Қаржы қалтада қалсын десеңіз: Алаяқтардан қалай қорғанамыз?

алаяқтық, интернеттегі алаяқтық, құнды қағаздар
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz
2023 жылдың тоғыз айында елдегі алаяқтық саны біршама төмендеген. Алайда қаржы сауаты бойынша эксперт, қаржыгер Әлихан Ғаділбеков табыстың жаңа түрі пайда болған сайын, алаяқтықтың да жаңа сызбалары шығады дейді. Ол Baribar.kz тілшісіне қазір жиі кездесетін алаяқтық түрлері мен оған ұрынып қалмаудың жолдарын айтып берді.

1. Фишиң. Банктенмін деп жасалатын алаяқтық

Алаяқтық - адамдарды алдау арқылы ақшасын ұрлау. Оның түрлі жолы бар. Ең көп таралған алаяқтық түрі "фишиң" деп аталады. Бұл тәсіл бойынша, алаяқтар интернет арқылы адамдарға түрлі хат жібере отырып, ақпаратын, жеке дерегін алып алуды мақсат етеді.

Фишиң жасайтын алаяқтар әуелі банк операцияларын дәлелдеу үшін SMS-хабарламалар жібереді. Алаяқтар сол кодты немесе аты-жөніңізді, жеке куәлік немесе төлқұжатыңыздың нөмірін, ЖСН сұрауы мүмкін. Бірақ олар бірден деректеріңізді сұрамайды.

Хаттар банктен немесе түрлі ұйым атынан келуі мүмкін. Мәтіні бойынша әдетте "Сіз бір байқаудың жеңімпазы болдыңыз" немесе "Мұрагерлік бойынша атыңызға бір мүлік жазылған" және тағы басқа осыған ұқсас хат болуы мүмкін. Оны алу үшін сізден жеке деректеріңізді сұратады.

Фишиңнің ішінде вишиң-алаяқтық деген бар. Телефон арқылы хабарласу, яғни войс-фишиң. Бұл әдіс бойынша, банк қызметкері болып хабарласып, атыңыздан несие алынғанын айтады. Осыны жабу үшін қазір сізге SMS келетінін, SMS-тегі кодты айтуыңызды сұрайды. Болмаса, банк шотыңызға ақша түскені туралы хабарлама келуі мүмкін. Сол мезетте біреу хабарласып, сізге байқамай ақша жіберіп қойғанын айтып, Kaspi аударма арқылы қайтарып жіберуді сұрайды. Мұндайда адам банктің ресми хабарламасымен шатастырып алып, өз ақшасын жіберіп қоюы мүмкін.

Мұндайда не істеуге болады?

Банктерден мұндай хабарлама келгенде бірден бұған дейін банк осы нөмір арқылы хат жіберген бе, соны тексеру керек. Әдетте алаяқтық хабарламалар жаңа нөмірден келеді. Сонымен қатар тек хабарламаға сене салмай, банк қолданбасын ашып, шотыңызды тексеріп көріңіз. Тіпті қатты алаңдасаңыз, қолданба дұрыс жұмыс істемей тұр деп уайымдасаңыз, банктің операторларына тікелей хабарласуға болады.

Атыңызға несие алынғаны туралы айтып хабарласса, қоңырау шалған адамға "Сізді түсіндім, біраздан соң хабарласыңыз" деп тұтқаны қойып, бірден банктің шұғыл нөміріне хабарласқаныңыз жөн.

2. Жұмыс табу. Бос орындар бойынша алаяқтық

Алаяқтарға жұмыс іздеп жүргендер де ұрынып қалуы мүмкін. Жұмыс іздеу платформасынан "жақсы" компанияны тауып, оларға хабарласқаныңызда "Сіздің кандидатураңызды ұнатып тұрмыз. Түйіндемеңізді қайта жіберіп, мына анкетаны толтырыңыз және құжаттарыңыздың скан нұсқасын жіберіңіз" дейді. Сәлден кейін жұмыс беруші сіздің кандидатураңызды мақұлдамағаны туралы хабарлама келеді.

Осылай, сіз деректеріңізді өз қолыңызбен әдемі реттелген күйде алаяқтың қолына табыстаған боласыз. Кейін алаяқ атыңыздан несие, микронесие алуы мүмкін. Сондықтан бірден ЖСН, жеке куәлік нөмірі, карта нөмірі деген сияқты деректерді жіберуге болмайды.

