27-28 наурызда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университінің журналистика факультеті мен республикалық «Ұлан» газеті бірлесе ұйымдастырған дәстүрлі «Жас тілшілер» форумы өтті. Еліміздің әр өңірінен келген оқушылар мен жас тілшілер байқаудан жүлделі орын алып, форумға қатысып, журналистердің тағылымды дәрісін тыңдады.
Жас тілшілер форумы
Фото: Әсел Әлім

Жүлдегер болу жас өрендерге шабыт сыйлады

Форумның бірінші күнін ҚазҰУ-дың Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының оқытушысы Әсел Әлім ұйымдастырды. Факультет деканы Қанат Әуесбайұлы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Қансейітұлының форум қатысушыларына құттықтау сөзін жеткізді. Медиа-менеджер, оқытушы Иманбай Жұбай «Жаңа медиа жаршысы» деген тақырыпта дәріс оқыды. Медиа менеджер Нұржан Жалауқызы жас тілшілерге сәттілік тілеп, журналистік шеберлік жайында дәріс оқыды. Тележурналист Анна Данченко медиада жеке бренд қалыптастыру бойынша тәжірибесін бөлісті. Факультет дәріскері Серік Жанболат конвергентті журналистиканың маңызы туралы айтып берді. Қазақстан ұлттық телеарнасының журналисі Жазира Оразқызы тікелей эфирде хабар тарату жайлы кеңес айтып берді. Қатысушылар басқа да оқытушылар мен журналистердің шеберлік дәрісіне қатысты. «Қазақ газеттері» бас директорының орынбасары Бағашар Тұрсынбайұлы форум қатысушыларына сәттілік тіледі. Сөз соңында профессор Кәкен Камзин оқушыларды сыйлықтармен марапаттады.

Содан соң ұйымдастырушылар байқау жеңімпаздарын марапаттады. Толғанай Болатқызы, Нұрлы Тоқтағұл, Талиға Беделбай «Журналист болғым келеді», «Абай — әлемдік мәдениет тұлғасы», «Әлихан Бөкейхан — публицист» деген тақырыпта мақала жазып, жүлдегер болды. «Тәрбие — тал бесіктен басталады», «Жасанды интеллект және оның журналистикадағы қолданысы», «Эко трендтер» деген тақырыптар бойынша бауқауға видеосұхбат жолдағаны үшін Мәдина Әбдікерім, Айша Қуатқызы, Айзере Рыспек, Құрбыжан Жеңіс марапатталды. Кітап оқу, музыка өнері мен ХХІ ғасырдағы жаңа машықтар жайлы аудиоподкаст жазған Дінмұхаммед Ахан, Нұрила Ғаниқызы, Мәдина Қожанов жүлделі орын алды.

Ал бас жүлдені, яғни, «Ең үздік жас тілші-2026» марапатын «Ұлан» газетінің жас тілшісі Әмина Тұрдақын еншіледі. Жүлдегер болу оқушыларға шабыт сыйлағаны анық. Оқушылар кәсіби ортаның тыныс-тіршілігімен танысып, шығармашылық ізденісін арттыруға бел буды.

e4afb8aaf68eb4042f8a5c40de0f5c45 Алматыда республикалық "Жас тілшілер" форумы өтті
Фото қатысушылардың жеке архивінен ұсынылды

Қатысушылар марапаттаудан кейін «Ұлан» газетінің ұжымымен бірге Абай атындағы опера және балет театрына жол тартты. 30-дан астам оқушы театр ғимаратын аралап, «Төрлет, әз Наурыз» деген концерттік бағдарламаны тамашалап қайтты.

Оқушылар рухани әулеттің қатарын толтырды

2bd26e6a8ed66c65851053570a6701f4 Алматыда республикалық "Жас тілшілер" форумы өтті
Фото: «Ұлан» газеті

Форумның екінші күні «Ұлан» газетінің редакциясында жалғасты. «Ара медиа» ютуб арнасының журналисі, документалист Асылхан Мамашұлы қонақ болып келді. Оқушылар Асылхан Мамашұлының «Қилы кезең» деген деректі фильмі туралы дөңгелек үстел форматында ашық әңгіме өрбітті. Содан соң актер Азамат Шарғын өнер мен шығармашылық ізденіс төңірегінде орамды ойын айтып, еңбек жолындағы тәжірибесін бөлісті. Түскі үзілістен кейін «Ұлан» гезітінің тілшісі Нұрлыхан Жұмахан жасанды интеллект жайлы шеберлік дәрісін өтті. Оқушылар ЖИ арқылы мәтін жазып, ақпарат өңдеп, сурет пен бейне жасауды меңгерді.

d803301efb30281b9137a2228de84dbd Алматыда республикалық "Жас тілшілер" форумы өтті
Фото: «Ұлан» газеті

Форум соңында редакция ұжымы қатысушыларға алғыс хат табыстап, сыйлық берді. Рухани әулеттің қамқорлығы мен жылуын байқаған оқушылар «Ұлан» газетінің ұжымына шексіз алғыс айтып, риза болды. Осындай сәулелі сәтті сезіну жас өрендердің санасына серпіліс сыйлағаны анық.

bb9dc664a912dc2008893d1feab1b671 Алматыда республикалық "Жас тілшілер" форумы өтті
Фото: «Ұлан» газеті

***

Тағы оқыңыз:

Республикалық «Ұлан» газетінің 95 жылдық мерейтойы қалай өтті?