Әлеуметтік желіде шұғыл қан керек екенін айтып, донор болуға шақыратын хабарламалар шығып тұрады. Дегенмен донор болудың талаптарын біле бермейміз.
Республикалық қан орталығының қан дайындау және іріктеу бөлімі меңгерушісі Қымбат Жамашова қалай қан доноры болуға болатынын айтып берді.
1. Кім қан доноры бола алады?
Донор — қан беретін адам.
Қазақстанда 18 жастан асқан, дені сау, медициналық тексеруден өткен және қан беруге қарсы көрсеткіштері жоқ, өз еркімен қан тапсыруға ниетті кез келген адам донор бола алады. Оның тағы мынадай шарттары бар:
— Донордың салмағы 50 келіден, бойы 150 сантимерден кем болмауға тиіс.
— Қан берер алдында дене температурасын өлшегенде 37°С-тан жоғары болмауы керек.
— Жүрек қағысының рұқсат етілетін жиілігі — тамыр соғысының жиілігі минутына 50-100 рет соғуы керек.
— Гемоглобин нормасы әйелдерде 120-дан жоғары, ерлерде 130-дан жоғары болса ғана, донор болуға рұқсат етіледі.
2. Кім қан доноры бола алмайды?
Қан доноры болуға уақытша және тұрақты шектеулер бар.
- АИТВ немесе өзге инфекциялық ауру жұқтырған;
- есірткі пайдаланған;
- алкогольға тәуелді;
- жүрек-қан тамыр аурулары бар;
- онкологиялық диспансер есебінде тұрған;
- туберкулездің кез келген түрімен ауыратын;
- гепатитпен ауырған/ауыратын адамдар қан доноры бола алмайды.
Бұл азаматтар - тұрақты категорияға кіреді, яғни мүлдем донор бола алмайды.
Сонымен қатар уақытша шектеудегі азаматтар бар.
- спирттік ішімдік ішкен адам 48 сағатқа,
- аппэндектомия жасатқан, өт қабын алып тастаған, тіс жұлдыру операциясын жасатқан, тату салдырған, құлағын тестірген, татуаж жасатқан адам төрт айға дейін;
- кездейсоқ жыныстық қатынасқа түскен азаматтар донорлықтан төрт айға;
- антибиотик ішсе, екі аптаға,
- ОРВИ-мен ауырса, бір айға;
- вакцина салдырса, екі немесе төрт аптаға донорлықтан шеттетіледі.
- Ал адамның қан қысымы жоғары болса, түскенін күту керек.
3. Қан доноры болу үшін қандай құжат керек?
Донор болу үшін жеке басты куәландыратын құжат жеткілікті. Тіркелу бөлімініе жеке куәлікті немесе әскери билетті, болмаса паспортты көрсету керек.
4. Қан доноры болуға қалай дайындалу керек?
Қан тапсырар алдында майлы тамақ жеуге болмайды. Жұмыртқа, май, қақталған және ащы тағамдарды жемеу керек. Бананнан басқа кез келген жеміс және сүтсіз, қант қосылған шай ішіп келуге болады.
5. Қан тапсыру көп уақыт алатыны рас па?
Донор болуға бас-аяғы 30-40 минут кетеді Әуелі құжатыңызды беріп, тіркеуден өтесіз. Кейін арнайы сауалнама парағын толтырасыз.
Бұдан соң қан тобы, резус тиістілігі мен гемоглобин мөлшерін анықтау бөлмесіне кіресіз. Бұл - ары кетсе бес минуттық процесс.
Бұған қоса қан тапсыру орталығында қаныңызда Гепатит, АИТВ және тағы басқа инфекциялар бар-жоғын тегін тексеріп береді. Мұндай талдауларды өз ақшаңызға тапсырсаңыз, біраз шығындалуыңыз мүмкін.
Бұдан кейін терапевтпен жеке әңгімелесуге кіресіз. Дәрігер қарсы көрсеткіштер бар-жоғын анықтау үшін сұрақтар қояды. Базадан аты-жөніңіз, бұған дейін диспансерлерде тіркеліп-тіркелмегеніңіз шығып тұрады.
Дәрігер қан қысымыңызды, бойыңызды, салмағыңызды өлшеп, донор бола алатын-алмайтыныңызды шешеді.
