Күтпеген жерден достарыңыз футбол көреміз деп қонаққа келді, бірақ тоңазытқыш бос тұр… Жұмыстан қайтар жолда дүкенге кіруді ұмытып кеттіңіз, ал үйде тамақ пісіруге керек азық-түлік таусылып қалыпты… Осындай кезде, үй маңындағы сауда орнына не супермаркетке барып, керек затты іздеу – уақыт кететін әрі әбігерге салатын шаруа.
Дегенмен қазір түрлі затқа онлайн тапсырыс беріп, оны небәрі 15 минутта алуға болады. Жекелей алғанда, мұндай қызметті Яндекс Go қолданбасындағы Лавка сервисі ұсынады. Қаланың түрлі ауданында орналасқан дарксторлардың көмегімен Лавка қажет дүниені тез жеткізіп береді. Сонда даркстор деген не? Кептеліске толы қалада Лавка тапсырысты қалай жылдам әкеледі? Baribar.kz редакциясы Яндекс Лавканың дарксторында қонақта болды.

Даркстор деген не?
Қазір Алматы, Астана сияқты ірі қалаларда кептеліс көп болатыны сонша, қандай да бір тапсырыс жолда кемінде бір сағатта жүретініне етіміз үйреніп қалды. Дегенмен бұл мәселенің де шешімі бар. Мәселен, Яндекс Лавка қаланың түрлі ауданында орналасқан дарксторларының арқасында азаматтардың тапсырысты орта есеппен, бар болғаны, 15 минутта жеткізіп береді.
Даркстор – Лавка сервисінің түрлі азық-түлікті, өнімді, тауарды, тағамды сақтайтын орны. Тапсырыс та дәл осы жерде жиналады. Бірақ оны супермаркет не дүкенмен салыстыра алмаймыз, себебі жабық жер, кассасы жоқ. Оның ішінде тапсырыс жинақтайтын арнайы қызметкерлер ғана жұмыс істейді, яғни артық адам кіре алмайды.

Тапсырыс қалай жиналады?
Даркстор-қоймалар қаланың әр бұрышында, тұрғын үй мен кеңселерге жақын жерде орналасқан. Сондықтан курьер жолға көп уақыт құртпай, орта есеппен 15 минутта жеткізіп бере алады.
Мәселен, адам Яндекс Лавка арқылы бір затқа онлайн тапсырыс беріп, ақысын төледі делік. Бұл тапсырыс бірден қоймадағы деректер жинайтын терминалға түседі. Оны көрген арнайы қызметкер екі минутта керек заттың бәрін жинап, пакетке салып, сыртына тапсырыс нөмірін жабыстырып, қаптап қояды. Даркстор жүйесі жақын жерде жүрген бос курьерді таңдап, дайын тапсырысты береді. Курьердің смартфонына клиенттің мекенжайы, жол бағыты және ескертуі жіберіледі, бірақ тапсырыс берушінің аты-жөні, нөмірі, нақты не нәрсеге тапсырыс бергені құпия сақталады.
Осы орайда тапсырысты курьер емес, даркстордың ішін, қай сөреде не тұрғанын жақсы білетін қызметкерлер жинайтынын айта кету керек. Оған қоса сөрелерде заттар өте ыңғайлы етіп қойылған. Мәселен, ең көп сұранысқа ие әрі ауыр заттар есікке жақын жерде тұрады. Соның арқасында қызметкер тапсырысты өте жылдам жинап, курьерге табыстай алады.
Айтпақшы, Яндекс Лавка курьерлерге арнайы форма мен жолда тасып жүргенге ыңғайлы, белгілі бір температураны ұстап тұратын изотермалық сөмкені тегін береді екен. Бұл да жұмысты тездетіп, жеңілдетеді.

Қажеттінің бәрі бар: не тапсырыс беруге болады?
Яндекс Лавка дарксторында азық-түлік, жеміс-жидек, дәрі-дәрмек, тәтті бәліштер, дайын тамақтар, гигиена заттары, сусабын, ұстара сияқты күтімге арналған заттар және үйге қажеттің бәрі бар.
Дарксторда әлемдік брендтердің ғана емес, отандық кәсіпкерлердің, шағын фермерлердің өнімдері көптеп сатылады.

Ыстық кофе мен жаңа ғана піскен тағам
Тек дайын өнім мен тіскебасар ғана емес, жаңа піскен тағам мен сусындарға тапсырыс беруге болады. Мәселен, таңертең жол-жөнекей кофеханаға кіріп, кофе алсаңыз, жұмысқа кешігіп қалайын деп тұрсыз. Оның орнына жолда Яндекс Лавка арқылы тапсырыс беріп қойған тиімді. Бариста тапсырысты көре сала, кофеңізді демдеуге кіріседі. Сіз жұмысыңызға жеткенде курьер де ыстық кофеңізді әкеліп тұрады. Уақытты да үнемдейсіз, жұмысқа да кешікпейсіз, сүйікті кофеңізді де ішесіз.
Дәл осылай бургер, наггетс, пицца сияқты тойымды тағамдарға да тапсырыс беруге болады. Өйткені дарксторлардың ас бөлмесі бар және онда арнайы оқытылған аспаздар істейді. Олар тағамды тапсырыс түскен сәтте ғана дайындауға кіріседі, сондықтан оны ыстық әрі жаңа піскен күйінде тұтынуға болады.

Қызметі мен тауары қаншалық сапалы?
Дарксторларда тазалыққа өте қатты мән беріледі. Жоғарыда айтқанымыздай, онда бөгде адамдар, тіпті курьерлер де кіре алмайды. Курьердің өзі тапсырысты есіктің алдынан алып кетеді.
Ал қоймада медицина кітапшасы бар қызметкерлер ғана істейді. Олар барлық тауарды, қойма ішіндегі қауіпсіздік пен тазалық стандарттарын жіті қадағалайды. Даркстордың ішінде арнайы тоңызытқыштар мен мұздатқыштар бар. Әр өнім мен тағам өз температурасында сақталады. Сонымен қатар дарсктор жүйесі әр өнімнің жарамдылық мерзімін бірден қадағалап, күніне кемі екі рет тексеріп отырады.


