9-20-25. «Отау» тұрғын үй бағдарламасының шарты қандай?

Стау, тұрғын үй бағдарламасы, баспана алу
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz
1 наурызда Отбасы банкінің жаңа «Отау» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады. Бұл бағдарлама бұған дейін 9-20-25 деген бейресми атауымен талқылданды. Baribar.kz Отбасы банкінің баспасөз қызметіне хабарласып, бағдарлама аясында қалай баспана алуға болатынын білді. 

1 наурыздан 30 сәуірге дейін (қоса алғанда) азаматтар Баспана маркет (Otbasybank.kz) порталында бағдарламаға қатысуға өтініш жолдай алады. 

1. "Отау" бағдарламасының шарттары

"Отау" бағдарламасы – тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысатындарға арналған баспана сатып алудың қосымша құралы. Бағдарлама шарты бойынша алғашқы жарна 20%-тен басталады.

Кредит бойынша мөлшерлеме - жылдық 9% (ЖТСМ 9,2% бастап).

Несие мерзімі - 19 жылға дейін.

2. Бағдарламаға қатысушыға қандай талап қойылады?

Бағдарламаға қатысу үшін банктің бірнеше талабына сәйкес келу керек:

  1. Отбасы банк салымшысы ("Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы), оның ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған болуы керек;
  2. Үміткердің жинақ шоты кемі 18 айлық болуы керек;
  3. Өтінім беру сәтінде депозиттегі жинақ сомасы 1 млн теңгеден кем болмауға тиіс;
  4. Қатысушы жасы: 18-ден 63 жасқа дейін (қоса алғанда);
  5. Бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің кейінгі бес жылда жылжымайтын мүлкі болмауы керек;
  6. Алматы және Астана қалаларынан тұрғын үй алатын болса, осы қалаларда тұрақты тіркелген болуы қажет.

3. Бағдарламаға қанша ақша бөлінеді?

Банк бағдарламаға жыл сайын 150 миллиард теңге бөлуді жоспарлап отыр. Бағдарлама жеті жылға есептелген. Жоспар бойынша жеті жылда 50 мың азамат үйлі болуы керек.

"Отау" бағдарламасы жұмыс істейтін жастарды, жас отбасыларды, Отбасы банкінің салымшыларын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл жыл сайын заемдардың жартысынан астамы 35 жасқа дейінгі Қазақстан азаматтарына кредит беруге бөлінетінін білдіреді. Жыл сайын біз қаржыландыруға 150 миллиард теңге бағыттаймыз. Бұл ақша Отбасы банкінің өз қаражаты есебінен бөлінеді. Сонымен қатар Қазақстанның қаржы нарығынан да қарыз алып, қаражат тартуды жоспарлап отырмыз, - деді "Отбасы банк" АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.

4. Ұпайлар қалай есептеледі?

Бағдарламаға қатысуға 1 наурыз-30 сәуір аралығында өтінім беруге болады. Өтінім беру аяқталғаннан соң Otbasybank.kz сайтында қатысушылар тізімі автоматты түрде жасақталады. Тізімге ең көп ұпай жинағандар кіреді.

Ұпайлар қалай есептеледі?

- салым бойынша сыйақы мөлшері үшін - әр 1 000 теңгеге бес балл;

- салым мерзімі үшін - салымның әр жылы үшін бес балл;

- тіркелген неке үшін - 10 балл;

– балалары болғаны үшін - санына қарамастан 50 балл.

Үміткерлердің ұпай саны бірдей болып қалса, салым сомасы көбірек және жинақтау мерзімі ұзағырақ адамға басымдық беріледі.

Іріктеуден өткен қатысушылар 40 жұмыс күні ішінде несиелік өтінім бере алады. Банктен оң мақұлдау алса, несиелік өтінім алты ай ішінде жарамды болады. Осы уақыт аралығында бағдарламаға қатысушы баспана тауып, несие алып, үйді сатып алуы керек.

5. Заем көлемі қандай және қандай тұрғын үй сатып алуға болады?

- Алматы мен Астанадағы заемның ең жоғары сомасы - 30 млн теңгеге дейін;

- қалған өңірлерде - 18 млн теңгеге дейін;

-  Алматы, Астана, Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында (оның ішінде ҚТК кепілдігімен үлестік қатысу шарты бойынша) тек алғашқы нарықтағы тұрғын үй;

- басқа елдімекендерде кез келген тұрғын үй.

Бағдарламаға қатысушы жаңа тұрғын үйді Баспана маркет (Otbasybank.kz) порталынан ғана сатып ала алады. Бұл қызмет жаңа тұрғын үй бағдарламасының басталуы аясында тұрғын үй бағасының жасанды өсуіне жол бермеуге арналған. 

Әрбір нысан аталмыш платформаға жарияланар алдында тұрғын үйдің ағымдағы нарықтық бағасы негізінде құнын бекіту процесінен өтеді.