Медицина қызметіне көңілім толмайды. Не істей аламын?

медицина, денсаулық
Иллюстрация: Едіге Ержанұлы/Baribar.kz

2022 жылғы желтоқсанда денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният елде тұмаудың үш түрі мен коронавирустың “омикрон” штамы тарай бастағанын айтты. Коронавирусқа қатысты статистика әлі бірқалыпты. Дәрігерге баратындар да көбейді. Емханалар ем тағайындаудан бас тартса, қате диагноз қойылса, медицина көмегі берілмесе және жалпы медицина қызметіне көңіліңіз толмаса, қайда шағымдануға болады? Бірнеше нұсқа ұсынамыз. 

1. Мекеменің ішкі аудит қызметінен көмек сұрау

Медмекемеде қиындыққа тап болсаңыз, ең абзалы — мәселені сол жерде шешуге тырысу. Кез келген адам Пациенттерге қолдау көрсету және ішкі аудит қызметінен көмек сұрауға құқылы. Мұндай қызмет әр медицина ұйымында бар. Сол қызметті алу үшін қабылдау бөліміне барып, байланыс деректеріңізді көрсете отырып жазбаша өтініш жазу керек. 

Кейін аудит бөлімі медицина көмегін беру стандарты бұзылып-бұзылмағанына қатысты ішкі талдау жүргізеді.

Мысалы, мына жағдайларға тап болсаңыз, осы қолдау көмегіне хабарласа аласыз:

  • сізді қабылдаудан бас тартса;
  • дәрігер дөрекі болып, бейәдеп қылық көрсетсе;
  • денсаулық жағдайыңызға қатысты диагностикалық немесе зертханалық қызметтерді қолдануға арналған жолдама бермей қойса;
  • медицина көмегіне көңіліңіз толмаса;
  • қойылған диагноз бен тағайындалған емге көңіліңіз толмаса;
  • сізден медсақтандырудың болуын талап етсе;
  • бейінді/арнаулы мамандар болмаса немесе алдын ала бір айлық науқастар тізімі толып қалып, кеңес ала алмасаңыз;
  • медициналық жазбаларыңыздан қате деректер мен қосып жазылған мәлімет барын байқасаңыз.

2. 1406 бірыңғай байланыс орталығына хабарласу

Мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының тәулік бойы жұмыс істейтін 1406 бірыңғай байланыс орталығына хабарласуға болады. Қазақстанның барлық аумағында ұялы және қала телефондарынан қоңырау шалу тегін

3. SaqtandyryBot-қа шағым жолдау

Телефон қоңырауларын ұнайтпайтын азаматтар шағымын Telegram-бот арқылы да білдіре алады. SaqtandyryBot-ты тауып алып, мәзірден “1406 нөміріне хабарлама жіберу” пәрменін таңдау керек. Одан соң аймақты, медицина мекемесін белгілеп, шағымыңызды жазасыз. Өтініш мәртебесін бақылап отыру үшін, “Өтініштер тарихы” батырмасын басыңыз.

SaqtandyryBot скриншоты
SaqtandyryBot скриншоты

4. Qoldau 24/7 мобайл қосымшасы арқылы

Мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Qoldau 24/7 мобайл қосымшасы арқылы жіберілген шағымдарды да қарастырады. Қосымша App Store мен Play Market желілерінде бар. Тегін жүктеледі.

Қосымша арқылы өтініш қалдырылған соң, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мамандары медициналық ұйыммен хабарласады. Қызмет сапасын тексереді. Қандай да бір себеппен мекеме сізге қызмет көрсетуден бас тартса, оның да себебін анықтайды. Барлық өтініш бойынша арнайы тіркеу нөмірі беріледі. Соның арқасында өтініштің мәртебесін қадағалап отыруға болады.

Qoldau 24/7 қосымшасының скриншоты

5. МӘМС сайтына шағым қалдыру

Арыз-шағымыңызды МӘМС сайтында да жазып қалдыра аласыз. Өтінішке фотодәлел де жүктеуге болады. Мұнда шағымға қоса алғыс, кеңес немесе ұсыныс та жазып қалдыруға болады.

Хатыңызда мәселенің мәні, аймақ және медицина ұйымының атауы болуы керек. Сонымен қатар, кері байланыс үшін телефон нөміріңіз бен e–mail енгізесіз. Өтініш өңделіп, 5 жұмыс күні ішінде жауабы шығады.

МӘМС сайтының скриншоты
МӘМС сайтының скриншоты

Ажар Ғинияттың мәлімдеуінше, 2022 жылы зардап шеккендерге моральдық және материалдық залал өтемақысы ретінде жалпы 40 миллион теңгеден аса қаражат төленген.