Электрон цифрлы қолтаңбаны қалай алуға болады?

онлайн қызмет, ЭЦҚ, Egov.kz
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Электронды үкіметтен (мысалы, Egov.kz сайтынан) қандай да бір құжат немесе қызмет аламын десеңіз немесе басқадай операциялар жүргізу кезінде (мысалы, жеке кәсіпкер ретінде) ЭЦҚ (электрон цифрлы қолтаңба) болуы керек. Электрон цифрлы қолтаңба құжаттардың дұрыс және бір адамға тиесілі екенін, оның мазмұны өзгермейтінін растайды. Сонымен қатар онда жеке азамат туралы барлық ақпарат сақталады.

1. ЭЦҚ алу үшін не қажет?

  • Азаматтың жеке куәлігі немесе паспорты болуы керек;
  • Интернетке қосылған әрі камерасы бар компьютер қажет;
  • СМС хабарламаныоқу үшін смартфон талап етіледі;
  • Сондай-ақ компьютерге NCALayer бағдарламасын орнату керек.

ЭЦҚ-ны кез келген адам рәсімдей алады. Қолтаңба жеке азаматтарға және заңды тұлғаларға беріледі. Егер оны онлайн алу қиын болса, сайт арқылы виртуал операторға жүгіне аласыз. Оператордан кеңес алуға дүйсенбі-жұма арасында 9.00-ден 20.00-ге дейін мүмкіндік бар. Ал сенбі күні қызметкерлер 14.00-ге дейін жұмыс істейді.

2. Ең әуелі...

... Egov.kz сайтына кіріп, сәл төмен түссеңіз, сол жақта "Сервистер" бағанын көресіз. Соның ішінде үшінші тұрған "ЭЦҚ-ны қашықтан алу" мәзіріне өтіңіз.

Әрі қарай жүйе компьютерде камера бар-жоғын тексереді. Браузер парақшасында "Камераға рұқсат беру/бұғаттау" батырмасы шығады. Сол кезде "Рұқсат беру" дегенді басуыңыз қажет. Сонда жүйе камераңызды тексеріп, пайдалануға рұқсат алады.

Байқасаңыз, оң жақта сары түспен "Қызметті онлайн алу" батырмасы тұр. ЭЦҚ-ны алуға дәл осы батырма жол ашады. Соны басып, келесі бетке өтуіңіз қажет.

3. 1-қадам

1-қадам. Бетте "Қызметті кім алатынын таңдаңыз?" деген жазу шығады. Астындағы "заңды тұлға" немесе "жеке тұлға" деген нұсқаның сізге керек түрін таңдайсыз. Бұл жерде жеке кәсіп иесі немесе басқа да заңды тұлғалар "Заңды тұлға" батырмасын басуы қажет.

Одан соң жеке сәйкестендіру нөміріңізді жазасыз. Осы арқылы адам өзінің Азаматтардың мобайл базасында бар-жоғын тексереді. Базада тіркелсеңіз, смартфоныңызға 1414 нөмірінен SМS-код келеді. Сол сандарды экрандағы арнайы жолға жазып, келесі қадамға өтесіз.

4. Азаматтардың мобайл базасында жоқ болсаңыз, не істеу керек?

Азаматтардың мобайл базасында тіркелмесеңіз немесе SMS-код келмесе, жүйе аты-жөніңіз бен телефон нөміріңізді қайта енгізуді сұрайды. Ол үшін беттің төменгі оң жағында орналасқан "Виртуал кеңес" көмекшісіне барып, қалаған тілді таңдаңыз. Осы сервистің аяқ жағында "Бейне қоңырау" деген белгі тұрады. Соны таңдасаңыз, оператор қоңырауға жауап береді. Сіз оған жеке куәлігіңізді көрсетуіңіз керек. Құжатты камераға қарай көтеріңіз. Сонымен қатар ЖСН-ді, телефон нөміріңізді және смс-кодты айтыңыз. Оператор сізді Азаматтардың мобайл базасына тіркейді.

Базаға сәтті тіркелген соң сайтты бір жаңартыңыз.

5. 2-қадам

2 және 3-қадамға келгенде ЖСН мен SMS-кодты қайта енгізу керек.

Әрі қарай жүйе компьютерде NCLAyer бағдарламасы бар немесе жоқ екенін тексереді.

Егер компьютерде бұл бағдарлама болмаса, оны мына сілтемеден жүктей аласыз. Ескеретін бір жайт бар. Әдетте Apple компаниясының Macbook-ына бұл бағдарлама жүктелгенімен жұмыс істемеуі мүмкін. Мұндай жағдайда басқа компьютер қолдануға кеңес береміз.