Қазір микронесие, несие алу да қиын емес. Ол үшін сіздің жеке куәлік нөміріңіз де жеткілікті. Әдетте алаяқтар несиені мына ретпен рәсімдейді: белгілі бір адамның жеке куәлік нөмірін алған соң, сол адамның атына телефон нөмірін сатып алып, рәсімдейді. Сосын сол адамның атынан АтыТегі@gmail.com деп электрон пошта ашады. Осыдан соң микронесие алғанда осы жаңа деректерді жаза салады. Бәрі сенімді сияқты болып көрінген соң, мұндай ақпаратты тексеріп отыратындар да алаяқ екенін байқамай қалуы мүмкін.

Жеке куәлік жоғалса, дереу жоғалғаны туралы ХКҚО-ға барып, тіркетудің де маңызы зор. Әдетте жоғалған куәлікті көшеден тауып алған алаяқ жоғарыда аталған көп жұмысты жасамай-ақ, куәлік иесінің атынан микронесие рәсімдей алады. Олар ол үшін куәліктегі фотоның үстіне өзінің фотосын жабыстырып, скандайды. Сосын кредитомат видеоидентифкация сұрағанда, тағы сеніп қалуы мүмкін. Осылай, ақша алаяқтың қалтасында кетеді. Бірақ несие туралы деректің бәрі сіздің атыңызға, сіздің ЖСН-іңіз бойынша тіркеледі.

3. Жасанды интеллект және алаяқтық

Қазір жасанды интеллект елімізде кең тарала қоймағанның өзінде, алаяқтық фактілері тіркеліп жатыр. Жасанды интеллект қолда бар ақпарат негізінде, яғни сіздің бұған дейін хат алмасуларыңызға қарап, сіздің стиліңізде мәтін жазып бере алады. Сосын ата-анаңызға немесе басқа жақыныңызға қиын жағдайға тап болғаныңызды, шұғыл ақша керек болып тұрғанын жазуы мүмкін. Ең сорақысы, қазірдің өзінде ол адамның дауысын айнытпай сала алады. Бұл жақын жылдары кең етек алып, ЖИ киберқылмыстың санын едәуір арттыруы мүмкін.

Не істеуге болады?

Мұндай жағдайға тап бола қалған адам, хат жазысып отыра бермей, бірден оның телефонына қоңырау шалуы керек. Тіпті дұрысы - видеохабар алмасу. Бұған қоса ақша немесе жеке дерек сұралатын болса, міндетті түрде сізден осыны сұратып отырған "жақыныңыздан" екеуіңіз ғана білетін кез келгені нәрсені сұрай салу керек.

4. Сілтемелер арқылы жасалатын алаяқтық

Алаяқтық фактілері көбіне мейрам күндері жасалады. Адамның көңіл-күйі көтеріңкі болғанда алаяқтар да іске кіріседі. Жаңа жылдық түрлі жаппай сатылымның сілтемесін басып отырып, бірдеңе алғыңыз келгенде, дерегіңіз сол алаяқтың қолына кетіп қалуы мүмкін. "Жаңажылдық науқан. Алдын ала төлем жасай отырып, тауарды 50% жеңілдікпен алып үлгеріңіз" деген сияқты хабарламаларға сене бермеген жөн.

Сілтемелерді қалай тексереміз?

Алайда мейрам болғандықтан, шын науқандар да болуы мүмкін. Сондықтан рас сілтеме мен алаяқтардың сілтемесін ажыратуды үйрену керек. Негізі сілтемені танысыңыз жіберсе де, оны бірден баспаған дұрыс.

Бұрын What's App-та "Осы сілтемені 50 адамға жіберсең, 1 гб. сыйлық беріледі/What's App-тың түсі қара болып кетеді" деген сияқты түрлі хат тарайтын. Мұндай сілтемелер көбіне телефонға, компьютерге вирус кіргізуге негізделеді. Ол әдетте тым ұзақ болады, яғни, бір қарағанда қысқа сілтеме сияқты, басып қалсаңыз, өте ұзақ әріптер жиынын көресіз.

Бұған қоса кейбір компанияның атын жамылатын алаяқтар сілтеме жасағанда әдетте бір әрпін өзгертіп қояды. Мұны бір қарағанда байқамай қалу оп оңай. Қазір Tehnodom.kz, Kaspii.kz дегеннің қате екенін де көбі аңғармай қалуы мүмкін.

