Мемлекеттік рәміздерді қалай қолдану керек?

мемлекеттік ту, жастар
Фото: Алматы әкімдігі
Қазақстан азаматтары түрлі мереке мен ерекше күндерде көк туды желбіретіп, әнұран шырқап жатады. Осылай, кейбірі рәміздерге құрмет көрсеткісі келеді. Дегенмен патриоттық ниетпен жасалған әрекеттің өзі заң бұзуға айналуы мүмкін. Себебі мемлекеттік рәміздерді қолданудың тәртібі бар. Бүгінгі материалда заңгер-медиатор Қуат Ауғанбек рәміздерді қалай және қай кезде қолдануға болатынын заң тұрғысынан түсіндіріп берді.

1. Мемлекеттік рәміздер деген не?

Мемлекеттік рәміздер – кез келген елдің тәуелсіздігі мен тұтастығының символы. Қазақстанда мұндай нышанға мемлекеттік ту, елтаңба және әнұран жатады.

2007 жылғы 4 маусымда елімізде «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заң қабылданды. Содан бері бұл күн жыл сайын Мемлекеттік рәміздер күні деп тойланады. Мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібін де осы заң реттеп отырады.

2. Қазақстан туы қайда тұруға тиіс және қашан көтерілуі керек?

Ең әуелі ту президенттің жұмыс орнында, парламент пен үкімет ғимараттарында, министрліктер мен соттарда, елшіліктер мен консулдықтарда, әкімдіктер мен мемлекеттік ұйымдарда әрдайым ілініп тұруы керек. Президент, премьер-министр, сенат пен мәжіліс төрағалары, министрлер мен сот төрағалары сияқты жоғары лауазымды тұлғалардың жеке кабинетінде де міндетті түрде болуы керек. Парламент немесе үкімет отырыстары өтетін залдарда, сот отырыстары болатын бөлмелерде, мемлекеттік марапаттар берілетін орындарда, бала туу немесе неке тіркеу рәсімдері өтетін жерлерде де ту тұрады.

Мемлекеттік мекеме алғаш ашылғанда немесе қандай да бір салтанатты іс-шара өткенде ту көтеріледі. Президент не басқа бір өкіл Қазақстан атынан халықаралық форумға қатысса, сол форум өтетін ғимаратқа да ту қойылады. Ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындарда арнайы бөлмелерде экспозиция ретінде орнатылады.

Ту Қазақстан билік өкілдері отырған кемелерде, әскери кемелер мен ішкі су көліктерінде де ілінуге тиіс. Ал әскер мен басқа да әскери құрылымдарда мереке күндері немесе сарбаздар ант бергенде ту көтеріледі. Ту спорт жарыстары мен ресми салтанатты іс-шараларда, мемлекеттік рәміздер күнінде де орнатылуы керек.

Мектептер мен университеттерде жаңа оқу жылы басталғанда және аяқталғанда ту көтеріледі.

3. Мемлекеттік туды аулаға, терезеге ілуге бола ма?

Бұрын мемлекеттік туды тек мемлекеттік мекемелерде ілуге болатын. Ал үйіне, терезесіне ілгендерге айыппұл салатын. Алайда 2020 жылы заң жеңілдеп, тұрғындар мен жеке компанияларға да туды қолдануға рұқсат берілді.

Мысалы, туды үйдің балконына, кеңсе терезесіне немесе ғимараттың ішіне, тіпті автокөлік нөміріне немесе кейбір үй затына іліп қоюға болады.

4. Туды қалай қолдануға болмайды?

Туды қалай болса, солай қолдануға болмайды. Заң бойынша, туға құрметпен қарау - міндетіміз. Оны қолдануға қатысты бірқатар шарт пен тыйым бар. Мәселен, ту міндетті түрде ұлттық стандартқа сай болуы керек. Демек, оның түсі, өлшемі, суреттері — бәрі заңда бекітілген үлгі бойынша болуы қажет.

Туды төңкеріп, басын төмен қаратып ілуге болмайды. Жерде, еденде немесе суда жатпауы керек. Оны лас жерге орнатуға, сабын көлденең ұстап алып жүруге болмайды. Туға жазуға, сурет салуға, онымен зат орауға тыйым салынған.

Туды ешқашан киім ретінде пайдалануға болмайды. Демек, оны орамал, шапан, жамылғы, төсек жапқыш, сахналық киім, тіпті спорт формасы ретінде де қолдануға тыйым салынған. Бірақ ерекше жағдай бар: тудың бейнесін әскери адамдардың, полиция мен өрт сөндірушілердің формасында немесе патриоттық ұйым мүшелерінің киіміне қолдануға рұқсат етіледі.

Тудың суретін қағаз майлықтарға, қораптарға немесе басқа да қоқысқа жылдам тасталатын заттарға салмау керек.

