«Бала асырап алу үшін басымда баспанам болуға тиіс» және «Көп уақыт пен энергияны алады» дейтін ойдан бұл істі кейінгі шегеріп келіп пе едіңіз? Бүгінгі материалымызда «Ана үйі» қоғамдық қоры ұлттық бала асырап алу агенттігінің аймақтық директоры Фарида Рахметова осы тақырыптағы кей әңгіменің рас-өтірігін ажыратып берді.
1. "Баладан биологиялық ата-анасы теріс айналса, демек бірнәрсе дұрыс емес пе?"
Фарида Рахметова: Жоқ. Биологиялық ата-анасы баладан түрлі себеппен теріс айналуы мүмкін. Мүгедектіктігі бар баласынан теріс айналатын жағдай жиі болады. Үш баласы бар жалғызбасты әйел төртіншісін босанған соң бір-ақ есін жиып, "төртеуін бірдей асыра алмаймын" деп бас тартуы да мүмкін.
Кей әйелдің босанғанынан ата-анасы хабарсыз болып жатады, содан кейін олардан қорқып, сәбиін тастап кетеді. Түрлі жағдай бар. Алайда мекемедегі балалардың көбі ата-анасының қамқорлығынан арнайы акт бойынша алынған. Ата-ана балаға дұрыс көңіл бөлмей, қажетін өтей алмаған соң баланы құзырлы органдар алып кетеді. Сондықтан мұндағы баланың бәрін бірдей тастанды немесе ауытқуы бар деуге келмейді.
Баланың кейбірі өз жасынан кіші көрінуі, кештеу сөйлеуі мүмкін. Алайда ата-ана махаббатынан кейін мұның бәрі аз уақытта қалпына келеді.
2. "Жетімдер үйіндегі баланың гені нашар деген рас па?"
Фарида Рахметова: Ата-анасы ұрлықшы не нашақор болса, баласы да сондай дейтін түсінік бар. Мұндайға "иә" немесе "жоқ" деп нақты жауап бере алмаймыз.
Балалар үйінде өсіп, кейін жетістікке жеткендер бар. Сол сияқты толық отбасынан шықса да, есірткі мен ішімдікке үйір болатыны, ата-анасын тастап кететіні де кездеседі. Сондықтан бұл тұста ген емес, тәрбиесіне, ортасына байланысты деген ой қонымдырақ. Мұндай жағдайда жауапкершілік асырап алушы ата-анаға жүктеледі.
3. "Бала асырап алу үшін міндетті түрде жеке баспанам болуға тиіс және некеге тұруым керек"
Фарида Рахметова: ҚР "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" кодексіне сәйкес, бала асырап алуға үміткердің жеке баспанасы болуы міндет емес.
Пәтерді жалдап тұрсаңыз, келісімшартыңыз сұралады. Осы қағаз негізінде құжат тапсыра аласыз.
Кодекс бойынша некеге тұрмаған әйелдерге заң бойынша бала асырап алуға рұқсат бар.
4. "Бала асырап алу тым ұзақ әрі шаршатып жіберетін жұмыс"
Фарида Рахметова: Бала асырап алуға үміткер "Асырап алушылар мектебінде" міндетті түрде 3,5 ай оқуы керек. Енді курстан өткені жайлы сертификаты бар азамат қана бала асырап алуға өтініш бере алады. Мұндай өзгеріс 2020 жылдан бастап енгізілген. Одан кейінгі құжат тапсыру процесі оңай. Қазір мұның бәрін үйден-ақ, eGov порталы арқылы өткізуге болады. Медициналық анықтаманың бірін алуға ғана тиісті мекемеге баруыңыз мүмкін.
Үміткер ретінде өзіңіз тіркелесіз. Кейін құжаттар жергілікті "Қамқоршы-қорғаншы кеңесіне" түседі. Ондағы қызметкерлер бір аптаның ішінде үйіңізге келіп, оны қарап, акт толтырады. Жалпы құжат тапсыру процесіне көп дегенде 10 күн кетеді. Әрі қарай бір мекемеге барып, бала іздеудің де керегі жоқ. Қазақстандағы жетім балалар деректері банкі деген сайт бар. Әзірше қазақша нұсқасы жоқ. Қазақстан бойынша барлық мекемедегі балалардың тізімі мен анкетасын осы жерден табуға болады. Анкетасын зерттеп, баламен кездесуге мүмкіндік ала аласыз. Кейін баланы отбасыға қабылдап алу процесіне жалпы 3,5 айдан бастап 9 айға дейін уақыт кетуі мүмкін.
Құрсаққа бала біткен соң оны дүниеге әкелу үшін де тоғыз ай күтуіңіз керек қой. Сол сияқты бұл балаға да дайындалуыңыз, оны күтуіңіз керек.
