Қазақстанда шағын және орта бизнеске арналған қайтарымсыз грант алуға болады. Оның біршамасын мемлекет бөледі, біразын жеке ұйымдар, қорлар ұйымдастырады. Бұл материалда біз осындай 3 қайтарымсыз грант туралы әңгімелеп, оларға қалай қатысуға болатыны туралы айтамыз.
1. "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасының грант мөлшері қандай?
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы бойынша грант мөлшері - 200 АЕК (1 АЕК - 2 778 тг), яғни 2020 жылы мөлшер бойынша 555 600 теңге. Грантты Халықты жұмыспен қамту орталығы тағайындайды.
2. "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасының грантына кім үміткер бола алады?
Бұған дейін "Еңбек" бағдарламасы бойынша грант алмаған және бағдарламаның бірінші бағыты бойынша оқуды аяқтаған, оған қоса "Бизнес-Бастау" жобасының курсын бітірген тұлғалар грантқа өтініш бере алады. Оның ішінде:
- жастар;
- көп балалы, аз қамтылған отбасы мүшелері;
- жауапкершілігі шектелген еңбекке жарамды тұлғалар;
- мигранттар мен оралмандар.
Бағдарламаның бірінші бағыты - шаштараз, аспаз, жиһаз құрастырушы сияқты белгілі бір мамандық бойынша қысқамерзімді мамандандырылған оқыту. Бұл курстың операторы - жергілікті жұмыспен қамту орталықтары. "Бастау-Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы негізінде жүзеге асырылады.
3. "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы грантын алу үшін не істеу керек?
Жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік грантты алу үшін бағдарламаға қатысушы (немесе оның нотариат куәландырған сенімхат бойынша өкілі) тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығына мынадай құжаттарды тапсыруы керек:
- "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасына қатысуға өтінім.
- Жеке басын куәландыратын құжат, ал оралмандар үшін - оралман куәлігі (салыстыру үшін құжаттың түпнұсқасы ұсынылады).
- Бастапқы бизнес-жоспар.
- Кәсіпкердің бағдарлама аясында оқуды аяқтағанын растайтын құжаттың көшірмесі.
- Кәсіпкердің атынан өтініш беру құқығына сенімхат, адвокаттың жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі (заңды тұлға атынан - заңды тұлға куәландырған).
- Тұрғылықты жерде тіркелгенін растайтын құжат (мекенжай анықтамасы немесе ауыл әкімдерінің анықтамасы).
4. "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы гранты қаражатын қандай мақсатқа пайдалануға болады?
Қаражатты мына заттарды сатып алуға пайдалануға болады:
- жаңа бизнес идея үшін қажет құрал-жабдық алуға;
- технологиялық құралдар алуға;
- жануарларды сатып алуға;
- құстарды сатып алуға және тағы басқа.
Қаражатты мына мақсатқа пайдалануға болмайды:
- тұтынушылық мақсатқа;
- басқа қарызды төлеу мақсатына;
- жылжымайтын мүлік сатып алуға;
- жер учаскесін сатып алуға;
- акцизделетін тауарлар өндіруге;
- аренда ақысын төлеуге.
5. "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы гранты қаражатын мақсатсыз пайдаланған адам қандай жауапкершілікке тартылады?
Бағдарламаға қатысушы грант алған күннен бастап 3 ай ішінде грант қызметін салық органдарында тіркеу арқылы немесе Қазақстан Республикасының салық заңнамасы бойынша бірыңғай жиынтық төлемді төлеу арқылы оның мақсатты пайдаланылуын растайды. Кәсіпкерлер палатасы келісімшарт жасалған күннен бастап қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылайды. Жобаларды қолдау бойынша қызметтер (маркетингтік, заңгерлік, бухгалтерлік және тағы басқа) ұсынуды жеңілдетеді.
Мониторинг грант алушының қаражатты мақсатсыз пайдаланғанын анықтаса, бағдарлама шарттары бойынша грант қаражатын қайтару туралы шешім қабылдау үшін бұл бағдарламаның аймақтық үйлестірушісіне хабарланады. Бағдарламаның аймақтық үйлестірушісі бұрын жаратылған қаражатты бюджетке қайтару үшін барлық қажет шараны қабылдайды.
6. "Бизнестің жол картасы - 2025" бағдарламасының грант мөлшері қанша?
"Бизнестің жол картасы - 2025" бағдарламасы - кәсіпкерлікті қолдауға және дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама.
Бағдарлама грантына ие болғандарға 2 миллион теңгеден 5 миллион теңгеге дейінгі сома қайтарымсыз беріледі. Бағдарлама операторы - облыстардың, қалалардың кәсіпкерлік және туризм басқармасы. Қатысушылар грантқа әр қаланың әкімдігі немесе әкімдік ашқан сайт арқылы өтінім жібере алады.
