Кітапты көп оқуды үйрену. 5 кеңес

Кітап оқу
Иллюстрация: Dribbble.com ©Julia Packan

Егер кітапты көп оқуды үйренгіңіз келсе, бір жылда қанша кітап оқитыныңызды жоспарлап алыңыз. Мысалы, «2019 жылы Нобель сыйлығын алған авторлардың шығармасын оқып шығамын» деген тәрізді мақсатыңыз болсын.

1. Оқитын кітаптарыңыздың тізімін жасаңыз

Нақты мақсат болса, оған жетуге деген құлшыныс та оянады. Көздегеніңіздің шындыққа жанасуын да ескеріңіз.

Тізімнің үш артықшылығы бар:

  • геймификация: "оқылды" деп тізімнен сызылған кітаптар да жігер береді;
  • тізім - достарыңыздан естіген кітаптардың атауын ұмытып қалмауға көмектесетін құрал;
  • "осынша кітап" деп белгілесеңіз, мақсатыңызға қаншалықты жақындағаныңызды бақылай аласыз.

Сұлтанмахмұт Торайғыров, кітап оқу
Иллюстрация: Bilimland.kz

2. Электрондық кітаптарды оқыңыз

Кітап оқу да еңбекті талап етеді. Сол себепті өзіңізге сылтау айтуға мүмкіндік бермеңіз. Мысалы, "кітап ауыр, оны әрдайым өзіммен бірге алып жүре алмаймын" немесе "ол кітапты жергілікті кітапханадан таппаймын" деуіңіз мүмкін. Әрине, бұл мәселелердің оңтайлы шешімі - электрондық кітап.

Білім алу жолы кедергіге толы болса, сіздің де оны шешуге түрлі айлаңыз дайын болсын.

кітап оқу, қазақ қыз
Иллюстрация: Bilimland.kz

3. Кітаптан өзіме керек ақпаратты қалай аламын?

Кітап оқығанда сергек отыруыңыз қажет. Кей адамға ақпаратты еске сақтау үшін дауыстап, мәнерлеп оқыған көмектеседі. Кейбіреуге оқығанын ұмытып қалмау үшін қағазға түртіп алып, конспект жасау тиімді.

Егер оқыған кітабыңыз өміріңізге азық болсын десеңіз, кітаптан түйгеніңізді жазып алып жүріңіз. Жақсы жазылған конспект А4 форматындағы екі-үш бет болуы мүмкін. Барлығы кітаптың идеясына, көлеміне байланысты.

"Қайталау - білімнің анасы" дейді. Оқыған кітаптарыңыздың барлығын қайталап оқып шығуға уақытыңыз болмауы да мүмкін. Мұндай кезде де жазған конспектіңіз көмектеспек.

кітап оқу, қазақ бала
Иллюстрация: Bilimland.kz

4. Оңтайлы шешім - аудиокітап

Кітапты көп оқи алмаймын дейтіндердің жиі айтатын сылтауы -  "уақыт жоқ". Біз 24 сағат бойы жұмыс істемейміз немесе сабақ оқып жүрмейміз. Егер ниетіңіз білім алу болса, уақытты кез келген жағдайда таба аласыз. Мысалы, үйіңіз жұмыстан немесе мектептен алыс орналасқан. Демек, жол бойы аудиокітап тыңдай аласыз. Дәл сол сияқты спортпен шұғылданатын кезіңізде, көшеде жаяу келе жатып немесе ыдыс жуып та аудиокітапты тыңдай аласыз.

Ең бірінші тыңдаған аудиокітапты қабылдау қашан да ауыр болады. Зейініңіз жиі басқа нәрсеге ауып кетуі мүмкін. Бұл - қалыпты жағдай. Сол себепті аудиокітаптан бірден "менікі емес" деп бас тартпаңыз. Әуелі жеңілдеу шығармадан бастаңыз. үш–бес кітапты тыңдағаннан кейін аудиокітапты түсініп, ақпаратты есте сақтай аласыз.

5. Қандай қазақша аудиокітаптар бар?

Егер қазақ әдебиетінің шоқтығы биік туындыларының аудионұсқасын іздесеңіз, Bilimland.kz порталының "Қазақ әдебиетінің аудиохрестоматиясы" курсымен танысып көріңіз.

Мұнда ҚР Білім және ғылым министрлігі бекіткен оқу бағдарламасына сай қазақ әдебиеті шығармаларының аудиожазбалары берілген. Курс материалдарын танымал театр және кино артистері дыбыстаған.

Қазақ әдебиеті курсы, Bilimland
Қазақ әдебиеті курсы, Bilimland.kz сайтының скриншоты