесіне, яки медициналық-әлеуметтік сараптама бойынша мүгедектігін белгілеген тұрғылықты жерге барып өтініш жаза алады.
"Электрондық үкімет" порталы арқылы да өтініш жазуға болады.
3. Жәрдемақы тағайындалуы үшін қандай құжаттар керек?
- Өтініш;
- Тұрғылықты жерге тіркелгені туралы анықтама;
- Бала кезінен І топтағы мүгедек екенін растайтын құжат;
- Күтуші (қамқоршы) мен баланың жеке басын растайтын құжаттың көшірмесі;
- Күтуші (қамқоршы) екенін растайтын құжат (жергілікті әкімдіктен алынады);
- Есепшотының нөмірі.
4. Өтінішті кім жазуы керек?
Өтінішті бала кезінен мүгедек деп танылған І топтағы мүгедек немесе оның заңды өкілі жазады.
Бұл азаматтардың мүмкіндігі болмаған жағдайда, заңнамада көрсетілген сенімхат негізінде басқа адамдарға өтініш жасауға уәкілеттік беруге болады.
5. Егер отбасында І топтағы мүгедек екеу болса, бір ғана өтініш жазыла ма?
Үйде екі не одан да көп мүгедек жан болса, жәрдемақыны тағайындау үшін өтініш әрқайсы бойынша жеке-жеке жазылады.
Күтім жәрдемақысы әр мүгедек бала үшін жеке төленеді.
6. Kүтіммен бірнеше адам айналысса, жәрдемақы барлығына беріле ме?
Жәрдемақы өтініш жазған адамға, яғни бір тұлғаға ғана беріледі.
Асырап алған және қорғаншылыққа алған мүгедек балалары бар отбасыларға мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы бала асырап алу туралы сот шешімі заңды күшіне енгізілген күннен бастап немесе қорғаншылық белгілеу туралы шешім қабылданған күннен бастап тағайындалады.
7. Жәрдемақы қай кезден бастап және қай уақытқа дейін беріледі?
Жәрдемақыны тағайындауға өтініш білдірген күннен бастап, мүгедектіктің бүкіл кезеңіне дейін тағайындалады.
Егер құжатта мүгедектік кезеңі "мерзімсіз" деп көрсетілсе, жәрдемақы өмір бойына тағайындалады.
Бала кезінен І топтағы мүгедектер күтіміне жәрдемақы өмір бойына беріледі.
8. Мүгедек жанның күтушісі онымен бірге тұруы қажет пе?
Иә. Бала кезінен І топтағы мүгедек (18 жастан жоғары) пен оның күтушісі бір елді мекенде тұруы керек.
Олар қажетіне қарай мүгедектің жеке гигиенасын сақтау, киіндіру, тамақ ішкізу, физиологиялық қажеттерін орындау, тұратын жерінен межелі пунктке дейін және қайтар жолда алып жүру тәрізді және өзге де көмек түрін көрсетуі керек.
9. Жәрдемақы қандай кезде тоқтатылады?
Жәрдемақының төленуін тоқтатуға мыналар негіз болады:
- Жәрдемақының заңсыз тағайындалуына негіз ретінде анық емес мәліметтер ұсынылса;
- Бала кезінен І топтағы мүгедектің немесе оған күтімді жүзеге асыратын адам қайтыс болса;
- Бала кезінен І топтағы мүгедектің немесе оған күтімді жүзеге асыратын адам Қазақстан Республикасынан басқа елге тұрақты тұрғылықты жерге көшіп кетсе;
- Бала кезінен І топтағы мүгедектің мүгедектік тобының өзгеруі;
10. Жәрдемақы кімдерге берілмейді?
Жәрдемақы алуға төмендегі азаматтар құқылы емес:
- Еңбек ететін, табыс табатын азаматтар (бұл тізімге үйде отырып жұмыс істейтіндер кірмейді);
- Кәмелет жасына толмағандар;
- Сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған азаматтар;
- Психиатриялық немесе наркологиялық диспансерде тіркеуде тұрғандар.
Бұдан өзге де сұрақ бойынша 1411 номеріне хабарласа аласыз. Қоңырау шалу тегін. Колл-центр дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 09.00-ден 18.00-дейін түскі үзіліссіз жұмыс істейді.