NCLAyer бағдарламасы сәтті жүктелсе, "ЭЦҚ алуға көшу" батырмасын басып, іске кірісіңіз. Әрі қарай жүйе қашықтан сәйкестендіру үшін телефон нөміріңізді жазуды сұрайды. Сол нөмірге SМS-код екі минутта келеді. Егер хабарлама келмесе, қайта жібересіз. Одан соң жеке сәйкестендіру нөміріңізді енгізесіз. Оның дұрыс жазылғанына мән беріңіз.

6. Бет-әлпетті камера арқылы сәйкестендіру

Осыдан кейін жүйе бет-әлпетіңізді сақтау, тану үшін бейне тексеруді ашады. Камераға тік қарап, қасыңызда басқа адамның болмауын, бөлме жарығын бір тексеріп алыңыз. Сосын "Бастау" батырмасын басып, жүйенің талабын орындаңыз.

Егер бет-әлпетіңізді сәйкестендіре алмасаңыз, тағы қайталап көруге болады. Ал бейне-тексеру кезінде сіздің фотоңыз қазіргі келбетіңізбен сәйкес келмесе, онда Digital ID-іңіз автомат түрде модератордың тексеруіне жіберіледі. Мұндай жағдайда оператордың аккаунтыңызды тексеруін күтуге тура келеді. Тексеру ұзақтығы операторлардың жұмысы көп не аз екеніне байланысты. Еgov.kz тексеру нәтижесін SMS-хабарлама арқылы жібереді.

Бет-әлпетіңізді жүйедегі ақпаратпен сәйкестендірген соң Ұлттық куәландырушы орталығының сервисіне сізден рұқсат сұралады. Рұқсат берген жағдайда орталықтың беті ашылады. Ондағы пайдаланушы келісімін оқып, "Растау" қажет.

7. Электрон цифр қолтаңбасын сақтау

ЭЦҚ-ны алуға аз қалды. Келесі бетте өзіңіз енгізген мәліметтер шығады. Поштаңыздың дұрыс көрсетілгенін де тексеріп жіберіңіз. Енді электрон цифрлы қолтаңбаны компьютердің қай жеріне сақтайтыныңызды таңдап, сол файлды ашуыңыз қажет. Сосын "Өтініш беру" деген батырманы басып, дәл сол жерде бетті жаңартасыз.

Құттықтаймыз, сізге электрон цифрлы қолтаңба берілді.

Egov.kz-ке ЭЦҚ-мен кіру үшін пароль құрастыруыңыз керек. Одан соң сертификатты жүктеп, Egov.kz сайтынан қажет құжаттарыңызды ала бересіз. Өзіңіз туралы мәліметті "Жеке кабинетке" кіріп, толықтыруға болады.

Бұл – жеке азаматтарға арналған электрон цифрлы қолтаңбаны алу үлгісі. Ал заңды тұлғалар ЖСН орнына бизнесті сәйкестендіру нөмірін немесе ЭЦҚ алатын қызметкердің ЖСН нөмірін енгізеді. Қалған әрекеттер екі санатта да бірдей.

Egov.kz электрон цифрлы қолтаңбаны бір жылға береді. Жыл өткен соң азамат оны қайта жаңартуы қажет. Ол үшін дәл осы қадамдарды жасап, қайта жаңарта аласыз.

8. Маңызды: Электрон цифрлы қолтаңбанықауіпсіз жерде сақтау қажет

Электрон цифрлы қолтаңбаны кез келген адам өзі онлайн ала алады. Оны алу Қазақстан бойынша тегін. ЭЦҚ жасау үшін басқа адамдарды іздеп, ақылы түрде ашудың қажеті жоқ.

Қолтаңбаны алу барысында қиындық туса, жақыныңыздан көмек сұраңыз. Проблема компьютерде болса, басқа компьютерді қолданыңыз. Ол өзіңіздікі немесе жақын адамдікі болуға тиіс. Қандай жағдайда да танымайтын өзге адамға электрон цифрлы қолтаңбаны ашуды тапсырмаңыз. Себебі ол - сіздің жеке мәліметіңіз.

ЭЦҚ өз компьютеріңізде сақталып тұрсын немесе арнайы флеш жадыға жүктеп алыңыз. Оны өзге біреуге беруге болмайды. Egov.kz порталының басшылығы азаматтарды электрон цифрлы қолтаңбаны қауіпсіз жерде сақтауға кеңес береді. Себебі сіздің ЭЦҚ-ңызды білетін адам жеке мүлікке және тағы басқа құжатқа оп-оңай ортақтаса алады. Сондықтан оны өзіңіз алып, қауіпсіздігіне де жауапты болыңыз.

Ресми мәлімет бойынша, Egov.kz порталынан 450-ден аса қызметті тегін алуға болады. Қазақстандықтар көбіне "Сотталмағаны туралы куәлікті" алады, некеге тұруға өтініш береді, сонымен қатар үй мен көлігін сатып, оны қайта тіркейді.