5. "Потенциал ата-ана жастар ішінен таңдалады"
Фарида Рахметова: Бұл қате пікір. Заң бойынша асыраушының жас ерекшелігіне қатысты қандай да бір талап жоқ. Тек асырап алушы мен баланың жас айырмашылығы 16 жылдан кем болмауы керек. Мысалы, өзіңіз 25 жаста болсаңыз, 9 жастағы және одан кіші баланы асырап ала аласыз.
6. "Қолымнан келмей ме, баладан теріс айналам ба деп қорқамын"
Фарида Рахметова: Статистика комитетінің дерегінше, кейінгі 5 жылда жетімдер үйіне қайта келген балалар үлесі - жалпы асырап алынғандардың 15-20%-і.
"Баланы тәрбиелей алмаймын-ау" деген қорқынышы бар үміткерге көп дайындық қажет. Жоғарыда айтқанымыздай, әуелі "Асырап алушы ата-аналар мектебінен" өтуге тиіс.
Одан кейін "Қонақжай отбасы" деген форма іске қосылған. Бұл форма бойынша бірден баланы асырап алу міндеттелмейді. Тек демалыс күндері, оқудан тыс уақытта баланы өзімен әкетіп, бірге уақыт өткізіп, қонақ қылып қана шешім қабылдау мүмкіндігі бар.
Асырап алуға үміткер, бала тұрып жатқан мекеменің иесі және жергілікті құзіретті орган үшжақты келісімшарт жасайды. Келісімшарт жарты я бір жылға немесе бір айға жасалуы да мүмкін. Бұл - баланы бақылап, бір жағынан өзіңізді сынауға да мүмкіндік. Ес біліп қалған баланы қабылдауға ниетті ата-анаға әуелі осы жолды ұсынамыз.
Сонымен қатар уақыт өте баланы қайтарып беруге тура келеді деп қорқып жүрген азаматтар үшін де осы форма - жақсы мүмкіндік. Осылайша, бір баланың тағдырын сақтауға болады. Себебі асырап алушыға мұнан келіп-кетер ештеңе жоқ. Ол бұл әрекеті үшін әкімшілік айыппұл да төлемейді. Ал баланың психикасы зардап шегуі мүмкін. Әуелі оны өз ата-анасы тастап кетті. Екінші рет сеніп, бөтен үйге барғанда, кейін олар да тастап кетсе, бұл баланың жан жарасын емдеу тіпті қиын болады. Бала - тұлға. Асырап алушы екінші адамның алдындағы жауапкершілікті сезінуі керек.
Баланы қабылдап алудың бұдан өзге төрт формасы бар:
Біріншісі - асырап алу
Бұл форма сот шешімімен тағайындалады. Шешім күшіне енген соң үміткерлер баланың фамилиясын, үш жасқа дейінгі баланың туған күнін өзгерте алады. Баланы асырап алған кезде төленетін бірреттік жәрдемақы бар. Бұл форма бойынша 75 АЕК жәрдемақы беріледі.
Екіншісі - қамқоршы-қорғаншы болуы
Бұл форма "14 жасқа дейінгі балаларға қатысты қамқоршылық", "14 жастан асқан балаларға қатысты қорғаншылық" деп аталады. Асырап алудың бұл түрі жергілікті басқарушы органдардың шешімімен жүзеге асады. Бұл кезде асыраушы баланың деректерін өзгерте алмайды. Мектеп жасына дейінгі балаға - 9 АЕК, ал мектеп жасындағы балаға - 10 АЕК жәрдемақы төленеді. Ақша ай сайын баланың шотына түсіп отырады. Қамқоршы/қорғаншы заңды өкіл ретінде ақшаны алып, баланың қажетіне жаратуы керек. Жұмсалған ақша бойынша әр жарты жыл сайын қамқоршылық-қорғаншылық органдарына есеп беріп отыруға міндеттеледі.
Үшінші форма - патронат тәрбие
Патронат тәрбиеші болу үшін педагогикалық немесе осы салаға теңестірілген мамандық иесі болуыңыз керек. Осы формаға сәйкес, төрт балаға дейін қабылдауға болады. Бұл үшін жергілікті құзіретті органдар мен патронат тәрбиеші арасында келісімшарт жасалады. Бұл кезде де баланың фамилиясы, аты, туған күні сияқты деректерін ауыстыруға болмайды.
Мектеп жасына дейінгі балаға ай сайынт 9 АЕК, мектеп жасындағы балаға 10 АЕК жәрдемақы төленеді. Сонымен қатар патронат тәрбиешіге бөлек жалақы қарастырылған. Оның құны тәрбиешінің біліміне байланысты өзгеруі мүмкін.