7. "Бизнестің жол картасы - 2025" бағдарламасына кімдер қатыса алады?
Бағдарламаға мына тұлғалар қатыса алады:
- шағын кәсіп иесі, оның ішінде кәсібін енді бастаушылар мен жас бизнесмендер;
- әйелдер;
- мүгедектігі бар азаматтар;
- 50 жастан асқан азаматтар.
Бағдарлама шартына сай келетін әр кәсіпкер іріктеуге бір инновациялық бизнес-жоба ұсынуы керек.
8. "Бизнестің жол картасы - 2025" бағдарламасының шарты қандай?
Бағдарламаның міндетті шарты - кәсіпкердің ұсынылатын мемлекеттік грант көлемінің кемінде 10% мөлшерінде оны жүзеге асыруға арналған шығынды бірлесіп қаржыландыруы. Бұл талап бойынша жобаға қатысатын жеке жылжымалы немесе жылжымайтын мүлік те ескеріледі. Бірақ шарт халықтың әлеуметтік әлсіз топтары үшін міндетті емес.
Жаңа жұмыс орнын ашу және бизнес-жобада инфрақұрылым құратын инвестициялық жоспардың болуы да бағдарлама шартына кіреді.
9. "Бизнестің жол картасы - 2025" бағдарламасы грантына өтінім беру үшін қандай құжат жинау керек?
- жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмелері;
- мемлекеттік гранттар беруге арналған байқау іріктеуіне қатысуға өтінім;
- заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің немесе жеке кәсіпкерді тіркеу туралы хабарламаның көшірмелері;
- бюджетке төленетін міндетті төлемдер бойынша берешектің жоқ екені туралы өтініш берген күнге дейін күнтізбелік 30 күннен кешіктірілмей берілген анықтама;
- жетекшінің қолымен және өтініш берушінің мөрімен куәландырылған (болған жағдайда) өтініш берген кездегі қызметкерлердің орташа саны туралы анықтамалар;
- бизнес-жоспар түрінде дайындалған бизнес-жоба;
- осы бағдарлама немесе "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы бойынша кәсіпкердің курстан өткенін растайтын 2 жылдан аспайтын мерзімдегі құжаттың көшірмелері;
- кәсіпкер атынан өтініш беру құқығына сенімхат, адвокат паспортының көшірмесі (заңды тұлға атынан - заңды тұлға куәландырған);
- ұсынылған мемлекеттік грант көлемінің кемінде 10% мөлшерінде бизнес-жобаны іске асыруға арналған шығындарды бірлесіп қаржыландыратын қолма-қол ақшаның немесе жылжымалы/жылжымайтын мүліктің қолда бар екенін растайтын құжаттар, қаражаттың немесе құжаттардың бар екендігі туралы банктік шоттан үзінді. Бизнес-жобаға қатысатын жылжымалы немесе жылжымайтын мүліктің бағалау құнын растайтын құжаттар (Халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қоспағанда);
- өтінім берушінің халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына жататынын растайтын құжат.
10. "Бизнестің жол картасы - 2025" бағдарламасы арқылы алынған қаражатты кәсіпкер қайда жұмсай алады?
Кәсіпкерлер мемлекеттік грантты мына нәрсеге пайдалана алады:
- жаңа бизнес-идеясын жүзеге асыруға қажет негізгі құралдар алуға;
- шикізат пен материалдар сатып алуға;
- материал емес активтерді, технологияларды, кешенді кәсіпкерлік лицензия құқығын алуға (франчайзинг);
- зерттеулер мен жаңа технологияларды енгізуге байланысты шығындарға.
Кәсіпкерлер меемлекеттік грантты мына нәрсеге пайдалана алмайды:
- жалға алу төлемдері ретінде, жылжымайтын мүлікті немесе жер учаскелерін сатып алуға;
- серіктестікке тәуелді немесе серіктестікке жататын тұлғалардан негізгі құралдарды сатып алуға (қызметтерді алу, жұмыстарды орындау);
- бұған дейін пайдаланылған жабдықтарды сатып алуға.
11. "Бизнестің жол картасы - 2025" бағдарламасы бойынша қандай кәсіпкерлерге грант берілмейді?
- қайта құру кезеңінде тұрған, тараған немесе банкрот болған, оған қоса Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қызметі тоқтатылған;
- салықтар мен мемлекеттік бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешегі бар;
- негізгі қызметі жылжымайтын мүлікті жалға беру болып саналатын;
- кәсіпкердің жобаға қатысатын жеке жылжымалы немесе жылжымайтын мүлікті қоса алғанда, ұсынылатын мемлекеттік грант көлемінің кемінде 10% мөлшерінде оны жүзеге асыруға арналған шығынды бірлесіп қаржыландыра алмаса (халықтың әлеуметтік әлсіз топтары есептелмейді).