5. Елтаңбаны қайда қолдануға болады?

Ту сияқты елтаңбаны да ресми, мемлекеттік ұйымдардың ғимараттарына, іс-шара, форум өтетін кеңістікке іліп қояды. Елтаңбаның суреті төлқұжатта, жеке куәлікте, туу туралы куәлікте, кейбір мемлекеттік құжаттарда, мөрлер мен банк карталарында, қолма-қол ақшаның бетінде, шекара белгілерінде және мемлекеттік сайттарда да қолданылады.

Алайда елтаңба міндетті түрде ұлттық стандартқа сай болуы керек – түсі, өлшемі мен бейнесі нақты талаптарды сақтауға тиіс. Сай келмесе, ондай Елтаңбаны ауыстырып тастайды немесе алып тастайды.

6. Елтеңбаны өз бетіңше қолдануға бола ма?

Кез келген ұйым немесе адам елтаңбаны өз бетінше пайдалана алмайды. Мысалы, жеке компаниялар немесе қоғамдық бірлестіктер елтаңбаны мөріне, логотипіне немесе басқа рәміздеріне енгізе алмайды.

Дегенмен рұқсат етілетін ерекше жағдайлар бар. Мысалы, әскерилердің киімінде, медальдарда, спортшылардың формасында бейнелеуге болады. Бұлай қолдану тәртібін үкімет бекітеді.

Бір айта кетері, ту мен елтаңба басқа елдердің белгілерімен қатар тұрса, көлемі, өлшемі тең немесе үлкенірек болуға тиіс.

7. Ту, елтаңба бейнесін бетке, киімге немесе тұрмыстық заттарға салуға бола ма?

Заң бойынша, мемлекеттік туды макияж ретінде қолдануға, тырнаққа, ішкиімге, шұлық пен аяқкиімге немесе күнделікті тұтынатын сөмкелер мен басқа заттарға бейнелеуге болмайды. Тіпті, патриоттық ниетпен жасалған жағдайда да бұл әрекет заңға қайшы. 

8. Әнұранды қашан және қалай орындау керек?

Әнұран тек арнайы, ресми жағдайда орындалады. Мысалы, президент қызметіне кірісіп, ант бергеннен кейін, парламенттің сессиясы ашылғанда немесе жабылғанда, ұлттық мейрамдар мен салтанатты жиындар басталғанда шырқалады. Теледидар мен радио таңертең  эфирге шыға бастағанда және кешке аяқталғанда да әнұран қойылады.

Еліміз үшін маңызды тарихи оқиғаларға арналған ескерткіш ашылғанда, шетелдік мемлекет басшыларын ресми қарсы алғанда немесе Қазақстан туы көтерілетін спорттық жарыстарда орындалады. Мектептер мен университеттерде оқу жылының басында және соңында, салтанатты жиындарда елтаңба міндетті түрде айтылады.

Мемлекеттік мекемелер мен ұлттық компаниялар ғимаратында әнұран мәтіні көрнекі жерге ілінуге тиіс.

9. Әнұранға қатысты қандай тыйым бар?

Әнұран айтылған кезде қатысып отырған адамдар орнынан тұрып, Қазақстан азаматтары оң қолын жүрек тұсына қояды. Әнұранды хор, оркестр, жеке дауыс немесе аспаппен орындауға болады. Кейде алдын ала жазылған нұсқасы да қосылады. Әнұран міндетті түрде қазақ тілінде, бекітілген мәтіні мен әуені өзгермей шырқалуға тиіс. Оның сөзін немесе әуенін басқа әндерге немесе өнер туындыларына қолдануға, өзгертуге болмайды.

Әнұран — кәдімгі әуен емес, сондықтан оны жай фон ретінде қою, мысалы, мейрамханада тамақтанып отырып тыңдау немесе клубта ойнату — дұрыс емес.

10. Мемлекеттік рәміздерді әлеуметтік желіде қолдануға бола ма?

Ту мен елтаңбаны мерекемен құттықтағанда, патриоттық бейнероликтерде немесе ұлттық киімдегі фотосессияда қолдануға рұқсат етіледі. Ал керісінше, оларды мем, әзіл, пародия немесе сатира мақсатында пайдалану – заңға қайшы және рәмізге құрметсіздік болып саналады.

Туды фотошоп арқылы басқа бейнемен біріктіруге, қосып араластыруға, оны ойын-күлкі үшін өзгертуге болмайды. Себебі Қазақстанның Конституциясы заңында «Мемлекеттік рәміздерді пайдалануға тек оларға лайықты құрмет болған жағдайда жол беріледі» деп нақты жазылған.

11. Заң бұзғандарға қандай жаза қарастырылған?

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 458-бабы бойынша, адам мемлекеттік рәміздерді қорлады деп айыпталса, оған 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынуы немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қолданылуы мүмкін.