Сонымен қатар сілтемеден мүлдем күдіктенбей, сайт ашылып қойғанда да алаяқтықты байқауға болады. Әдетте алаяқтар белгілі бір компанияның сайтын жасағанда тек қажет екі-үш бетінің көшірмесін жасайды. Сайтты ақтарып, әр бөлімін басып көріңіз: "Басты бет", "Біз туралы", "Ақпараттық қолдау" және тағы басқасы. Басылмай тұрса, көшірме деген сөз.

5. Инвестиция әлеміндегі алаяқтық

Алаяқтар көбіне зейнеткерлер мен жалғызбасты адамдарды, әлеуметтік осал топ өкілдерін және жеңіл ақшаны қалайтын адамдарды алдауды көздейді. Соның ішіндегі төртінші санат осы инвестициялық алаяқтыққа көп ұрынады. "50 мың теңге салып, екі күннен кейін 200 мың теңге аласыз. Табыс проценті айына - 30%" деген сияқты қармаққа түсіп қалуы мүмкін.

Қаржы саласында "Қаржылық активтің табыстылығы жоғары болған сайын, оның қаупі де жоғары болады" деген заңдылық бар. Мысалы, депозит - қаупі ең төмен қаржылық құрал, бірақ соған сай оның табыстылығы да төмен, жылына небәрі 16% деген сияқты. Құнды қағаздардың табыстылығы - 20-30%. Бірақ оның қаупі де жоғары. Акциясын сатып алған компанияңыз әлсіз болып шығып, дағдарысқа төтеп бере алмай қалса, салған ақшаңыз да ақталмай қалады.

Айына 30-40% табыстылық туралы елітіп әкететін жарнамаларды көрген адам да осы қағиданы есінде ұстауы керек. Табыстылық қаншалық көп болса, қауіп те соншалық жоғары. Демек, ақша қолға тимей қалуы мүмкін деген сөз.

Қазір шынымен-ақ инвестициялық табыс әкелетін жобалар саны артып келеді. Сондықтан осы сала арқылы табыс тапқысы келетіндер де көп. Бірақ алаяқтар да бұл салаға еніп үлгерді. Таргет жарнамасын жіберіп, мәтініне "Apple–дің/Google–дың акциясын сатып алып, 40% табыс табыңыз" деген уәделі мәтін жазып қояды. Бұл таргет болған соң, онсыз да осы нәрсені іздеп жүрген адамдарға шығады.

Адамдар сол парақшаға өтіп, Apple дегенді көріп-ақ, ештеңеден күдіктенбей, ақшасын сала салуы мүмкін. Бірнеше ай бойы бәрі "жұмыс істеп тұрғандай" болып, сайтта салған ақшасы өсіп жатқандай көрініп тұруы мүмкін. Бұл бірнеше жылға созылуы да мүмкін. Жалпы мұның алаяқтық екенін адам ақшасын шығарып алуға ұмтылғанға дейін байқамай қалуға болады. Ал ақшаны шығаруға тырысқанда түрлі қиындық шығып жатады. Жүйе дұрыс істемей қалды, ақау бар деген сияқты болуы мүмкін немесе жүйе тіпті сіздің шотыңызды сол мезетте бұғаттап тастауы да ғажап емес.

Мұның қалай алдын аламыз?

Қазір инвестиция, құнды қағаздар, акция сатып алу - шынымен жақсы сала. Алаяқтарға ұрынбай, адал табыс табуға болатын алаң. Қазақстан Республикасында осы инвестициямен айналысуға рұқсаты, лицензиясы бар брокерлік компаниялар тізімі бар. Брокерлік лицензияны кез келген адам тексере алады. Ол үшін Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайтына кіріп, өз бетіңізше тексеріп көруге болады. Сонымен қатар брокерлік лицензияны беретін екінші ұйым - Астана халықаралық биржасы. Мұндай тізімді Қазақстан қор биржасынан да көре аласыз. Осы үш ұйымның сайтына кіргенде таргетке шыққан компанияның атын тізімнен таба алсаңыз, лизенциясы бар болса, демек сене берсеңіз болады деген сөз. Таппасаңыз, алаяқтан әлі де құтылуға мүмкіндіңіздің болғаны.