Көлік салығын төлеуге қатысты Топ-10 сұрақтың жауабы

Алматы, көше, көлік, машина, кептеліс, пробка
Фото: Бақдәулет Әбдуалы
2025 жылғы 1 сәуірге дейін көлік салығын төлеу керек. Соған орай, салық төлеуге қатысты 10 сұрақтың жауабын ұсынып отырмыз.

1. Жеке тұлғалар көлік салығын қай уақытқа дейін төлеуі керек?

Жеке тұлғаларға арналған көлік салығын төлеу мерзімі 2025 жылғы 1 сәуірде аяқталады.

2. Қандай көліктер үшін салық төлеу керек?

Салық кодексінің 491-бабы бойынша, Қазақстан Республикасында тіркелген барлық көлікке (тіркемелерден басқа) салық төленуі керек. Бұл:

  • жеңіл және жүк көліктері;
  • мотоциклдер;
  • тракторлар;
  • автобустар;
  • мотороллер;
  • қарда жүретін көліктер;
  • қайықтар;
  • яхталар;
  • ұшатын аппараттар.

Салықты көлік құралы атына тіркелген тұлға төлейді.

3. Қай көліктерге салық төленбейді?

  • медицина көліктері;
  • теңіз кемелері;
  • жүкті өзі түсіретін карьер көліктері (самосвал) (40 тоннадан астатын жүк таситындары);
  • көлік салығы орнына мүлік салығы салынатын арнайы көліктер.

4. Көлік салығы бойынша қарызды қалай тексеруге болады?

Салық бойынша қарыздың бар-жоғын білетін мынадай әдістер бар:

  • Мемлекеттік кірістер комитетінің порталы (Kgd.gov.kz) - "Электрондық сервистер" бөлімінде салық берешегінің болуы немесе болмауы туралы мәліметтер.
  • е-Salyq Azamat мобайл қолданбасынан салық міндеттемелердің бәрін білуге болады.

5. Көлік салығының мөлшерін қалай есептеуге болады?

Көлік салығының мөлшерін есептеу үшін Kgd.gov.kz порталындағы "Калькулятор" қызметін қолдану керек. Мұны е-Salyq Azamat мобайл қолданбасы арқылы да білуге болады.

6. Азаматтардың қай санаты көлік салығынан босатылады?

  • Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері және жеңілдігі бойынша ардагерге теңестірілген адамдар;
  • басқа мемлекет аумағындағы қимыл ардагерлері:
  • Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы қажырлы еңбегі немесе мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар;
  • Кеңес Одағының батырлары мен Социалистiк Еңбек ерлерi, "Халық қаhарманы", "Қазақстанның Еңбек Ері" атағы бар, үш дәрежелі Даңқ орденiмен және "Отан" орденiмен наградталған адамдар;
  • "Батыр ана" атағы бар немесе "Алтын алқа" және "Күмiс алқа" алқаларымен наградталған көп балалы аналар;
  • меншiгiнде мотоколяска мен автомобиль бар мүгедектігі бар адамдар.

Ескерту: бұл санаттағы азаматтар тек бір көліктің салығынан босатылады (2013 жылғы 31 желтоқсанынан кейін тіркелген 4000 текше см-ден асатын жеңіл автомобильдерді қоспағанда).

7. Көлік салығын уақтылы төлемесе не болады?

Көлік салығы белгіленген мерзімде төленбесе, берешек сомасына өсімпұл есептеледі. Өсімақы мөлшері Ұлттық банк белгілеген қайта қаржыландырудың 1,25 еселенген ресми мөлшерлемесіне тең. Оған қоса салық төлемеген көлік иесіне банк шотын ашуға, шетелге шығуға шектеу қойылады.

8. Көлікті сенімхат бойынша сатсам, салықты мен төлеймін бе, әлде көлікті айдап жүрген адам төлей ме?

Салық кодексі бойынша, көлік салығын соның иесі төлейді. Өйткені көлік сізге тиесілі. Дегенмен сол көлікті сенімхат бойынша айдап жүрген адам сіздің атыңыздан көліктің салығын төлей алады. Төлемде көлік иесінің ЖСН-сы және толық аты-жөні көрсетілуге тиіс.

9. Автокөлік бірнеше жыл бұрын сатылса, оған төлейтін салық қазір ғана пайда болса не істеу керек?

Көлік салығы ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің орталық деректер базасы мәліметі негізінде есептеледі. Уәкілетті органның мәліметі бойынша көлік құралы есепте тұрса, салық органдары ондай көліктің салығын есептеуге міндетті.

Сондықтан көлік иесі сатылған көлігін есептен шығаруы керек. Бұл үшін мамандандырылған ХҚКО немесе ХҚКО бару қажет. Бұл ретте, тіркеу есебінен шығару күніне дейін есептелген берешек пен салық сомасын төлеуге тура келеді.

10. Көлік жол апатынан кейін жарамсыз болып қалды. Осы көліктің салығын төлеу керек пе?

Иә, төлеу керек. Өйткені әзірге көліктің иесі бар және көлік жол полициясы органдарында тіркеу есебінде тұр. Осындай көлікке салық төлеуді тоқтату үшін оны тіркеуден шығару қажет.