Төртінші форма - қабылдаушы отбасы
Асырап алудың бұл түрі бойынша өтінішті тек толыққанды отбасылар бере алады. Бұл кезде де екіжақты келісімшарт жасалды. Қабылдаушы отбасыға кемі төрт, ең көп дегенде 10 бала асырап алуға болады. Бұл форма бір үйдің бірнеше баласын бірден асырап алғысы келетіндер үшін ыңғайлы. Мұнда да әр балаға ай сайын төленетін жәрдемақы бар. Бұдан бөлек мемлекеттен әкесіне де, анасына да ай сайын ақы төленеді.
10 жастан асқан баланың таңдауға құқы бар. Ол өзін асырап алуға келісім беруге тиіс. Ол бас тартса, 18 жасқа дейін мемлекеттік мекемеде қала алады.
7. Кімдер бала асырап ала алмайды?
Фарида Рахметова: Жуырда денсаулық сақтау министрлігі бала асырап алу, оны қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, патронатқа қабылдап ала алмайтын аурулар тізіміне өзгеріс енгізді. Енді жұқтырылған иммун тапшылығының синдромы (ЖИТС) және адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ) сияқты ауруы бар азаматтар да бала асырап алуға үміткер бола алады.
Ал кімдер бала асырап ала алмайды?
- Некеге тұрмаған ер адам;
- Айлық табысы жоқ немесе арнайы көрсетілген межеден кем табыс табатын адам;
- Психо-неврологиялық, наркодиспансерлік, тубдиспансерлік есепте тұрған адам;
- Тері аурулары, жұқпалы аурулары бар азаматтар;
- Психикалық аурулар (невроздық, күйзеліспен байланысты және соматоформалық бұзылулардан басқа), маскүнемдік, нашақорлық, токсикомания, туберкулез, жыныстық жолмен жұғатын аурулар, алапес, дәнекер ұлпалар дезорганизациясының ауыр түрі (жүйелі қызыл жегі, терінің қатаюы, дерматомиозит), ауыр дерматоз түрлері, сырттан үнемі көмек пен күтімді қажет ететін ауруға шалдыққан азаматтар;
- Өтеліп бітпеген соттылығы бар азамат;
- Адам өлтіру, экстремизм, терроризм бойынша соттылығы бар азаматтар;
- Тұрғын үй бойынша (өз үйі/жалдамалы пәтер) құжат көрсете алмаған азаматтар бала асырап ала алмайды.
8. "Бала асырап алсам, көпшілік мұны жәрдемақы үшін істеді деп түсінбей ме?"
Фарида Рахметова: Үміткерлер хабарласқан сәтте ең әуелі бала асырап алудағы мақсатын, мотивін білуге тырысамыз. Мотив конструктив және деструктив деп екіге бөлінеді.
Деструктив мотивтердің бірі сол - ақша үшін бала асырап алуға әрекет ету. Психологтарымыз бала асырап алуға үміткерлерді психологиялық дайындық кезеңіне жібермес бұрын диагностикалық сұхбат өткізеді. Адам қанша жасырса да, ниеті бірден білінеді. Мұндай азаматтарды "Асырап алушы ата-аналар мектебі" кезеңіне де жеткізбеуге тырысамыз.
Баланы асырап-бағу оңай іс емес. Бір баланың өзіне қаншама қаржы, күш-қуат кетеді. Мемлекет сол үшін жәрдемақы беріп отырса, неге алмасқа? Жәрдемақы жайына келгенде күмілжіп қалатын үміткерлерге де айтатыным - осы. Мемлекет бұл ақшаны баланың қажетіне жұмсау үшін беріп отыр. Көпшілігі баламен көбірек уақыт өткізу үшін жұмыстан ақысыз демалыс алып жатады. Сондықтан оны алғанда тұрғанда ештеңе жоқ.
9. "Базада түрлі ауытқуы, диагнозы бар балалардың анкетасы ғана тұр"
Фарида Рахметова: База жемқорлықтың алдын алу үшін жасалған қадам еді. Көп адам базада бала жоқ деп шағымданады. Сайтта шамамен 5 000 анкета тұр. Ата-ана болғысы келетін адам балаға бірден бірнеше талап қойып алады. Жасын, ұлтын таңдап, дені сау болғанын қалайды. Алайда базада өзіңіз сияқты телміріп отырған қаншама адам бар. "Базада бала жоқ", "бәрі ауру" деп айтудың өзі дұрыс емес деп ойлаймын. Бұлай айтатындардың көбі сайтты айына бір-екі рет қана ашып, бірнеше минут қана шолып өтетіндер.
Күн-түн демей, базаны минут сайын жаңартып отырған адам расымен балалы болып жатыр. Қызылорда облысындағы бір үміткер екі ай бойы күніне бірнеше рет кіріп, базаны бақылап отырды. Жақында ғана үш айлық және бес айлық екі қызды отбасына қабылдап алды. Сондықтан ата-ана атануға, бала асырап алуға мүмкіндік бәрінде бірдей.