Не болды?

«Жаңа адамдар» қоғамдық қозғалысының мәліметіне қарағанда, 22 жастағы Тараз қаласының тұрғыны 12 жасар қызға ақша ұсынып, орнына жалаңаш сурет пен видео түсіріп жіберуді сұраған. Қазіргі кезде ғаламторда осындай оқиғалар жиілеп кетті. Балаңыз бен өзіңізді педофил мен қылмыскерден қорғау үшін не істеуге болады? Baribar.kz тілшісі түсіндіріп береді.

Оқиға қалай басталды?

Қозғалысы өкілдерінің ақпаратына қарағанда, олар «Дайвинчик» деген танысуға арналған сайтта 12 жастағы қыздың атынан жалған парақша ашқан. Тараз қаласының Дастан деген жігіті осы 12 жастағы қыздың дайректіне жазған. Ол «20 минутта 50 мың теңге тапқың келе ме?» деп ұсынған. Біраздан соң кәмелетке толмаған жалаңаш қыздардың видеосын жіберген. Ваннада немесе әжетханада осындай видео түсіруді өтінген. Аудио хабарлама жазып, «қалаған шоколад, тәтті, косметикаңды алып беремін» деп уәде берген.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Nofake News (@nofake.kz)

Мәліметке қарағанда, кейін ол Тараз қаласындағы қоғамдық орындардың біріне сол қызбен кездесу үшін келген. Алайда оны 12 жасар қыз емес қозғалыс өкілдері мен полиция қызметкерлері күтіп алған.

Видеоға қарағанда, басында Дастан қарсылық танытып, «мен де — сотрудникпін» (өзінің полиция қызметкері екенін айтып тұр) деп ақталады. Алайда құқық қорғау қызметкерлері оны тұтқындап әкеткен. Дастан кейін басына іс түскелі тұрғанын түсіне қойып, әлеуметтік желіге кешірім сұраған видео салған. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Педофил мен қылмыскерлерден қорғану үшін не істеуге болады?

Qamqor.kz сайтынан педофилдер, осыған дейін кәмелет жасқа толмағандарға жыныстық қысым көрсеткен, сол үшін жазасын өтеп шыққан адамдар туралы толық ақпарат алуға болады.

Qamqor.gov.kz сайты
Фото: Qamqor.gov.kz

Бұл үшін:

  • Qamqor.kz сайтына кіреміз;
  • төменгі жағына түсіп, «Географиялық карталар» деген бөлімді таңдаймыз;
  • «Кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қылмыс жасаған адамдардың картасы» деген бөлімді таңдаймыз;
  • картаны үлкейтіп, өз қаламызды немесе ауылымызды тауып аламыз.
Qamqor.gov.kz сайты
Фото: Qamqor.gov.kz

Бұл географиялық картадағы сары түсті нүкте бізге қылмыскер қай жерде тұратыны  туралы ақпарат береді. Картаны үлкейтіп, өз үйіңіздің маңындағы кез-келген нүктені бассаңыз: сізге жақын жерде тұрып жатқан, жазасын өтеп шыққан қылмыскер туралы (туған күні, толық аты-жөні, суреті мен тіркеуде тұрған жері) ақпарат біле аласыз.

Qamqor.gov.kz сайты, педофил
Фото: Qamqor.gov.kz

Қазақстан Республикасында кәмелет жасқа толмағандарға зорлық-қомбылық, жыныстық қысым жасаған 482 қылмыскер тіркелген. Олардың басым көпшілігі Алматы облысында тұрады.

Qamqor.gov.kz сайты
Фото: Qamqor.gov.kz

Ақпарат

Qamqor.kz сайты — құқықтық статистика мен арнайы есепке алу органдарының порталы.