Фрилансер деген кім? Фрилансерлердің құқығы қалай қорғалады? Фрилансерлер зейнет жасында не істейді?
1. Фрилансер деген кім?
Freelance сөзі ағылшын тілінен аударғанда "штаттан тыс" деген мағынаны білдіреді, яғни, ешқандай жұмыс беруші компанияның құрамында жоқ, тапсырыс берушіні өз еркімен таңдайтын, өз жұмыс уақытын өзі реттейтін кәсіп иесі. Олар түрлі компания мен тапсырыс берушіге жұмыс істейді. Бұл қызметтегілердің санатына табысын көбейту мақсатында бірнеше жұмысты қатар алып жүретін адамдарды жатқызуға болады.
"Фрилансер" деген терминнің мағынасына қатысты көптеген дерек бар. Әйгілі жазушы Вальтер Скоттың "Айвенго" романында бұл термин алғаш рет қолданылады. Жазушы романда орта ғасырлардағы жалдамалы жауынгерлерді осылай атаған.
ҚР "Халықты жұмыспен қамту туралы" заңы бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға табыс алу үшін тауар өндірумен немесе өткізумен, қызмет көрсетумен дара айналысатындар, өндірістік кооператив мүшелері, отбасылық кәсіпорындар мен шаруашылықтардың және жұмыс берушілердің еңбекақы төленбейтін жұмыскерлері жатады. Біздің қоғамда бұлардың бәрін бір сөзбен фрилансер деп атау қалыптасқан.
2. Фрилансерлер қай салада жұмыс істейді?
Қазір фрилансерлерді әртүрлі саладан кездестіреміз. Негізінен, мына бағыттар бойынша көп:
- Мәтіндермен жұмыс, копирайтинг, журналистика
- Интернет-жарнама және сайттардың жарнамасын жасау
- Графика, дизайн және иллюстрациялармен жұмыс
- Бағдарлама жасау, компьютермен жұмыс
- Аударма ісі
- Менеджерлер
- Интернет-консультант
- Жазушы
- Қолданбалы өнер
3. Фрилансерлердің құқығы қорғала ма?
Мамандардың айтуынша, фрилансер ұстау кәсіпкерлер үшін өте тиімді. Себебі олар жалдамалы жұмысшы алдында көп жауапкершілікті мойнына ала бермейді және әдетте оның уақытына емес, жұмыстың сапасына ғана төлейді.
Тағы бір проблема – тапсырыс берушінің жұмыс біткеннен кейін ақы төлеуден жалтаруы. Бірақ жұмыс талаптарын алдын ала сауатты реттеп алсаңыз, бұл мәселенің шешімін табуға болады.
Бүгінде қазақстандық фрилансерлер клиентпен келісімшарт жасау кезінде екі жүйені пайдаланады:
- құжатты рәсімдеусіз
- жұмыстың атқарылуы бойынша немесе жеке кәсіпкер ретінде
Екінші нұсқа фрилансер үшін қауіпсіз болғанымен жұмыс беруші үшін көп артықшылығы бар. Фрилансер жеке кәсіпкер ретінде салық пен басқа да төлемдерді төлеуге міндетті болады. Жалпы, фрилансерлер қандай да бір мекемемен келісімшартқа отырмай-ақ, жұмыс істей береді. Мұндай топқа жататын адамдардың бірнеше жұмысты қатар істеуіне болады.
4. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар табысына қарай жіктеле ме?
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың жалпы саны 2 млн-нан асқан. Бейресми цифр бұдан басқаша болуы да мүмкін.
Мамандар өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды немесе келісімшарт бойынша жұмыс істейтіндерді нәтижелі жұмыспен қамтылғандар және нәтижесіз жұмыспен қамтылғандар деп екіге бөлінеді. Бұл жерде табыс табушының еңбек және әлеуметтік қорғау органына ресми түрде тіркелуіне қарай жіктеліп отыр. Бұл дегеніміз алдыңғы топтың орташа айлық табысы тұрақты, келесі топтың тұрақты табысы жоқ екенін білдіреді.
Бұдан басқа, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың статусы әлі анықталмаған санаты да бар.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың дені ауылдық жерде тұрады.
5. Фрилансерлер келешекте зейнетақы ала ма?
ҚР "Зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңының 25-бабына өзгертулер енгізілді. Бұл - өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен келісімшарт бойынша жұмыс істеушілердің осы бір тобына қатысты тұсы.
Заңнамадағы өзгертуге сәйкес, енді азаматтық-құқықтық шарттар бойынша жұмыс істейтін азаматтар міндетті зейнетақы жарнасын төлеуі шарт. Заң 14 шілде күні күшіне енді.
Жарна мөлшері азаматтың табысының 10%-ы деңгейінде. Зейнетақы жарнасы уақытылы төленбесе, азаматқа жауапкершілік қарастырылады. Заңның бұл талабына уайымдауға негіз жоқ, мұны фрилансерлерді зейнет жасына жеткенде әлеуметтік жағынан қамсыздандыру үшін жасалған қамқорлық деп түсіну қажет.
6. Фрилансерлер Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қалай төлем жасайды?
1-қадам. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына барып, зейнетақы шотын ашуға өтініш бересіз.
2-қадам. Табысыңыз түскеннен кейін әр айдың 25-іне дейін салымды өз зейнетақы шотыңызға аударасыз. Жарна айлық табысыңыздың 10%-ы көлемінде екенін қайталаймыз.
3-қадам. Зейнетақы шотыңызға салымның түскендігін тексересіз.
Белгілі бір уақыт аралығында табысы болмай қалған жағдайда да фрилансер міндетті зейнетақы салымдарын төлей алады. Ол жалақының ең төменгі мөлшерінің 10%-ы көлемінде. 2018 жылы Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері 28 284 теңге болғанын айта кетейік.