12. "Өз бизнесіңді құр" жыл сайынғы байқауының грант мөлшері қанша?
Байқау жұмыс істеп тұрған бизнесті дамытуға немесе жаңасын құруға арналған. Байқауды 2013 жылдан бері "Сәби" қайырымдылық қоры ұйымдастырып келеді.
Жалпы жүлде қоры мен грант саны жыл сайын байқау басталар алдында бекітіліп, сайтта жарияланады. Дегенмен ұйымдастырушылар гранттардың мөлшері мен санын байқаудың кез келген уақытында өзгертуге құқылы.
13. "Өз бизнесіңді құр" байқауы қай уақыт аралығында өтеді?
Байқау жыл сайын қараша мен наурыз айларында өтеді. 2019-2020 жылдардағы іріктеу аяқталды. Ал 2020-2021 жылдарға арналған іріктеуі енді басталады. Нақты датаны қордың ресми сайтынан біліп отыруға болады.
14. "Өз бизнесіңді құр" байқауына қалай қатысуға болады?
Байқауға 18 бен 35 жас аралығындағы Қазақстан азаматтары қатыса алды. Ол үшін неге дәл сіздің жоба грантқа лайық екені айтылып, көрсетілетін видео түсіру керек. Ұзақтығы - 1 минут. Одан кейін Saby.kz сайтында өтінім толтырып, жібереді.
Видероликке қойылатын талаптар мыналар:
- ролик ұзақтығы 1 минуттан аспауы керек;
- видеролик қазақша немесе орысша түсіріледі;
- видеоның басында ұйымдастырушылар конкурс үшін арнайы жасаған видеокіріспе қолданылуы керек (ресми сайттан жүктеп алуға болады). Жобаның қатысушылары және оның атауы да көрсетілуі керек.
- бизнес идеясы ашылуы қажет;
- қазір қандай ресурстар бар екенін және нендей іс біткені айтылуға тиіс;
- қосымша қаржы қандай мақсат үшін, қандай мөлшерде қажет екені хабарлануы қажет;
- бизнес-жобаның өзекті әрі потенциалы болуы керек.
Қатысушылар видео сілтемесін кем дегенде үш әлеуметтік желіге (Instagram, Facebook) және YouTube-ке арнайы хэштегпен жүктеуге тиіс. Былтырғы байқаудың хэштегі #sabykz2020 болды.
15. "Өз бизнесіңді құр" байқауы қанша кезеңнен тұрады?
Қатысушылар үш кезеңнен өтеді:
- барлық жұмысты қабылдау;
- 20-25 жоба іріктеліп алынған шорт-лист дайындау;
- байқау финалистерін, солардың ішінен жеңімпаздарды анықтау.
Шорт-лиске кірген қатысушылар бизнес-жоспарын ұсынуы керек. Шорт-лиске атқарайын деп жатқан ісі ұқсас жобалар қатар келсе, басқаларына қарағанда бірінші өтінім жіберген жоба өтеді. Бизнес-жоспарды бағалау қорытындысы арқылы байқау финалистері анықталады. Жеңімпаздар бизнес жобасын жүзеге асыруға негізгі грант алады.
Байқаудың әр финалисі жүзеге асырып жатқан жобасы арқылы "Сәби" қайырымдылық қорының қамқорлығындағы кем дегенде бір адамды жұмысқа орналастыруы қажет.
Роликте және бизнес-жоспарда көрсетілген ақпараттың бәрі ашық дереккөз саналады. "Сәби" қоры қатысушылар ұсынған ақпараттың автор құқығына жауап бермейді.
16. "Өз бизнесіңді құр" байқауында қандай жобаның жеңіп шығуға мүмкіндігі көп?
Перспективалы, экономикалық жағыннан тиімді және әлеуметтік маңызы бар салалардағы бизнес-жобалар немесе дамудың соңғы сатысында тұрған бизнес басымдыққа ие. Өндірістік және ғылыми салаларға назар аудара отырып, экономиканың нақты секторына басымдық беріледі.
17. "Өз бизнесіңді құр" байқауына қандай жобалар өтпейді?
Байқауға қатысуға мынадай өтінімдер қабылданбайды:
- алкоголь мен темекі өнеркәсібіндегі, ойын бизнесі саласындағы жобаларды іске асыруға бағытталған жұмыстар;
- зорлық-зомбылық пен сексуал сипаттағы көріністері бар жұмыстар.
* "Еңбек" бағдарламасы гранты туралы ақпарат Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерді қаржылай емес қолдау бөлімінің бастығы Гаухар Елеусінованың мәліметіне сүйеніп, дайындалды. "Бизнестің жол картасы - 2025" бағдарламасының гранты туралы материал БАҚ мемлекеттік порталының ақпараты бойынша жазылды. "Өз бизнесіңді құр" байқауы туралы мәлімет "Сәби" қайырымдылық қорының ресми сайтынан алынды.