
Business.enbek.kz порталында 2025 жылғы 21 мамырдан бастап бірінші лек бойынша жаңа бизнес идеяларды іске асыруға берілетін грант алуға өтінім беруге болады. Республика бойынша бірінші лекте 4 500 адамға грант беру жоспарланып отыр.
Рәсімді ашық ету, адами факторды азайту, өтінім берушілерге ыңғайлы болу үшін грант берудің бүкіл процесі электрон форматқа ауыстырылған. Грант алуға өтінімді Business.enbek.kz порталы арқылы беруге болады. Бүгінгі материалда бұл грантты қалай алуға болатынын баяндаймыз.
1. Грант қандай мақсат үшін беріледі және мөлшері қанша?
Бұл грант ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге, яғни жаңа бизнес ашатын адамдарға беріледі. Грант қайтарымсыз. Мөлшері - 400 АЕК (1 572 800 теңге). Бір қатысушы грантты тек бір рет ала алады.
2. Грантты кімдер ала алады?
- тіркелген жұмыссыздар;
- жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін).
Маңызды! Үміткердің «Бизнес бастау» жобасы бойынша кәсіпкерлік негізін оқығанын растайтын 3 жылдан аспайтын мерзімде берілген сертификаты болуға тиіс.
3. Қандай әлеуметтік санаттағы адамдар үміткер бола алады?
- мүгедектігі бар адамдар;
- қолданыстағы «қандас» мәртебесі бар адамдар;
- өңіраралық қоныс аударғандар;
- аз қамтылған отбасы мүшелері;
- көпбалалы отбасы мүшесі (жұбайы/зайыбы);
- мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы/зайыбы);
- асыраушысынан айырылғандықтан жәрдемақы алатындар.
4. Өтінім беру үшін не істеу қажет?
- Business.enbek.kz порталына тіркелу керек;
- грант алу шартына сай келетінін тексертуі қажет;
- сайттағы бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтырып, қайтадан порталға жүктеу қажет;
- өтінімді толтырып, оған ЭЦҚ кілтімен қол қою керек.
Үміткер интернетке қосыла алмаса немесе компьютері болмаса, мансап орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймағында, халыққа қызмет көрсету орталығында өтінім беруге болады.
5. Грантты қайда жұмсауға болады?
Грантты құрал-сайман, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтар, мал, жануарлар, құстар, көшет, бұта, тұқым сатып алуға, орын-жайды жалға алу ақысын төлеу үшін алуға болады.
6. Грант қандай мақсат үшін берілмейді?
Грант тұтынушылық мақсат үшін, кредит өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскесін сатып алуға, акцизделетін өнім өндіруге берілмейді.
7. Үміткерлердің бизнес жобасы қалай бағаланады?
Үміткерлер бизнес жобасын комиссия отырысында таныстырады. Бұл ретте комиссия мүшелері бизнес-жоспарды бағалайды және бағалау парағын мынадай өлшемшарт бойынша толтырады: бизнес идеяның бәсекеге қаншалық қабілетті екені, өткізу нарықтарының пысықталуы, бизнес жобаның қаржылай өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағды деңгейі, жаңа жұмыс орнын аша алуы.
8. Үміткер комиссия шешімін қалай біледі?
Комиссия шешімі үміткердің Business.enbek.kz порталындағы жеке кабинетіне жіберіледі. Комиссия азаматқа грант беруге шешім шығарса, үміткер банк дерегін ұсынады, шартқа қол қояды және одан әрі тоқсан сайын қаражат қалай жұмсалғанының есебін береді. Мұның бәрі Еңбек мобильділігі орталықтары мен оның филиалдарына (мансап орталықтарына) бармай-ақ, электрон форматта жасалады.