Терапевт рұқсат берген соң, қан тапсыру бөліміне өтуге болады. Сіздік көзіңізше құжат деректеріңізге сай идентификация жасалып, сізге бөлек гемоконтейнер ашылады. Қаныңыз сол ыдысқа құйылып, сақталады.
Тіркеу жұмыстары мен тексеру сәтті өткен соң, сізден бекітілген мөлшерде қан алынады. Бір адамнан бір ретте алынатын қанның стандарт мөлшері - 450 миллилитр.
Бұдан соң донор болған адам бірнеше минут тынығып, үйіне қайтарылады.
6. Қан тапсырған соң әлсіздік сезінген қалыпты ма?
Негізі адамдардың қан тапсырғаннан кейінгі халі әртүрлі болады. Кейбір адам бірінші рет тапсырса да, түк сезбеуі мүмкін. Ал енді біреуі тұрақты донор болса да, әр жолы өзін жайсыз сезініп, 10-15 минуттай әлсіреп қалуы мүмкін. Бірақ мұның бәрі қалыпты дүние.
Қан тапсырғаннан кейінгі уақыт жеңіл өтуі үшін донор бір күн тыныққаны, ауыр жұмыс істемегені, сұйықты көп ішіп, режим сақтағаны, дұрыс тамақтанғаны дұрыс.
Донор қан тапсырған күні жұмыстан босатылады және оның бір күндік жалақысы сақталады. Бұл үшін қан тапсырғаны туралы анықтаманы жұмыс берушіге көрсетуі керек.
Донор қанды тегін тапсырса, тағы бір күн демалыс қосылады. Бұл күнді еңбек демалысы күндеріне де қосып алуға болады.
7. Донор болғаны үшін ақы төлене ме?
Қазақстан азаматтары өтеулі және өтеусіз негізде донор бола алады.
Бірақ ең қауіпсіз донор - ақы сұрамайтын донор. Себебі өтеулі негізде донор болуға келіскен адам мұны кәсіп көріп, кейбір ауруын жасырып қалуы мүмкін.
Республикалық қан орталығында тіркелген донорлардың тек 1%-і - өтеулі донорлар. Әдетте сирек кездесетін, резус нәтижесі теріс донор таппай жатқанда базадағы донорларға хабарласып, алдымен өтеусіз донор болу сұралады. Келіспесе, азамат өтеулі негізде донор болады. Мұндай жағдайда оған 2 АЕК (2023 жылғы 1 АЕК - 3 450 теңге) көлемінде бір реттік төлем төленеді.
8. Қан тапсыру денсаулыққа зиян емес пе?
Қан тапсырған әйелдерге де, ерлерге де пайдалы. Себебі донор болған сайын қан жаңарып отырады. Жас жасушалар шығады. Осының арқасына адам өзін жайлы, жеңіл сезінеді.
Қан доноры болған, әсіресе, ерлерге пайдалы. Себебі оларда әйелдер сияқты физиологиялық қан алмасу процесі (етеккір - ред.) жоқ. Бұған қоса қан беріп, біреудің өмірін сақтауға көмектестім деген ой да психологиялық жақсы әсер етіп, денсаулықты жақсартады.
Тұрақты түрде қан тапсыратын адамдардың қан тапсырмайтын адамдарға қарағанда инфаркт алу ықтималдығы 10 есе төмендейді. Бұған қоса мұндай донорлар қан тапсырмайтын адаммен салыстырғанда бес-сегіз жыл көбірек өмір сүреді.
9. Бір адам бірнеше рет донор бола ала ма?
Әрине. Ерлер бір жылда алты ретке дейін, әйелдер жылына төрт рет қан доноры бола алады. Өйткені әйелдерде физиологиялық ай сайынғы қан кету процесі бар.
Үш ай сайын немесе екі ай сайын тапсыратынын донор өзі шешеді.
10. Қанды қайда барып тапсырамын?
Әр қалада қан орталығы бар, қанды сонда барып тапсырады.
Еліміздегі қан орталықтары аптасына алты күн жұмыс істейді. Соның ішінде Алматыдағы республикалық қан орталығы дүйсенбі-жұма күндері 8:00-16:00, сенбі 8:00-14:00 арасында істейді.
Орталық Алматыдағы Өтепов пен Жароков көшелерінің қиылысында орналасқан.